
Бұқтырма жағалауындағы демалыс үйлерінің қолданысқа берілуі Антикор өкілдеріне сұрақтар туындатты
Алтай ауданы аумағындағы Бұқтырма су қоймасы маңында 2020 жылдың басы мен 2024 жылдың шілдесі аралығында бой көтерген ғимараттардың аздаған бөлігі ғана Ертіс бассейндік инспекциясына келісуге жіберілген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, төрт жылдан астам уақыт ішінде Алтай ауданының Бұқтырма су қоймасының жағалауында (су қорғау аймағы мен белдеуі) 415 ғимараттың пайдалануға берілгені анықталды. Оның ішінде, тек 118 нысан Ертіс бассейндік инспекциясында келісуге жіберілген, бұл су заңнамасының талаптарын бұзады.
– Алтай ауданының жергілікті атқарушы органдары жобаларды Ертіс бассейндік инспекциясына келісуге жібермеуінің себебі – ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген «Құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларында» мұндай талаптың болмауынан, – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі ШҚО бойынша филиалы басшысы Денис Шакенов.
Оның сөзінше, заңнамадағы қайшылықты жою үшін Антикор өкілдері жергілікті атқарушы орган мен Ертіс бассейндік инспекциясына заң аясында келісуге мүмкіндік беретін алғышарттар ұсынымын білдірді. Не дегенмен су қорғау аймағындағы құрылыс назардан тыс қалмайды. Дегенмен облыстық БАҚ өкілдері тарапынан осыған қатысты сауалдар туындады.
– Сонда бұл қазір бұзушылық болып тұр. Зағаң қарама-қайшылықты қай жерден көруге болады? Не дегенмен тұрғындар заңнан аттады ғой? – деді ол.
Денис Шакеновтің сөзінше, қайшылық мынада жатыр: жағалау маңындағы үйлер жергілікті атқарушы орган рұқсатынан соң қолданысқа берілуі тиіс. Ал ол жерде Ертіс бассейндік инспекциясының рұқсаты керек. Анығы сол, жергілікті әкімдік рұқсатын беріп қойған. Сұрақ пен күмән туындатқан осы тұстар.
– Жер учаскесі су қорғау аймағында орналасқандықтан кәсіпкерлер демалыс үйлерінің құрылысын жүргізу үшін солармен де келісулері тиіс. Олар өйтпеген, – деді Денис Шакенов.
Облыстық интернет басылым өкілдерінің сөзінше, Ертіс бассейндік инспекциясының құзыреті аудан әкімдігіне қарағанда жоғары, беделі биік. Сол себепті де мұның шиеленіскен тұсы көп көрінеді. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі ШҚО бойынша филиалының басшысы мұндай уәждің бұл жерде қисынсыз екенін алға тартты. Антикор өкілдерінің ақпаратынша, 415 ғимарат қолданысқа берілді. Бірақ 118-і әлі келісілген жоқ.
– 400-ден астам ғимараттың бір бөлігі келісілген, қалғаны келісілмеген. Жемқорлық тәуекелдері осы жерде көрініс берді. Кей жағдайда жергілікті атқарушы орган аталған ғимараттарды қолданысқа беруге болатынын, я болмайтынын өздері шешеді. Біздің тараптан туындаған сауал – нысан құрылысы келісілмей демалыс үйлері қалайша қолданысқа беріледі? Олай болса, бәріне рұқсат беру керек немесе барлығына бас тартылуы қажет, – деді жауапты тұлғалар.
Мәлім болғандай, Антикор өкілдері мұны қылмыс деп есептемейді. Тек жемқорлық тәуекелдері тіркелді деп қорытындылады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер