
Өскеменде Лу Бань шеберханасының тағы бір орталығы ашылды
Бүгін Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да Лу Бань шеберханасының «SMART Driving Technology» инжиниринг орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ең алдымен сөз алған Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина сөз алып, Лу Бань шеберханасының ашылу тарихына бір шегініс жасады.
- Бұл орталық интеллектуалды көлік саласындағы заманауи технологияларды дамытуға, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауға арналған маңызды платформаға айналады. 2023 жылдың мамыр айында Қытай және Орталық Азия елдері саммитінде Шығыс Қазақстан облысы мен Тяньцзи аймағы арасында маңызды келісім жасалды. Соның негізінде 2023 жылдың желтоқсан айында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында Лу Бань шеберханасы ашылды. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзинь Пинь тарапынан жоғары бағаланды. Соған сәйкес «Бір белдеу, бір жол» бастамасының табысты жүзеге асуының үлесі болды, – деді Сәуле Жәдігерқызы.
Ол сөз арасында мұндай маңызды жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен шетелдік әріптестерден бөлек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Шығыс Қазақстан және Өскемен әкімдігіне алғысын жеткізді. Ал аталған орталық Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де интеллектуалды көлік жүйелерінің дамуына үлес қосатын көрінеді. Осы бағытта жұмыс істеуге ниетті жастарды да даярлап шығаруға әзір.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің ойынша, өңірде өнеркәсіп саласы қазір айтарлықтай қарқын алды.
– Шығыс Қазақстан өңірі еліміздің ең маңызды өнеркәсіп және ғылыми орталық болып есептеледі. Өзіміз бұл аймақты Қытаймен мен Қазақстанды байланыстырып отырған облыс деп есептейміз. Шығыс Қазақстан мен осынау көршілес елдің берік әріптестік қарым-қатынасы бізді біріктіреді. Экономикалық, мәдени және білім беру байланысы қарқынды дамып жатыр. Жуықта ғана облыс делегациясы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына барып, сапар кезінде жалпы құны 2 млрд доллардан асатын 13 меморандумға қол қойып қайтты. Бұл өзара сенімнің айқын белгісі, – деді әкімнің орынбасары.
Одан бөлек, Ербол Нұрғалиев осындай қадамдар өңірге ірі инвестициялар әкелуге себепші болатындығына сенім білдірді. Сәуле Рахметуллина да университет басшылығы облыс әкімдігі мен қытайлық әріптестердің тығыз қарым-қатынасы экономикалық тұрғыда ілкімді істер атқарылуына мұрындық болатынын айтты. Сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қолдауы нәтижесінде елдегі жоғары оқу орындары жаңа деңгейге шыққаны айтылды. Бұған халықаралық рейтингтердегі оң көрсеткіштерді мысал етуге болады. Ауқымды жиын барысында Саясат Нұрбек «SMART Driving Technology» инжиниринг орталығының ашылуымен құттықтап, көгілдір экран ары жағынан лебізін білдірді.
– Президентіміз «Қазақстан жасанды интеллект» дәуірінде атты Жолдауында елдің негізгі даму стратегиясын айқындап берді. Ол smart көлік, автоматты бақылау мен жасанды интеллект технологиялық жедел дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Өз кадрларымызды әзірлеуді және Қазақстанды технологиялық экономикалық көшбасылары қатарына қосуды нақты міндет ретінде қойды. Ал Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да ашылған орталық сол межені орындаудағы сенімді қадамдардың бірі, – деді Саясат Нұрбек.
Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі- Хань Чуньлинь де осы айтылғандарды мұқият ой елегінен өткізіп, тараптардың берік әріптестігіне сенім білдірді.
Өз тілшіміз
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер