Бүгін Жаңа Ахмер кентіндегі 27 943 әскери бөлімінде сайыстың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауқымды іс-шараға өңірдің 2 қаласы мен 11 ауданынан 130-дан астам адам қатысуда. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңызын атап өтті.
- Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында бұл сайыс ерекше мәнге ие. Биыл жиынға өңірдің ең үздік 13 командасы қатысып отыр. Бұл — жастарымыздың белсенділігі мен отансүйгіштік қасиетінің айқын көрінісі. Мемлекет басшысы жастар тәрбиесіне әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Сондықтан мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Сіздер — тек жарыс қатысушылары ғана емес, еліміздің болашағысыздар, - деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Сайыс 7 кезеңнен тұрады. Қатысушылар автоматты жинау және бөлшектеу, турникке тартылу, денені жатып көтеру, эстафета, мылтықтан ату және химиялық қорғаныс элементтері бойынша бақ сынасады.
- Жарыстың басты мақсаты — жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені дамыту, әскери қызметті насихаттау және ҚР Қарулы Күштерінің беделін арттыру. Биыл облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен жүлде қоры 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Жеңімпаз команда маусым айында Ақмола облысында өтетін республикалық кезеңде өңір намысын қорғайтын болады, - деді ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбекұлы.
«Айбын» әскери-патриоттық жиыны осымен 11-ші жыл қатарынан өткізіліп келеді. ШҚО «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы Дәурен Шоматовтың айтуынша, бұл сайыс іріктеу кезеңі саналады.
- Жеңімпаз команда республикалық және халықаралық деңгейде өнер көрсетеді. Әр отптың құрамында 7 ұл және 3 қыз бар. Барлығы да жоғары дайындықтан өткен. Бұған дейін екі жыл қатарынан Алтай ауданы жеңімпаз атанды. Биыл нақты фаворитті атау қиын, себебі барлық барлығы мықты, - деді Дәурен Шоматов.
Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша, 3 орын алған командаға 200 000 теңге, 2 орын үшін 300 000 теңге, ал 1 орынға ие болған топқа 500 000 теңге беріледі.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер