
«Тағдыр» талқыланған күн немесе Қабдеш Жұмаділовтің соңғы сұхбаты
Жуықта әдебиет пен тарихты жаны сүйетін жұрт үшін өзгеше шара ұйымдастырылды. А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы талқыланды. Бұл әдеттегі басқосу емес, қатысушылар шығармаларында тарихи фактілер басым қаламгердің өзге де қырларын ашты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Қатігездікті көркем әдебиет әлсіретеді»
Кітапхананың екінші қабатындағы Мәжіліс залы лық толды. Студенттер, тарихшылар, тұрақты оқырмандар һәм әдебиет сүйер қауым талқыны тезірек бастауға асықты. Аздан соң жазушының осы кітапхана қызмпткерлеріне берген сұхбатынан үзінді көрсетілді.
– Қазірдің өзінде қоғамда қылмыс пен қатігездік көбейді. Ал оны әлсірететін дәрі – көркем әдебиет. Мысалы мен Абайды, Шәкәрімді, Пушкинді, Лермонтовты, Қасымды, Мұқағалиді сүйіп оқыған адам қылмыс жасайды деп ойламаймын. Ал қазіргі әдебиетке келсең, шүкіршілік деймін. Мен «Дарабоздың», «Соңғы көштің», «Тағдырдың» материалын сондағы алып империядан алып келдім. 1962 жылы, 25 жылы келдім. Біраз нәрсені қойны-қоншыма толтырып алып келдім. Барлығы он роман, 21 повесть, 70-тен астам көркем әңгіме жаздым. Жалпы, жазушыны сынаймын десең, әңгіме жаз деу керек. Роман да осындай шағын дүниеден басталады, – депті қаламгер соңғы сұхбатында.
Қысқа болса да, ой саларлық сөздер. Әрі қарай марқакөлдік Қатиза Салимова сөз алды. Осы руханият ордасының тұрақты оқырманы әрі ерікті. Егде тартса да, тарау-тарау шығармаларды көкейге тоқып, қазіргі буынмен бөлісуге әзір. Ол әуелі жазушының «Қаздар қайтып барады» әңгімесін оқып, көңілі босап, туған жерге деген сартап сағыныш сезімнің қалай болатынын түйсінгенін айтты. Ал оған дейін жүріп өткен жолы мен түрлі қалтарыс-бұлтарыстан шығуы өз алдына бөлек толғау.
– Биыл ол кісінің туғанына 90 жыл, өмірден қайтқанына 5 жыл. Негізі туған жері Қытай мемлекеті болса да, бала күнінен қазақ елін аңсап өсті. Кейін шекара асып, қатарына қосылып, әдебиетті биік шыңға көтерген жазушыға айналды. Ал «Қаздар қайтып барады» әңгімесін оқыған соң аядай жерде жүріп, туған жерге деген тартылыс күшін шын сездім. 60 жылдай Қытайда тұрып, тауқымет көрсе де, Қазақстанға жету үшін 70-ке аяқ басқанда немересін ертіп, Тарбағатайдың Маңырақ тауын бетке алды. Бері өту үшін үш күн, үш түн немересімен бірге қалың жыңғыл арасымен өтіп, қиыншылықты көре отырып, Зайсанның шетіне келеді, – деді ол.
Шәуешек келісімнен кейінгі шиеленіс
Егде жастағы еріктінің айтуынша, «Дарабоз» – дара шығарма. Одан кейінгісі – «Тағдыр» романы. Ол сөз арасында Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын мысал етіп, шығарма шеңбері қазақ даласындағы 50 жылдық оқиғанын жеткізді. Ал «Тағдыр» романы 1887 жылдан 1917 жыл аралығында Қытай жеріндегі қазақ тағдырын суреттеген. Қатиза Салимова әуелі бірден күрделі шығарма деп, бірақ сөздік қорды толықтыруға, одан қалса, әдебиетшілерге қазіргі қолданыста айтылмайтын сөздерді жекелей сараптап шығуға болатындығына қолқа салды. Шығарманың сюжеттік-композициялық тұтастығын дәнекерлеп тұрған негізгі арна – Демежан, сонымен бірге оның қиянатшыл Маншың өкіметінің зорлығына қарсы күресі. Демежан төңкеріс жасап, көтеріліске шықпаса да, әділетсіздікпен күресудің өзге амалын таңдаған. Ол халқының ауызбіршілігін, елдігін сақтап қалу жолында тер төгеді. Романдағы Демежан характерінің қалыптасуын көрсететін әлеуметтік даулар толып жатыр. Солардың қай-қайсысы болсын басты кейіпкер образын толықтыра түседі.
