A+ A A-

talgatzhan 38 Бүгін, 14:10 0

ШҚО-да Салық кодексіндегі өзгерістер түсіндірілді

Бүгін / ШҚО

Бүгін облыс әкімдігінде жаңа экономикалық саясат пен 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Салық кодексі нормаларын түсіндіру бойынша кездесу өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жиынға ҚР Ұлттық экономика Вице-министрі Ерлан Сағынаев, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Аграрлық ғылым және білім департаментінің директоры Айхан Сұлтан, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар, облыстық мәслихат депутаттары, қалалық және аудандық әкімдік, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің, «Атамекен» ҚР ҰКП ШҚОФ,  құзыретті мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Жиында Жақсылық Омар Президент тапсырмасына сай салық жүйесін жетілдіру және бизнеске қолайлы жағдай жасау бойынша жүргізіліп жатқан реформалардың маңызын атап өтті.
- Елімізде жаңа Салық кодексінің қабылданғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Онда бірқатар өзгеріс бар. Сол жаңашылдықтардың ел экономикасының дамуына әсері мен нәтижесін талқылап, халықты құлағдар ету қажет. Осы ретте өңірге қатысты өзекті мәселелердің анықтап, сұрақтарды қарастырдық, - деді Жақсылық Мұқашұлы. 
Кездесуде салық саясаты және бизнесті қолдау, оның ішінде арнайы салық режимдері, ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі, әкімшілендіруді жеңілдету, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, цифрландыру және инфрақұрылымды басқару бағыттары сөз болды. 
ҚР Ұлттық экономика Вице-министрі Ерлан Сағынаевтың айтуынша, жаңа кодекс салық жүйесін жеңілдетумен шектелмей, салық салудың тұтастай жаңа қағидаттарын енгізуге бағытталған.
- Кодекстегі негізгі жаңалық – арнайы салық режимі үш негізгі түрге қысқарады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін: 4% мөлшерлеме, жылдық табыс 15 млн теңгеге дейін. Жеңілдетілген декларация: жылдық айналымы 2,36 млрд теңгеге дейінгі кәсіпкерлерге арналған. Базалық мөлшерлеме – 4%, бірақ маңызды ерекшелігі – жергілікті мәслихаттар бұл мөлшерлемені 2%-дан 6%-ға дейін өзгерте алады. Ал шаруа және фермер қожалықтары үшін бұрынғы режим сақталады. Тек бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығы енгізіледі, - деді ҚР Ұлттық экономика Вице-министрі. 
Айта кетейік, жаңа кодекс бойынша салық есептілігінің көлемі 30%-ға қысқарып, салықтардың саны 20%-ға азаяды. Ал жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі 16% болып бекітілді. Сондай-ақ дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді: 2026 жылдан 5%, 2027 жылдан 10%.
Кездесу соңында орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен осы бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттілігі ерекше атап өтілді. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив