«AMANAT» партиясы жүзеге асырып отырған «Ауыл аманаты» жобасы ауыл кәсіпкерлеріне нақты қолдау көрсетіп, елд мекендердегі кәсіптің көкжиегін кеңейтуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тарбағатай ауданында жеңілдетілген несие арқылы кәсібін дамытқан тұрғындар саны артып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Соның бір дәлелі – Ақжар ауылындағы «Айым» шаруа қожалығының иесі Дархан Тұрысбековтің кәсібі.
Кәсіпкер «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы аясында 5 миллион 900 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие рәсімдеп, оған 16 бас ірі қара мал сатып алған. Бүгінде шаруашылықтың әлеуеті артып, ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Сонымен қатар ол ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қосып келеді.
Дархан Тұрысбековтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндікке айналған.
- «Ауыл аманаты» жобасы туралы естігеннен кейін «AMANAT» партиясының аудандық филиалына барып, жоба бойынша толық ақпарат алдым. Мамандар барлық бағытты түсіндіріп, қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесті. Кейін құжаттарымды жинақтап тапсырып, жеңілдетілген несие алдым. Қазір шаруашылығымды дамытып, мал басын көбейтіп жатырмын. Сонымен қатар мал өсірумен ғана шектелмей, сүт өнімдерін де өндіреміз. Бұл ауыл тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, кәсібіміздің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беруде. Ең бастысы – ауылда тұрақты жұмыс орындарын ашуға жағдай жасалды, - дейді кәсіпкер.
Жыл басынан бері «Ауыл аманаты» аясындаТарбағатай ауданы бойынша әр түрлі бағыттағы 15 жоба қаржыландырылды.
Айта кетейік, партиялық жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және ауылдағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Оның аясында ауыл азаматтарына жеңілдетілген несие беріліп, өз кәсібін бастауға немесе кеңейтуге қолдау көрсетілуде.
Мемлекеттік қолдау мен партиялық жобалардың тиімді жүзеге асуы нәтижесінде бүгінде ауыл кәсіпкерлері жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, өңір экономикасының дамуына өз үлесін қосуда.
Пікірлер