A+ A A-

talgatzhan 31 Кеше, 11:50 0

Ардагерлер азайып барасыңдар…

Бүгін / ШҚО

1944 жылдың көктемінде Одақ әскерлері неміс шабуылын айтарлықтай тойтарып, ойран сала бастағанда қар күрт еріп, жер беті бір апта ішінде жалаңаштанып шыға келді деседі деректерде. Сәуір айы болса керек. Шығысқазақстандық сарбаздар да түрлі майдан шебінде күйрете соққы беру қамымен жүр. Азаматтармен қатар, мылтығын асынған нәзік жандылар да атойлады. Биыл Ұлы Жеңіске 81 жыл толып отыр. Былтыр мерейлі дата кезінде республика көлемінде ардагерлер саны әлдеқайда көп болатын. Шығыс Қазақстанда 12 еді, қазір қалғаны – алтау. Редакция тілшісі солар жөнінде анықтама беруді жөн көрді. Ресми ақпаратпен облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы өкілдері бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Михаил Головатюк

1927 жылдың 15 қазанында Иркутск (Ресей) облысының Кутулин ауылында туған. 1943 жылы небәрі 16 жасында еңбек армиясына шақырылып, Иркутск қаласынан Байкал көліне дейінгі теміржол құрылысында еңбек етті. Жасөспірім шағынан ауыр еңбекке белсене араласып, тылдағы маңызды стратегиялық нысанның салынуына өз үлесін қосты.

1944 жылдың қараша айында Қызыл армия қатарына шақырылып, майданға аттанды. Әскери қызмет барысында 579-атқыштар полкі құрамында автоматшы ретінде қызмет атқарып, Жапонияға қарсы айқастарға қатысты.

 

Александра Саратовцева

1925 жылдың 12 қазанында Пенза облысына (Ресей) қарасты Иссин ауданында, Николавека ауылында дүниеге келген. Соғыс жылдарында құрылыс бригадасында еңбек етіп, көпірлер салуға қатысты. Майдан шебіне жақын жерде жұмыс істей жүріп, жауынгерлердің алға жылжуына қажетті өткелдерді уақтылы тұрғызуға сүбелі үлес қосты. Әсіресе Днепр өзені арқылы салынған көпір құрылысына қатысып, маңызды стратегиялық міндеттерді орындады.

Жеңіс күнін Новы-Сонч қаласында (Польша) қарсы алды.

 

Макар Харин

1926 жылғы 10 тамызда Алтай өлкесіне қарасты Маралиха ауылында өмірге келген.

1943 жылдың қараша айында әскер қатарына шақырылып, Новосибирск облысының Бердск қаласына жіберілді. Мұнда атқыш мамандығы бойынша арнайы курстық дайындықтан өтті. Оқу аяқталған соң майданға аттанып, Эстония аумағында минометші және атқыш ретінде әскери қызмет атқарды.

Макар Харин 1943 жылдың қараша айында Латвия жерінде ауыр жараланды. Сол жақ иығын оқ тесіп өтіп, жағдайы күрт нашарлайды. Осыған байланысты Ленинград қаласындағы госпитальға емделуге жіберілді. 1944 жылдың шілде айында Ұлы Отан соғысының II топтағы мүгедегі ретінде әскер қатарынан босатылды.

 

Анастасия Светочева

Шығыс Қазақстанның тумасы. 1922 жылғы 11 қарашада Күршім ауданына қарасты Буденовка ауылында дүние есігін ашты.

1942 жылдың мамыр айында Октябрь әскери комиссариаты арқылы Кеңес армиясы қатарына шақырылды. Әскери қызметін Ленинград қаласында орналасқан 26-шы жеке Қызыл Ту байланыс полкінде атқарды.

Ленинград қаласын қорғау және Ленинград блокадасын бұзу жолындағы ұрыстарға қатысып, байланысшы ретінде ұрыс даласында маңызды міндеттерді орындады. Соғыс жылдарында бомбалау мен артиллериялық атқылаулардың салдарын жою жұмыстарына қатысып, зардап шеккен нысандарды қалпына келтіруге атсалысты. Сонымен қатар, жараланғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, олардың өмірін сақтап қалуға үлес қосты.

Соғыстан бітіп, жеңіс ұраны естілгелі Өскеменде тұрып жатыр.


Павел Стрехо

1926 жылғы 23 ақпанда Марқакөл ауданына қарасты Рождественка ауылында дүниеге келген.

1943 жылдың қараша айында Аягөз қаласындағы кіші командирлер мектебіне әскер қатарына шақырылып, әскери дайындықтан өтті.

1944 жылдың күзінде 3-Белорус майданы құрамына жіберіліп, жаяу әскер бөлімінде кіші сержант ретінде қызмет атқарды. Сол жылдың күзіндегі кескіліскен ұрыстар кезінде аяғынан жарақат алды. 1944 жылдың соңына дейін майдан шебінде қызметін жалғастырып, 1945 жылы Кёнигсбергті азат ету операциясына қатысты. Соғыстан кейін әскери бөлім Қиыр Шығысқа ауыстырылып, ол Жапония, Қытай, Моңғолия аумақтарында және Порт-Артур қаласындағы шайқастарға қатысты.

1950 жылы әскер қатарынан босады.

 

Иван Шевцов

1926 жылғы 1 қазанда Алтай өлкесінде өмірге келген. Нақтысында, Петровал ауданындағы Антоновка ауылында кіндік қаны тамды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында 1-Украина майданы құрамындағы 3-танк армиясында әскери қызмет атқарып, майдан шебінде түрлі шайқасқа қатысты.

Жауынгерлік ерлігі мен әскери қызметі үшін мерейтойлық марапаттармен және Гвардия белгісімен марапатталған. Еңбек жолында «Еңбек ардагері» атағына ие болып, В.Лениннің 100 жылдығына арналған медальмен және «Казэлектромонтаж» ұйымының 40 жылдығына арналған Құрмет грамотасымен марапатталған. Әскери атағы – капитан.

 

***

 

Ресми ақпаратқа сәйкес, биыл өңірдегі барлық соғыс ардагеріне 5 млн теңгеден беріледі. Өткен жылы да солай болған. Былтыр олардың саны 12 болған. Бір жыл ішінде Құрмат Рахимов, Василий Рудометов, Евгений Волощенко, Зәкен Құрманқожанов, Матвей Шикунов және Павел Альбоха сынды батырларымыздан айырылдық.

Қазақстанда барлығы 57 ҰОС ардагері қалды. Оның 43-і – соғысқа қатысқандар, 14-і – соғыс жылдарында жарақат алып, мүгедек болған ардагерлер.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, соғыс ардагерлерінің көбі Алматыда тұрады – 14 ардагер.

Шығыс, Батыс Қазақстан және Қарағанды облысында – 6 ардагерден қалды.

Алматы, Қостанай және Павлодар облысында – 4 ардагерден,

Жамбыл мен Түркістан облысында – 3 ардагерден тұрады.

Ал Абай, Жетісу, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облысы және Астана қаласында – жалғыз ардагерден тұрады.


Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив