A+ A A-

talgatzhan 67 Бүгін, 14:25 0

Қараусыз ит-мысық Өскемен тұрғындарына ортақ мәселе

Бүгін / ШҚО / Өскемен

Өскеменнің әр ауданынан бұралқы иттер қаптап жүргені туралы хабар қаңтар туғалы күрт жиіледі. Сабақтан қайтқан баласына алаңдаған ата-ана дабыл қағып, тиісті мекеме өкілдері мен қала басшылығы іске араласуын өтінді. Оның ішінде шағым жиілеген бірнеше көшені бөле-жара атап өтуге болады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Басшылық бөліскен мәлімет

Жыл басталғалы қаладағы Жібек маталар комбинаты ықшамауданы, Буров көшесі, Уалиев көшесі және Ахмер кентінде қаптаған иттің бейнежазбалары көп таралды. Осы жағын алдымен облыстық Ветеринария басқармасы басшылығынан біліп көрдік. Соған сенсек, өңірге қарасты ауылдардағы жағдай тұрақты. Ал Өскеменде өршіп тұр. Ақпан айы аяқталмай тұрып, қалада ит қабудың 108 дерегі тіркеліпті. Мамандар мәліметінше, 2026 жылдың ақпан айынан қаңғырған жануарларды аулаумен қаладағы «Досым-Өскемен» жеке кәсіпкерлігі (Скосарева Е.) айналысып келеді. Аулау жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптарына сай, қатігездікті айналып өтіп, жүргізілетін көрінеді. Әр ауланған жануар міндетті түрде ветеринариялық тексеруден өткізіліп, кейінгі жағдайына бақылау жасалады. Ал стерильдеу шаралары орындаушының өз қаражаты есебінен атқарылады. Ауланған ит пен мысықтарды уақытша орналастырып, ветеринариялық бақылаудан өткізуге арналған орындар беріледі.
Жалпы облыс аумағында жануарларды уақытша ұстауға арналған 11 пункт пен тоғыз баспана жұмыс істейді. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына енгізілген өзгерістерге (9-баптың 1-1 және 1-2-тармақтары) сәйкес, 2026 жылғы 17 қаңтардан бастап қаңғырған иттер мен мысықтарды аулау, күтіп-ұстау және олардың санын реттеу функциялары қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарына жүктелген. 

Қараусыз жануарларға чип салына ма?

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, өңірде қаңғырған ит қапқан жайттар жиілеп келеді.
– Жыл басынан бері иттердің ересек адамдарды тістеу жағдайлары 178-ден 192-ге көбейді. Барлық жағдайда тұрғындар ауырлығы орташа жарақат алды. Ересектерді қауып алу азайғанмен, балалар бұралқы иттен көп зардап шегіп жүр, – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова.
Ал «Досым-Өскемен» жануарларды уақытша ұстайтын панажай иесі Елена Скосарева 2023 жылдан бері барлық үй жануарына чип салынуы қажет болғандығын айтты. Бірақ бұған қатысты тиісті жұмыс атқарылмапты.
– Біздегі атқамінерлерге бұл қызық емес. Ит қожайыны тексеріліп, жануар тіркеуде тұрса, бұлай ушықпас еді жағдай. Итті өздігінен серуендеткен адамға ешкім айыппұл салмайды, – деді ол.
Ветеринария басқармасы мәліметінше, жоғарыда жазылған Жібек маталар комбинаты маңы (Есенберлин, Әл-Фараби, Сәтбаев, Қазыбек би даңғылдары мен Жібек жолы, Уалиев көшелері), сондай-ақ 19-шағын аудан, Согра және Аблакетка аудандары иесіз ит көп мекен ететін жер ретінде көрсетілген. Мамандар пікірінше, қаңғырған жануарлар саны артуының негізгі себептердің бірі – үй иелерінің жауапсыздығы. Иттерді қараусыз жіберу жағдайды күрделендіріп отырған көрінеді. Басқармаға жіберген сұраухат жауабында өңірде иттерді аулауға жауапты мамандар саны жеткілікті екені көрсетілген. 
Бұған дейін Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Дулат Қажанов биылға облыс бойынша қаңғырған ит-мысықты аулап, эвтаназиялауға 36 млн теңге бөлінгенін мәлімдеген болатын. Қала әкімі Алмат Ақышов мүмкіндігінше заң мен халық қалауы арасындағы теңдікті сақтап, тиісті шаралар қабылдануын орынды санады.

Асыл АЙТБАЕВ
Фото: gov.kz

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив