Мәжіліс Президент тапсырмасын іске асыру үшін әзірленген «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» заңға түзетулерді қабылдады. Заң аясында «AL-FARABI», «QOJA AHMET YASAUI» және «Мейірім» ордендерін тағайындау және марапаттау тәртібін өзгерту жөніндегі нормалар қарастырылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы 2025 жылдың 5 желтоқсанында «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде «Мейірім» орденін тағайындау туралы және 2026 жылы 21 наурызда Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде «QOJA AHMET YASAUI» орденін тағайындау туралы, сондай ақ 2026 жылы 11 сәуірінде ғалымдарды марапаттау рәсімінде «AL-FARABI» орденін тағайындау туралы тапсырма берген болатын.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова жаңа ордендерді беру арнайы бекітілетін ережелерге сәйкес жүргізілетінін айтты.
– Бұл ордендерді марапаттау ережеге сәйкес жүзеге асырылады. Уәкілетті орган мен Үкімет тарапынан Мемлекет басшысына ұсыныстар енгізіледі. Білім, ғылым, мәдениет және рухани өмір саласында ерекше еңбек сіңірген азаматтар қарастырылып, үміткерлердің еңбек өтілі, ғылым саласындағы жетістіктері, тәрбиелеген шәкірттері мен ел дамуына қосқан үлесі жан-жақты сараланып, тиісті ұсыныстар беріледі, - деді вице-министр.
Оның айтуынша, «AL-FARABI» ордені ғылыми қауымдастық үшін маңызды қолдау болмақ.
– Әлемдік тәжірибеде дәл осындай орден көп кездеспейді. Гуманитарлық салаға арналған ұқсас марапат Иран елінде бар. Сондықтан бұл бастама біз үшін де, ғалымдар үшін де үлкен қолдау, - деді Гүлзат Көбенова.
«QOJA AHMET YASAUI» орденімен Қазақстан Республикасының дамуына ерекше еңбек сіңірген отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ мемлекеттікті нығайтуға, қоғамдық-саяси, әлеуметтік, ағартушылық, мәдени және гуманитарлық салаларды дамытуға үлес қосқан азаматтар наградталады.
Ал «Мейірім» орденімен жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытқан, қайырымдылық қызметке, оның ішінде меценаттық немесе филантропиялық қызметке қомақты үлес қосқан азаматтар наградталады.
Заң жобасында «Ерекше жағдайларда айрықша көзге түскені үшін Мемлекет басшысының шешімімен «Мейірім» орденімен наградтау белгіленген мерзімдер ескерілмей жүргізілуі мүмкін..» деп жазылған.
Пікірлер