
Тәртібі темір Қытай: ШҚО делегациясының көрші елге сапары қалай өтті?
Тарихы тереңде жатқан Қытай еліне жұмыс сапарымен келіп қалдық. Шығыс Қазақстан облысының делегация мүшесі ретінде екі күнді Үрімшіде, бір тәулікті Жеменейде өткіздік. Әуелі қалай жеткенімізді жазайын. Көлікпен «Майқапшағай» кеден бекетіне дейін келіп, ары қарай кедендік тексерістен өттік. Екі ел арасында визасыз режим енгізілгендіктен ұзақ тексеріс болмады (Әйтпесе бұрын қатты қарайтын дейді білетіндер). Қытайдың аумағына кірген соң бізді күтіп тұрған автобусқа жайғастық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жеменейге тез-ақ жеттік. 15-20 минуттай жүрген шығармыз. Сол жерде ауқаттанып алдық та, Үрімшіге жолға шықтық.
Жеменей мен Үрімшінің арасы 650 шақырымнан асады. Былай қарасаң онша алыс емес. Бірақ автобустың жылдамдығына қатысты шектеуге байланысты 8-9 сағаттай жүрдік. Жүргізуші аға қазақ екен. Аз-маз тілдесіп қалдық.
- Автобусқа тек 60-70-пен жүруге болады. Автобанда жылдамдықты 90-ға дейін арттыра аламыз. Жүргізуші әр 4 сағат сайын 20 минут тынығып отыруы керек. Ал түнгі он екіден үшке дейін мүлде жүруге болмайды. Мұндай талаптар жүргізуші шаршап, ұйықтап кетпес үшін енгізілген. Бізге тіпті есінеуге де рұқсат жоқ. Тура маған камера қарап тұр. Егер есінесем айыппұл салынады. Сол үшін ғой, маска киіп отырғаным, - деді ол.
Айтқандай-ақ 4 сағаттан кейін 20 минутқа тоқтадық. Жол бойындағы ғимаратқа қарағанда бірінші сауда үйі дерсің. Сөйтсек, іште әжетхана мен дүкен ғана. Патшалар жаяу баратын жердің іші кең, таза. Суды қолмен емес, аяқпен ағызасың. Гигиеналық тұрғыда бұл да дұрыс. Ал дүкендегі түрлі тауардан көз сүрінеді. Сыртындағы жазуын түсінбегендіктен кейбір заттың не екенін де ұқпадық. Тез пісетін кеспені сатып алып, тегін тұрған қайнаған судан құйып, ғимараттың іші мен сыртындағы қалаған үстелге жайғасып, ішке ел қондырып отырғандарды көрдік. Қандай ыңғайлы. Ыңғайлы дегенде есіме түсті, осы 650 шақырымнан астам жолдың кез келген жерінде ұялы байланыс пен интернет ұстап тұрды. Біздегі сияқты трассаға шыққан адамды жоғалтып алып жатпайды мұнда.
Мимырт жүріспен Үрімшіге де жеттік-ау. Қызыл шамдары жарқыраған жолдың екі бойында еңселі ғимараттар мол. 20-30 қабатты үйлердің сәулеті әралуан. Интернеттен қарасам, бұл жаһан бойынша мұхиттан ең алыс орналасқан ірі қала екен. Құрлықтың қақ ортасына жақын тұрғандықтан оны «Еуразияның жүрегі» деп те атайды. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығын түрлі ұлттар мекен етеді. Өзіміздің қаракөздер де аз емес шығар. Нақты санын интернеттен емес, осындағы білетін адамдардан сұрауды жөн көрдім.
30-ға жуық делегация мүшесін түгелдей шаһардың шуынан жырақта орын тепкен «Xin Jiang Ying Bin Hotel» деген қонақүйге жайғастырды. Негізінен ресми қонақтарды күтуге арналған қонақүйдің сыртындағы саябақ көлемі атшаптырым. Жаз болса жасыл желегі жайқалып, ерекше құлпыратыны сезіліп тұр.
Келесі күні таңертең жиналыс басталды. Біз тұрақтаған қонақүй ішіндегі конференц-залда өз аты-жөніміз жазылған орынға отырдық. Шығыс Қазақстан облысы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының мемлекеттік қызметшілері, кәсіпкерлер мен туризм саласының өкілдері қатысқан шарада электр энергетикасы, өндіріс және туристік бағдарламаларды дамыту бағытындағы бірлескен жобалар талқыланып, түрлі ұсыныстар қаралды.
- Облысымызда туристерді орналастыруға арналған 405 нысан бар. Жыл сайын бізге келетін демалушылар саны артуда. Мәселен, 2025 жылы туристер саны 800 мыңнан асқан. Қазіргі уақытта Президент тапсырмасымен Катонқарағай және Зайсан аудандарында әуежайлардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Қытайлық әуе компаниялар бұл әуежайларға тікелей рейстер ашады деген үміттеміз, - деді ШҚО Туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Чжан Лиин өз сөзінде өңірге былтыр 323 млн-нан астам турист келгенін, бұл көрсеткіштің алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 пайызға артқанын жеткізді.
- Бізде 18 мың түрлі туристік нысан бар. Осындай кездесулер өзара әріптестікті нығайта түсуге жол ашады. Шығыс Қазақстанмен мәдениет және туризм бағыттарында бірлескен жұмысты күшейтуге мүдделіміз, - деді ол.
Содан соң тараптар өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ары қарай сапарымыз Үрімші жылу энергетикалық компаниясына барумен жалғасты. Делегация мүшелеріне кәсіпорынның техникалық мүмкіндіктері таныстырылды.
- Үрімші энергетиктерінің тәжірибесі шығысқазақстандық мамандар үшін пайдалы әрі маңызды. Мені қала бойынша тұрғын үйлердің шатырларына орнатылған, пәтер ішіндегі температураны онлайн режимде тұрақты түрде өлшейтін датчиктер таңғалдырды. Барлық ақпарат бірыңғай базаға түседі, ал ауа температурасы белгіленген нормадан ауытқыған жағдайда, колл-орталық мамандары ақауды жою үшін арнайы топ жібереді, - деді «Шығыс Жылу» АҚ бас директоры Ренат Оразбаев.
Ал осы жолсапар очеркінің авторын талғалдырғаны – компанияның басқару орталығы. Іштегі алпауыт экран құдды бір кинотеатрдағыдай. Компьютерлері, жабдықтары соңғы үлгіде. Қайткенмен технологиясы ең озық елдердің бірі ғой. Бұрын жылу-электр орталығы дегенде көз алдымызға іші құбырға, темір-терсекке толы, шаң басқан жер елестейтін. Осындағы компанияны көргенде бұл ойымыздан бас тарттық.
Бір қызығы, Қытайда орталықтандырылған ыстық су жүйесі жоқ. Әр үй суды жылытатын бойлер сынды қондырғыны өзі орнатады.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Фотосуреттер авторы: Аслан Төлепов
(Жалғасы бар)
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер