A+ A A-

talgatzhan 35 Кеше, 12:20 0

Қайныш Ошаева – Көкжыра ауылындағы жалғыз тыл ардагері

Бүгін / Самар / Сұхбат

Адамның жасы ұлғая келе жақсы-жаманды жазбай танитыны бір бөлек, оның сыртында әлгі көрген-білгенді, оқыған-тоқығанды ақыл таразысына тартып, өз ізіңді өкшелеп келе жатқан кейінгілердің әр ісіне талғам пен талап терезесінен қарағыш, жылт еткен жақсы дүниені көрсе шын қуанғыш болады екен. Тыл тауқыметін тартқан Көкжыра ауылының тумасы Қайныш Ошаева да тоқсаннан асып, кіндік қаны тамған ауыл тіршілігін аулада отырып, мейірлене тамашалап отыратыны бар. Уақыт өтіндегі замана Самар ауданына қарасты елдімекендегі барлық соғыс және тыл ардагерін тегіс бақиға аттандырған. Қайныш Сағадиқызы солардың соңғы сарқыты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Өгіз жетектеген жылдар

41-дің маусымында басталған қырғын кезінде колхоз, совхоз жұмысынан бас алмағандардың жасы қазір 90-нан асып кеткен. Арысы ғасыр жасады. Елдімекен, ауылдық округтерде кейде кезіктірмей қалуымыз да мүмкін. Сыз бен суық, аштық пен ауыр жұмыс өзінікін алмай қоймайды, көбінің жүзіндегі нұры буалдыр тарта бастағаны да рас. Сырланған қоңыр қақпаны сықырлатпай ашып, үйге қарай бет алғанда ілулі құртқа-ірімшікке тұмсық жүгірткен құстың беймаза тірлігіне қарап отырған әжені байқадық. Сыртқы асүй алдындағы креслоға жайғасқан қарт сыбырлап қана «үйге кіре ғой» деген ишара білдірді. Әлдене дұрыс емес. Бәлкім, денсаулығы сыр беріп отыр – не де болса үйдегілер айтып беретін сияқты. Апамыздың қыздары үйде екен. Уақ-уақ анасын терезеден бақылап, «соңғы уақытта үйге қонақ жиі кеп жүр» деп күйбең жұмыс бітпей жатқанын білдірді. Әуелгі ақпаратты осы кісілер айтып берді. Соған сәйкес Қайныш Ошаева Көкжыраға іргелес Кемер деген жерде туған. Қазір ол жақта кезіндегі құрылыстың ізі де жоқ. Жермен-жексен болған. Тұрғындардың кейбірі Кемер деген құмы мол, ауыл жұрты Тарғақ деп атап кеткен жердің маңы десті.

– Олар үш ағайынды болған. Әпкесі өмірден қайтты. Бауыры – Мұхтархан ағамның көзі тірі. 1937 жылы туған. Қазір Ұлан ауданына қарасты Герасимовка ауылында тұрады. Шешемнің сегіз баласы бар: алты қыз, екі ұл. Негізі 11 құрсақ көтерген жан. 22 немере, 45 шөбере, алты шөпшек сүйіп отыр. Құдайға шүкір, санап, осы ақпаратты нақтылап қойғам. Бұйырса, тағы бір шөпшегі өмірге келіп қалар, – деді қызы Гүлжан Ошаева.

Қызығы сол, Қайныш Сағдиқызы өмірге үш егіз бала әкелген. Гүлжан мен Айжан, Айман мен Шолпан. Бірақ жазмыш деген бар, 1954 жылы туған егіз ұлы шетінеп кетіпті. Айжан мен Гүлжан үйдің кенжесі. Шолпан Кәкенқызы шаш қиюдың шебері, Самар ауылында тұрады. Үйдің тұңғышы – Әділхан, Көкжырада тұрып жатыр. Нағыз ағаш ұстасы. Ауылдастардың айыр, күрек, балта саптатуға барып жатқандарын көрдік.

Әдепкі әңгімелер жүлгесімен жалғасып жатқанда Қайныш Сағадиқызы да ентелеп, аз-маз күрсінген күйі үйге кірді. Екі қызы екіжақтап демеген күйі қонақ бөлменің бері жағындағы креслоға отырғызды. Үйімізге тілші келді деп таныстырған соң тылдағы тынымсыз тірлік туралы суыртпақтап көрдік. Сонда байқадық, соңғы 9-10 жыл көлемінде кейіпкеріміздің құлағы жөнді естімей, ақпаратты айтудан гөрі, жазу арқылы жеткізіп жүр екен жақындары. Анығы сол, басқыншылар баса-көктем кіргенде апамыз жеті жаста болды. 1934 жылғы кісі. Бірақ соның өзінде бидай деген сөзді қайталап айтып отырды. Сөйтсе, төңірегі егінге қолайлы Көкжыра маңы майдан қызыған шақта дәнді дақылдарды молынан салған. Бидай қаулап өсе бастағанда қанаттылар қырғидай тиіп маза бермейтын. Күзетші керек. Сонда Қайныш Ошаева өзі құралпас ұл-қыздармен соларды үнемі үркітумен болды. Берілген тапсырма сондай. Қолдарына бір-бір шелек алып, қарға мен торғайдан көз жазбаған. Аптапта шөл қысады, түс ауа асқазан шұрылдайды. Бірақ ойын-қызық көру дегенді санадан ерте өшіріп, рауан таңнан түздегі жұмысқа кірісті.

– Өгіз жетектеп, жер жыртты. Тары жинайтын. Бізге жеткен әңгімелерге құлақ түрсек, сол кездегі адамдар ерекше болған екен. Жасы да, ересегі де. Шайқас қызып, кейде ауылға суық хабар келіп жатқанда тылдағы жұмыс бір сәтке де тоқтаған емес. Оған қоса, «бармаймын» «жұмысқа зауқым жоқ» деп те ешкім айтпаған екен, – деді қызы Гүлжан Кәкенқызы.


Жұмсаған жұмыстың бәріне мойынсұнған

Әлден уақытта жүзін әжім торлап, өңі қуқыл тартқан кейуана әңгіме барысын топшылаған болуы керек, «жақсы жұмыс істесек, соғыс ерте бітеді деп айтты» деп сөзге араласты. Осыған қарап, қолдарына қару алмаса да, мылтықсыз майданға түскендердің жеңіске қосқан үлесін бағамдадап көрдік.

– Қуандық та, жыладық та. Кейбірінің соғысқа кеткен екі-үш туысының біреуі ғана оралды. Біздің қандай жұмысқа жұмсаса да, мойынсұндық, – деп келте қайырды апамыз.

Ентігіп, бір нүктеге ұзақ уақыт қадала қарайтын қартты ары-қарай сұрақтың астына алу орынсыз саналды. Аға буыннан жеткен әңгімелерді сараптап, Гүлнар, Гүлжан Ошаевамен әңгімемізді ары қарай жалғадық. Масақ терген мазасыз шақ мұнымен бітпеді. Кейде өгіз оқыс мінез көрсетіп, балаларды жазым ете жаздайды. Бірақ басынан сипап, демалтып қоятын ешкім жоқ. Балалық шақ қымқуыт сәтке айналған. Гүлнар Ошаеваның сөзінше, әкесі Кәкен Ошайұлы шай үстінде, әңгіме барысында бала кезінде жейтін нан болмай қалған кездерді жиі айтыпты

– Бұрын балалар келіп, анамның әңгімесін тыңдап кететін. Он жыл болды-ау, құлағы естімегелі сұхбат алушылар легі сап тыйылды. Амалсыздан сөйлесудің жаңа әдісіне көштік. Әріптерді үлкейтіп параққа жазамын, ол кісі оқиды. Былайшы айтқанда, кілт сөздермен тілдесеміз. Былтыр ауырып, шілденің 27-і күні құлап, жүріп кете жаздады. Мен ойбайлап, бірден байбалам салдым. Құдай шүкір, содан беті бері қарап, қазір аман-сау жүр, – деді Гүлжан Ошаева.

Кейіпкеріміз кейде көп-көрім өңі нұрланып отырып, кейде жанары жан-жаққа жалтақтай қарап, жүрегі атқақтап кететін көрінеді. Балалары «сонда анамыз қоштасатын сияқты болып кететін» деп көңіл дабылын қағып үлгереді. Ол кескен теректей құлаған күні ертесінде де сұлқ жатты. Тек екі күннен соң терең тыныстай бастаған.

– Бізге бұған дейін тілші келіп, асықпай отырып сұхбат алған емес. Әкеміз көзі тірісінде көп әңгіме тиегін ағытатын. Талғажау етер талшық болмай, сол кезеңдердегі қауырт шақты қаз-қалпы айтып отыратын. Біз айтсақ, кей сәттердің бояуын көп құйып жіберетін сияқтымыз. Тылдағы тынымсыз тірлікті көнекөз қарттар жақсырақ біледі, – деді Гүлнар Ошаева.

Қайныш Ошаева тыл ардагері, көпбалалы ана, одан бөлек, II топтағы мүгедек. Сырқаты бойынша аудандық ауруханада есепте тұр.

– Сонда дәрігерлер апаны жылына екі рет әкеліңіздер деп айтады. Қалайша? Қалт-құлт етіп отырған адамды қозғап, оған қоса, 2-қабатқа дейін апару оңай емес. Тым құрығанда төменге түсіп, қабылдаса болады ғой? Өзі баспалдақтан әрең аттайды. Бір жылы құлап, бет-ауызы қанап, әбден қорқытқаны. Мен ол кезде дәл жанында тұрған едім. Қолынан ұстап үлгермей қалдым, – деді кенже қызы Гүлжан Ошаева.

 

Рахметов көшесіне рахмет айтылды ма?

Кәкен Ошайұлы туралы ауылдастар түрлі әңгіме айтады. 1985-90 жылдары Көкжырада үй құрылысы қызып жатқанда терезеге әйнек салатын адамдар ерекше бағаланатын. Сонда ол кісі бірде-бір әйнекті сындырмай, жұмысын мүлтіксіз атқарған. Өңі сұсты, аз сөйлеп, жұмыс сапасын ұдайы басшылыққа алған екен. Қайныш Ошаева ол кісімен 1950 жылы отау құрды.

– Ол кезде солай болды ғой. Анам небәрі 16 жаста. Әкем бізге қол көтерген емес. Бірақ қатал адам. Үйде темірдей тәртіп болатын. Әлі күнге дейін солай. Ешнәрсе қисаймауы керек, ешнәрсе шашылмауы қажет. «Нағыз Кәкеннің қызы» деп кейбірі мені әлі мазақтайды, – деді Гүлжан Кәкенқызы.

Қыздарының сөзінше, Қайныш Ошаеваның әке-шешесі ақсүйек адамдар болған. Гүлжан Ошаева анасы кейде белін таянып, еңсесін көтеріп тұрғанда бойынан әлдебір тектілік байқалатынын жасырмады. Былтыр ол кісінің торқалы тоқсан жасын атап өтті. Адам мол жиналған. Түрлі ақжарма тілек айтылып, әжеміз бір жасап қалған. Әкімдік тарапынан жылына үш мәрте келіп, құттықтап кетеді: 8-наурыз, Қарттар күні және Жеңіс күні. 75 жылдық, 80 жылдық секілді мерейлі даталарда медаль тағады.

Сөз арасында ардагер тұратын Рахметов көшесін әр көктемде су басатынын естідік. Арық қазып, сел болып аққан сумен арпалысады. Енді ардагер тұратын көшеге қиыршық тас төселіп, жолын көтеріп берсе дейді. Рахметов көшесіне де әкімдіктен бір рахмет айтылғаны орынды сияқты. Жергілікті билік осыған бір көңіл аударса, ауылдағы жалғыз тыл ардагеріне көрсетілген тағы бір құрмет деп білер едік.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив