Қалада пластикалық қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған фандоматтар желісін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл туралы жастармен өткен кездесуде шаһар басшысы әкімі Алмат Ақышов мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Жиын барысында белсенді жастар экология, кәсіпкерлік, спорт, инновация және мәдени даму бойынша бірқатар өзекті ұсыныс айтты. Мәселен, пластикалық бөтелкелерді фандоматқа өткізу жүйесін іске қосу, техникалық шығармашылық пен робототехниканы дамыту бастамалары ерекше атап өтілді, - делінген қала әкімі
баспасөз қызметінің мәліметінде.
Айта кетейік, Өскеменде алғашқы фандомат 2023 жылдың қыркүйегінде Виноградов көшесіндегі “City Food” фудкортында орнатылған еді. Жоба аясында тұрғындар пайдаланылған пластикалық ыдыстарды тапсырып, серіктес компаниялардан түрлі жеңілдіктер мен сыйлықтарға ие болды.
- Жастардың қоғамдық өмірге белсене араласып, оң өзгерістер енгізуге деген ұмтылысы қуантады. Олардың бастамашылдығы, шығармашылығы мен белсенді ұстанымы - қаланың тұрақты дамуына серпін беретін маңызды ресурс, - деді қала әкімі Алмат Ақышов.
Пікірлер