– Демежан бастаған топ қиналған халыққа тоған ашып, астық алады. Біраз қорланады. Бұл Шихалдай деген сияқты қытайларға ұнамады. Қазақтардың үстінен үнемі арыз жазып отырды. Демежан осылардың басында үлкен көсем болып қала береді. Уақыт өтіп, бір кездегі достық сезімі буалдыр тарта бастайды. Қазақта «Жарымай жүріп, жетілген жаман» деген сөз бар. Бір кезде өзі көмек берген адамдар Демежанға қарсы шығып, қарым-қатынасқа сызат түседі. Жалпы, XX ғасыр қазақ халқы үшін ең бір наубет кезең еді. 1905 жылы Ресейде бірінші орыс революциясы, 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс болды. Осының бәрі шығарма желісіне сәйкес, Іледегі қазақтарға да әсер етті, – деді марқакөлдік оқырман.
Ол ары қарай Демежанның атақты ақын Әріп Тәңірбергеновпен кездескенін, қазақтың суырыпсалма ақыны, әнші Әсет Найманбаев туралы да біршама мәлімет оқығанын сөз етті.
Сәлден соң Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатындағы тарих пәні мұғалімі Талғар Ерболат өз көзқарасымен «Тағдырды» талқылады. Айтуынша, романда төрт тараудың өзін төрт тағдыр ретінде қараған орынды. Бір жігіттің басына қонған бақ та, сор да қаз-қалпы суреттелген.
– Өзім тарихшы болғандықтан, алдымен сол кезеңге қысқаша шолу жасай кеткен жөн болар. 1881 жылы Петербург келісімі, артынша Шәуешек келісімі болады. Сол 84-ші жылы шекараны бөлгенде көшпелі өмірге үйренген қазақ халқы қытайлықтар арасында қалып қойды. Ал Қытай елі отырықшылыққа үйренген жұрт. Демежанның иығына түскен жүк сол, маңайындағы халықты толық көшпеліліктен отырықшы қауыммен сіңістіріп, жаңа бір кәсіпке, тірлікке үйрету. Қазіргі заманды мысал етсек, шенді, қолында билігі бар адамдар сол Демежандай рухты болуға ұмтылса дейміз. Бұл кеңес жастар үшін де өзекті, – деді ол.
«Үйінде интервью бермейді»
Жас тарихшы жазушының Демежанмен оның жары Бибі арасындағы пәк махаббатты көпке адалдықтың ақ туы ретінде көрсеткенін атап өтті. Яғни құрсақ көтере алмаған Бибі арқа сүйер адамына басқа жар алып, мұрагер сүюіне тілекші болған. Ең әуелі Демежандай тұлғалы, өжет азаматтың ұрпақсыз өтуін кемшілік санап, өз мүддесін ел мүддесінен биіктетпегенін бөле-жара айтты. Сосын «Тағдыр» романын салған жерде көкірек көзімен ұғыну қиын екенін, бірнеше қайтара зер салған соң көңілге жеңіл тоқылатынын жеткізді.
– Бұл 1988 жылы шыққан роман. 1990 жылдары мемлекеттік сыйлыққа ұсынылады. Бірақ осы роман КСРО тарамай тұрған кезде шығарма авторының соңына НКВД адамдары түседі. Қайта «Тағдыр» баспаханадан шығып үлгерді. КСРО құламаған жағдайда, қазіргі талқылау болмас еді. Себебі, онда біршама тарихи факті бар, – деді Талғар Ерболат.
Ой ағыны үсті-үстіне төгіле түсті. Осы аралықта облыстық кітапханадағы оқу залының меңгерушісі Бақытгүл Қалиевамен аз-кем әңгімелестік. Мамандығы – тарихшы. Ол кісі бес жыл бұрын келместің кемесіне мінген Қабдеш Жұмаділовтен сұхбат алған болатын. Алматыға барып. Арнайы. Жанында тағы екі кітапханашы бар. Бұған тоқталмас бұрын әдеби талқы қалай ұйымдастырылғанын қысқаша қамти кетейік.
– Біздің кітапханада тарихшылар көп жұмыс істейді. Ол бір жағынан жақсы. Себебі, «Тағдыр» секілді күрделі романды сондай мамандар алып шыға алады. Екіншіден, жан-тәніңмен көпшілікке түсіндіріп беру үшін тарихшы болуың керек. Осы мамандық иелері өзара кеңесіп, шығарманы халыққа айтуды жөн көрдік, – деді Бақытгүл Төбиқызы.
