A+ A A-

talgatzhan 56 Бүгін, 12:00 0

Қазақстанда әрбір үшінші адам мамандық бойынша жұмыс істемейді

Бүгін / Республика

Жұмыссыз жастардың бір бөлігі «диплом бар, бірақ жұмыс жоқ» деп шағымданса, жұмыс берушілер «жұмыс бар, лайықты маман табылмайды» дейді. Қоғамда қалыптасқан осы парадокстың себебін профориентолог Құралай Мекембаева түсіндірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап. 

- Елімізде әрбір үшінші адам мамандық бойынша жұмыс істемейді. 16-17 жасында жастар қателесіп жатады. Себебі жастар бірінші орынға грантпен білім алуды қояды. Кейін жүрек қалауымен таңдамаған мамандық болғасын шаштараз, бет әрлеу саласына кетеді, - деді профориентолог Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.

Осының әсерінен соңғы жылдары ата-аналар кәсіби бағдар мәселесіне көбірек мән бере бастаған. Әсіресе, өз өмірлік тәжірибесінен сабақ алған орта буын баласының болашағына ертерек инвестиция салуға ұмтылады.

- 40-50 жастағы ата-аналар мәселеге мән бере бастады. Себебі кезінде өздерінің дипломы бір басқа, өзі басқа салада еңбек еткен, - деді спикер.

Сонымен қатар еңбек нарығы үнемі өзгеріс үстінде. Жаңа мамандықтар пайда болып, кей салаларға сұраныс артып келеді. Сондықтан адам өз қабілеті мен жеке ерекшеліктеріне сай бағыт таңдауы маңызды.

Бүгінде жастар ғана емес, орта жастағы азаматтар да мамандығын ауыстыру жайын жиі ойлайтыны жасырын емес.

- 40 жастағы адамдар өзгерістен қорқып жатады. Ұнамайтын жұмыста жүре береді. Энергиясы таусылады. Алайда, одан қорықпау керек. Ешқашан кеш емес, - дейді спикер.

Маманның пікірінше, қазіргі таңда жарнама, маркетинг және ІТ салалары сұранысқа ие. Сондықтан еңбек нарығында табысқа жету үшін дипломнан бұрын икемділік, дағды және дұрыс таңдау маңызды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив