Ұлан ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Қайрат» шаруа қожалығының мал шаруашылығы кешенінде болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шаруашылық жетекшісі Асвад Усмаевтың айтуынша, мұндағы сүттің майлылығы 4,3 пайызға дейін жетеді. Ал кешен бригадирі Ирина Құрманғалиева мұндай көрсеткішке мал азығының теңгерімді рационының арқасында қол жеткізіліп отырғанын жеткізді. Рацион құрамына ұсақталған жем, күнжара және табиғи жайылым шөбі кіреді.
- Бүгінде шаруашылықта 500 сауын сиыр бар. Сауын процесі толықтай дерлік автоматтандырылған: мұнда 24 сауу аппараты жұмыс істейді. Сауылған сүт арнайы танкерлерге құйылып, 4 градусқа дейін салқындатылады. Одан кейін өнім сапасын тексеру және қабылдау үшін сүт тасымалдайтын көліктер арқылы зертханаға жөнелтіледі, - делінген ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінде.
Жаз мезгілінде бір сиыр тәулігіне 25-30 литрге дейін сүт берсе, қыста бұл көрсеткіш шамамен 20 литрді құрайды. Симменталь тұқымы жоғары сүт өнімділігімен қатар, ет сапасының жоғарылығымен де бағаланады.
Пікірлер