Ал бес жыл бұрын ол «Тағдыр» романының авторымен жүзбе-жүз жолыққан. Ол кезде Covid деген кесел көп дүниеге кедергі еді.
– Сонда ағамыздан ең соңғы сұхбат алған біз екенбіз. Бас-аяғы үш сағат. Оны біз кітапханамыздың Ютуб арнасына жүктеп қойғанбыз. Негізі үйінде интервью бермейді. Біз тарбағатайлық Нұрдәулет Ақыш деген жазушы ағамызды араға салып, орайын таптық. Бір жағынан індет өршіп тұрған, адам қабылдамайды. Ол кісіден «Дарабоз» кітабына қолтаңбасын қойдырып алып, Өскеменге жеткенде, «өмірден өтті» деген суыт хабар естідік, – деді ол.
Өмір сағаты сол кезде тоқтаған екен. Дегенмен сол сапарды Бақытгүл Төбиқызы сәтті қадамға балап, әріптестерімен атқарған жұмысты мақтаныш санайтынын айтты. Шоқтығы биік қаламгерден тұңғыш алғат сұхбаты да сол болса керек. Сонда «Қабдеш Жұмаділовтен интервью алу үшін қандай дайындық жүргіздіңіздер?» деген заңды сауал туындады.
– Кітапханашылар, өздеріңіз білесіздер, еңбекақымыз көп емес, өз қалтамызға иек артып, үш кітапханашы жолға шықтық. Қолымызда камера, ноутбук және басқа да керек-жарағымыз бар. Алдымен Жазушылар одағына бардық. Ондағы төраға – зайсандық ақын, Ұлықбек Есдәулет. «Қарындастарым келіп қалыпты» деп, бізге 2-3 кабинетті босатып берді. Алдын-ала келісіп, шығысқазақстандық қаламгерлермен сұхбат жазып алдық. Содан Қабдеш ағаны шақырайық десек, ол кісі біраз шаршап тұр, ыңғайы келмейді дегенді естідік. Ортаға Нұрдаулет Ақыш ағамызды салдық. «Аға, Шығыстан қарындастарыңыз келіп тұр. Сізден интервью алмай қатпаймыз деп отыр» деп келісімін алды ақыры, – деді оқу залының меңгерушісі.
«Тағдыр» тағы бір әдеби сыйлыққа лайық па?
2021 жылдың наурызында, шығысқазақстандық кітапханашылар жазушының үйіне барғанда Қабдеш Жұмаділов тың болған. Бұрынырақта Жазушылар одағынан бұйырған ескілеу үйде тұрып жатты. Түс ауа барып, тура үш сағат әңгімелескен.
– Кітапханашылардың ерлігі сол, «мизерный» жалақымен, ала дорбамызды арқалап, әр жерден кітап жинап қайтамыз. Ешкім өздігінен кітап бермейді. Қабдеш Жұмаділовтің үлкен ұлы заңгер екен. Авторлығы бар кітаптарды сол кісімен келісіп, сатып алдық. Балкон толы кітаптар. Қолтаңбасын қойдырып, қоштасып жатқанда ағамыз жылармандай болып, қимай шығарып салды. «Covid кезінде кітапханашылар үйге келіп, сұхбат алып жүр дегенді бірінші рет естідім» дегені бар. Өзіміз сұранып барған едік. Бір айтқым келетіні, Қабдеш ағамыз өте қарапайым, эмоцияшыл адам екен. Сұхбат беріп жатып, орынан бірнеше рет тұрып кеткені бар. Аға, микрофон бар, көп қозғалмаңыз деп сабырға шақырып отырдық, – деді Бибігүл Қалиева.
Кітапханашы қаламгердің патроттығын айрықша атап өтті.
– Жүрегі елім деп соққан адам ғана осындай шығармалар жаза алатын шығар. Қытай тілін біліп, сонда кіріптар болып, қысымға ұшырап, көрген-білгенін шығармасы арқылы жеткізді. Меніңше, «Тағдыр» үшін тағы бір әдеби сыйлықты берсе де, артық етпес еді, – деп қорытты Бақытгүл Төбиқызы.
Ал роман талқысы әрі қарай жалғасып жатты. Жас оқырмандар жүзінен Қабдеш Жұмаділов шығармаларына деген махаббат пен ынта сезілді. Ұйымдастырушылар осындай әдеби жиындар жиі өткізіліп тұруы оқырманның кітап оқуға деген ниетін жоғалтып алмаудың қамы екенін айтты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Пікірлер