Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы өкілдері жыл басталғалы төрт ай ішінде 499 жедел рейдтік іс-шара өткізіп, табиғат қорғау заңнамасын бұзу деректерін анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Айыптылар арқалаған айыппұл
Аталған инспекция бақылаудағы су айдындарында балық ресурстарын қорғап, өсімін молайтып, ұтымды пайдалану бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
– 2026 жылдың 4 айында мемлекеттік инспекторлармен 499 жедел рейдтік іс-шара өткізіліп, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 341 дерегі анықталды. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша 341 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңнаманы өрескел бұзудың 31 материалы сот органдарына жолданды, – деді аталған инспекцияның Балық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аслан Бекбаев.
Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 7 469 275 теңгеге 321 әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде 6 863 775 теңге өндіріліп, өндіріп алу көрсеткіші 91,4 пайызды құрады.
Сонымен қатар, балық ресурстарына келтірілген залалды өтеу бойынша жалпы сомасы 8 595 981 теңгеге 29 талап-арыз қойылып, оның 3 983 667 теңгесі өндірілді.
90 келі балық тәркіленді
– Рейдтік іс-шаралар барысында заңсыз пайдаланылған 802 ау құралы тәркіленді. Оның ішінде синтетикалық моноталшықтан жасалған 667 ау анықталып, алынды. Сондай-ақ заңсыз ауланған 602 килограмм балық тәркіленді. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 4 қылмыстық іс қозғалып, қазірг сот органдарының қарауында, – деді бөлім басшысының міндетін атқарушы.
Анықталғандай, инспекция тарапынан көктемгі уылдырық шашу кезеңінде балық ресурстарын қорғауға ерекше назар аударылуда. Аталған кезеңде 52 құқық бұзушылық анықталып, 52 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өрескел құқық бұзушылықтар бойынша 6 материал сот органдарына жолданды.
– Жалпы сомасы 1 133 150 теңгеге айыппұл салынып, 994 710 теңге көлемінде залал өндірілді. Сонымен қатар, 55 заңсыз ау құралы тәркіленіп, оның ішінде синтетикалық моноталшықтан жасалған 41 ау анықталды. Заңсыз ауланған 90,5 килограмм балық тәркіленді. Аталған фактілер бойынша 3 қылмыстық іс қозғалды, – делінген инспекция мәліметінде.
Нұрбек АСҚАРОВ
Пікірлер