A+ A A-

talgatzhan 7 15-02-2025, 02:21 0

Жол жиегіндегі жүздесу немесе Өскеменде тұсауы кесілген спектакльдің астары неде?

Өскемен / Бүгін

ШҚО драма және оперетта театрында қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Шынарым менің, шырайлым менің» лирикалық драмасы сахналанды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әдетте тың туындының таныстырулы өтсе, жұма не сенбінің кешіне қойылатын. Күйбең жұмыстан бір сәт тынығуды қалаған көпшілік те соған қарай ыңғайланады. Мектепте балалықпен шалдуарлыққа басатын ұл-қыздар мұнда келгенде жинақы кейіп танытып, тәртіп шеңберіне кіреді.
Бұл жолы «Таулар құлаған кезде», «Кассандра таңбасы» романдары және басқа да шығармалардың авторы Шыңғыс Айтматовтың драмасы меймандар назарын өзіне аударды. «Әлем ханымы – 2020» атанған театр және кино әртісі Жұлдыз Әбдікәрімова Қадишаны сомдады. Бұл да көпшілік үшін тосынсый болғаны сөзсіз. Одан бөлек, Қазақ театрының белді актерлері мен актрисалары айлап жүргізген әзірліктерін паш етті.
«Шынарым менің, шырайлым менің» лирикалық драмасы көрерменге не берді, несімен ерекшеленеді? Драма және оперетта театры өкілдерінің сөзінше, осы арқылы жұртқа бұйырған бақты бұлбұл ұшырмай, бағалау қажет екендігін жеткізу негізге алынды. Қойылымда Тянь-Шань тауының бөктерінде, Долан асуында болған оқиға баяндалады. Жол жиегінде ауылдың ақкөңіл әрі ажарлы қызы Әсел мен көлік жүргізуші Ілияс кездейсоқ жолдары түйісіп, бірін бірі ұнатып қалады. Шаңырақ көтеріп, сәби сүйеді. Ілиястың рөлі Еркебұлан Какимовқа, Әсел қалалықтар етене танып алған Мақпал Елтайқызына сеніп тапысырылған. Махаббаттың алып кемесіне мінген екеуі өмірдің алуан түрлі қалтарысына түсіп, небір қиындыққа тап болады. Қиындық дейміз-ау, шаңырақтары шайқалып, ақыры ажырасып тынады жас жұбайлар. Уақыт сырғып өткен сайын басқа бағыттар менмұндалайды. Содан Ілияс өзінің қызметтес қызына үйленіп, Әсел өзінен үлкен азаматқа қосылады. Екі ортада қалған бейкүнә бала  өзге адамды әке деп, өз әкесін танымайды. Ең ауыры да осы.
Спектакльде кейіпкерлерді тағдыр талайы тапалап, көп дүние құрдымға кеткені анық суреттеледі. Сәтсіз болсын, сәтсіз шықсын, тараптар түбі моральдық таңдаулар жасайды. Ал осының бәрін көңілге тоқып, драмаға ден қойып отырған көрерменнің кейбірі көз жасын тыя алмады. Бұл жерде қоюшы режиссер Асыл Қозықановтың еңбегін айта кеткен орынды. Театр әртістері «көркемдік шешім» деген тіркесті жиі айтатын. Ол да байқалды. Театр мүмкіндіктері барынша көрініс берді. Ал мұның бүге-шігесін ұзатпай сахна сыншылары айта жатар. Анығы сол, жұма күні лирикалық драмаға негізделген қойылымның тұсауы кесілсе, сенбі, жексенбі күндері де көпті қуанта бермек.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив