Білім додасына елдің түкпір-түкпірінен 200-ден астам дарынды оқушы қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Қанипа Бітібаева – КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Оның іс-тәжірибесі туралы бірнеше оқу фильмдері түсірілген.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген Қанипа Бітібаеваның әлемдік деңгейдегі ұстаз екенін атап өтті.
– Қанипа Омарғалиқызы – ұлт ұстазы. Оның әдістемелері тек Қазақстанда ғана емес, Мәскеу, АҚШ, Моңғолия сияқты елдерде де мойындалған. Олимпиадаға алыс өңірлерден келген оқушылар мен ұстаздарға алғысымды білдіремін. Білімді, терең ойлы ұстаздар мен шәкірттер көбейе берсін, – деді Мұхтар Әділбекұлы.
Олимпиаданың марапаттау салтанатында Қазақстан-Американдық еркін университетінің ректоры, академик Ережеп Мәмбетқазиев оқушылардың ерекше дайындығын атап өтіп, ризашылығын білдірді.
– Қазақта «Қадірсіз болсаң, еліңе өкпелеме» деген сөз бар. Сондықтан әрдайым білімді де қадірлі болыңыздар, - деді ол.
Олимпиада қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен оқушыларға елдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының білім гранттары табыс етілді. Облыс атынан қатысқан Аружан Секенова ҚАЕУ грантын иеленді. Сондай-ақ Ұлпан Айдынқызы мен Айназ Мырзабек С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың білім грантын жеңіп алды.
Айта кетейік, республикалық олимпиада дарынды оқушыларды қолдау, қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылықты арттыру және ұлттық білім беру дәстүрлерін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.
Пікірлер