Қазақстанда мемлекеттік қызметтер үшін қолма-қол ақшамен төлеу мүмкіндігі сақталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, елімізде қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі жоғары. Азаматтар мемлекеттік қызметтерге eGov порталы, сондай-ақ банк қосымшалары арқылы төлем жасай алады. Кейбір қызмет көрсету орындарында QR-код арқылы төлеу мүмкіндігі де қарастырылған.
- Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдердің деңгейі басқа елдермен салыстырғанда жоғары. Ұлттық банкпен бірлесіп, қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыру үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр, – деді Әсет Тұрысов.
Вице-министрдің сөзінше, мемлекеттік қызметтер үшін төлемдер бюджетке электронды түрде түседі. Азаматтар eGov порталы арқылы банк картасымен немесе банк қосымшаларының көмегімен төлей алады. Сонымен қатар Kaspi және Halyk қосымшалары арқылы салықтарды төлеуге де мүмкіндік бар.
Алайда мемлекеттік қызметтер үшін қолма-қол ақшамен есеп айырысудан толық бас тарту мәселесіне қатысты нақты жоспар жоқ.
- Азаматтардың қолма-қол ақшаны пайдалану құқығы сақталуы керек. Мәселен, кейбір ауылдық жерлерде тұрғындардың барлығында бірдей банк картасы болмауы немесе электронды төлем жасау мүмкіндігі шектеулі болуы ықтимал. Сондықтан оларда қолма-қол ақшамен төлеу мүмкіндігі қалуы тиіс, – деді ол.
Әсет Тұрысов бұл мәселе төлем жүйелері мен банкаралық есеп айырысуды үйлестіретін Ұлттық банктің құзыретіне де қатысты екенін атап өтті.
Пікірлер