A+ A A-

talgatzhan 44 Бүгін, 10:15 0

ШҚО оқушылары ауа тазартатын құрылғы ойлап тапты

Бүгін / Басты / ШҚО

Биыл 12-ші рет қолға алынған «NEW GENERATION» облыстық фестивалінде оқушылар өз жобаларын көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттырып, дарынды балаларды қолдауға қажетті жағдайлар жасау.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2025–2026 оқу жылын Жасанды интеллект жылы ретінде айқындаған болатын. Бүгінде облыстағы 348 білім беру ұйымында оқушылардың заманауи технологияларды меңгеруіне барлық мүмкіндік жасалып келеді. Атап айтқанда, өңірде 39 робототехника кабинеті мен 52 STEM кабинеті жұмыс істейді. Бұл оқушылардың жасанды интеллект бағытындағы білімін жетілдіріп, түрлі инновациялық жобалармен айналысуына жол ашуда, – деді ұйымдастырушы Айгүл Шолпакова.

Анықталғандай, өңірде ЖИ-ге қатысты жобалар саны артып келеді. Соның ішінде “Roboter”, “Robobastau” секілді бастамалар оқушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Қазір балалар түрлі жобаны сәтті жүзеге асырып, өз қабілеттерін көрсетуде.

– Шараға жалпы білім беретін мектептердің, соның ішінде арнайы (түзету) мектептер оқушылары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ барлық типтегі білім беру ұйымының педагогтері қатысуда. Биыл көрмеге барлығы 69 жоба ұсынылды. Жобалардың барлығы денсаулық сақтау, экология, кәсіпкерлік және IT салаларын қамтиды, – деді Айгүл Шолпакова.

Фестивальдің міндеті де сол – ақпараттық технологиялар саласындағы инновациялық, ғылыми-техникалық шығармашылыққа оқушыларды тарту, балалардың ақпараттық технологияларды меңгеруге, оларды іс жүзінде қолдану дағдыларын игеруге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. 

Жобалардың ішінде Дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-лицейінің 7-сынып оқушылары Бауыржан Смайлұлы мен Ислам Әлібековтің «Ауа сапасын анықтайтын және тазартуды басқаратын ақылды экожүйе» жобасы ерекше көзге түсті.

– Қаламызда зауыттардың көп екені белгілі. Олар ауаны ластап, адам денсаулығына кері әсерін тигізуде. Ал ауа – өміріміздің басты қажеттіліктерінің бірі. Біз құрылғыны өз бөлмемізде сынап көрдік. Бөлмедегі ауа сапасы төмен болғанда, құрылғы автоматты түрде іске қосылып, ауаны тазартты, – дейді Бауыржан Смайлұлы.

Қарапайым болып көрінгенімен, жобаның артында екі оқушының тынымсыз еңбегі мен ғылыми ізденісі жатыр. Жас өнертапқыштар құрылғының жұмыс істеу құрылысын да түсіндіріп берді.

– Біз датчиктерді, фильтр мен сенсорларды бір жүйеге біріктіріп, ауа сапасын анықтап қана қоймай, оны тазартатын арнайы құрылғы жасадық. Датчик ауа сапасын үнемі бақылап отырады. Егер көрсеткіш 300-ден асса, сүзгі автоматты түрде қосылады. Белсендірілген көмір мен арнайы сүзгі көмегімен ауа сапасы жақсарады, – дейді Ислам Әлібеков.

Фестивальге өңірдің әр ауданынан келген оқушылар өздерінің тың жобаларын ұсынды. Бірі автоматтандырылған ферма жүйесін таныстырса, енді бірі Қазақ хандығының макетін жасап әкелген. Сондай-ақ өсімдіктерді автоматты түрде суаратын ақылды жүйе де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ал фестиваль қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған қатысушы республикалық жарыста облыс намысын қорғайды.

Әдемі АМАНГЕЛДІ (Фотосурет автордікі)

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив