A+ A A-

talgatzhan 11 Бүгін, 10:10 0

Білімді басшы, абыройлы азамат

Бүгін / Өзге

Қай дәуірде де ел тағдырына бейжай қарамай, халықтың сенімін ақтап, туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтар қоғамның тірегіне айналады. Осындай ел игілігі жолында өлшеусіз үлес қосқандардың бірі, бірегейі Ділдәбек Оразбаев. Оның өміріндегі еңбек жолы туған еліне, жеріне арналды. Ұзақ жылдар басшылық қызметте болған азамат бүгінде бейнеттің зейнетін көріп жүр.

Ділдәбек Тәжібайұлы оңтүстікте туғанымен, Шығыс деп шырылдады, еңбектенді, зейнетке де осы өңірден шықты. Алтай мен Тарбағатайдың арасы батырлар мен би-шешендердің, парасатты тұлғалардың мекені. Бұл өңірде халықтың сеніміне ие болу оңай емес. Себебі, жердің қырын, елдің тілін таба білген, халықтың мұң-мұқтажын түсінген азамат қана ел басқару ісінде абыройлы бола алады. Осындай талаптың үдесінен шыққан Ділдәбек Тәжібайұлы Шығыс Қазақстан өңіріндегі бірнеше ауданның әкімі болып, ел дамуына сүбелі үлес қосты.
Еңбек жолында ол тек әкімшілік қызмет атқарып қана қойған жоқ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, көптеген игі бастамалардың жүзеге асуына ықпал етті. Әсіресе ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, білім мен мәдениет салаларының дамуына ерекше көңіл бөлді. Оның басшылық еткен жылдары көптеген аудандарда жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, мәдениет үйлері жаңартылып, ауылдардың келбеті көркейе түсті.
Ділдәбек Тәжібайұлының қызметіндегі ерекше кезеңдердің бірі Тарбағатай ауданына әкім болып тағайындалған тұс. Сол жылдары ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі тірегі екенін жақсы түсінген басшы агроөнеркәсіп саласын дамытуға ерекше назар аударды. Мал шаруашылығын өркендету, егіншілік мәдениетін дамыту, жем-шөп базасын нығайту сияқты маңызды бағыттарды жүйелі түрде қолға алды. Бұл бастамалардың нәтижесінде аудан экономикасы жанданып, ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейі біршама жақсарды.
Тарбағатайдың тақыр даласында егін егу мүмкін емес деген пікірлерді жоққа шығарып, жердің әлеуетін тиімді пайдаланудың нақты үлгісін көрсетті. Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартылып, жаңа жобалар жүзеге асырыла бастады. Нәтижесінде егістік көлемі ұлғайып, мал азығы жеткілікті деңгейде дайындалатын болды. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің артуына және халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осындай істер арқылы ел игілігін басты орынға қойған басшының еңбегі айқын көрінеді. Халық даналығында айтылғандай, «Ел мүддесін ойлаған адам – елдің тірегі».
Ділдәбек Оразбаев тек экономикалық мәселелермен шектеліп қалған жоқ. Ол ауылдардың көркеюіне, халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына ерекше көңіл бөлді. Ақсуат ауылында жолдар жөнделіп, көшелерге жарық шамдары орнатылып, жаңа демалыс орындары мен саябақтар ашылды. «Ана мен бала» саябағының ашылуы тұрғындар үшін ерекше қуанышты жаңалық болды. Сонымен қатар жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасау мақсатында футбол алаңдары салынып, спорттық шаралар ұйымдастырылды.
Жергілікті халықтың есінде қалған игі істердің бірі – әйгілі емші Ырғызбай Досқанаұлының кесенесін жаңғырту жұмыстары. Бұл тарихи-рухани орынның жаңартылуы өңірдің туристік әлеуетін арттырып, киелі мекендердің қатарында танылуына ықпал етті. Бүгінде бұл жерге еліміздің әр түкпірінен және шетелден келетін туристердің саны артып отыр.
Сонымен бірге ол ұлттық руханият пен мәдениетті дамытуға да ерекше мән берді. Ақсуат өңірінде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан ақындар айтысы мен ұлттық спорт түрлерінің дамуына қолдау көрсетіп, қазақ күресі турнирінің халықаралық деңгейге шығуына ықпал етті. Бұл шаралар тек спорттық немесе мәдени оқиға ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызды алаңына айналды.
Ділдәбек Тәжібайұлының тағы бір маңызды бастамасы – жастарды қолдау мәселесі болды. Жас мамандарды ауылға тарту мақсатында жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттермен кездесулер ұйымдастырып, оларға арнайы стипендиялар тағайындады. Мұндай қолдау ауылдағы кадр тапшылығын азайтып, білімді жастардың туған өңіріне оралуына ықпал етті.
Оның өмір жолы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетімен де тығыз байланысты. Облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясын басқарған кезде университет студенттеріне дәріс оқып, болашақ мамандарды даярлауға үлес қосты. Сонымен қатар оқу орнының түлектеріне диплом табыстау рәсімдеріне қатысып, жастарға ақ жол тілеп отырған сәттері көпшіліктің есінде сақталып қалды.
Осындай қызметтері арқылы ол тек басқарушы ғана емес, жастарға бағыт-бағдар беретін тәлімгер тұлға ретінде де танылды. Студенттер мен жас мамандар үшін оның еңбекқорлығы мен жауапкершілігі үлкен үлгі болды.
Айта кетейік, Ділдәбек Тәжібайұлы 1961 жылы 8 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданының Қасқасу ауылында дүниеге келген. 1988 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Алматы экономикалық университетінде қаржы мамандығы бойынша білім алды. Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап, кәсіби білімі мен тәжірибесін ел игілігіне арнады.
Өмірінің басым бөлігін мемлекеттік қызметке арнап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азамат бүгінде зейнеткерлік демалысқа шықты. 

Қазақ халқы елдік пен ерлікті, адал қызмет пен жауапкершілікті әрдайым жоғары бағалаған. Осы орайда батыр тұлға Бауыржан Момышұлы айтқан: «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет» деген нақыл сөздің мәні ерекше. Осындай ұстанымды өмірлік мұрат еткен азаматтардың еңбегі ел игілігімен өлшеніп, олардың есімі халық жадында мәңгі сақталады.
Сондықтан да Ділдәбек Тәжібайұлына мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, оның ел игілігі жолындағы адал еңбегі мен өнегелі өмір жолы туған өлкенің дамуына қызмет етіп, кейінгі буынға үлгі болып қала беретініне сенім білдіреміз.

Мұхтар Төлеген
С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив