
Өскеменде мүмкіндігі шектеулі жандарды тегін таситын автоеріктілердің қатары көбейіп келеді
Әлеуметтік осал топтан шыққан немесе мүмкіндігі шектеулі жандарға таксимен жүру қаншалықты қолжетімді? Көпбалалы, жалғызбасты аналарға автобуспен қатынау қаншалықты тиімді? Осы санаттағы жандарға қандай тегін такси қызметтері бар?Өскемендегі "Асар-Өскемен" автоеріктілер ұйымының жетекшісі Татьяна Дементьева осы сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz.
Татьянаның өзі де мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарынан. Айтуынша, қазір Өскеменде "Асар-Өскемен" автоеріктілер жобасы қарқын алып келеді.
- Бұл жоба 2018 жылы қала әкімінің бастамасымен және ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының қолдауымен жүзеге асты. Алғаш болып бұл мәселені көтергендер - Екатерина Федоренко мен Аня Мазаева. Олар бір жастан арбаға таңылған. Осылайша, қос ару рухы мықтылар күніне арналған дөңгелек үстелде мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті «Инва» таксилердің жоқтығы мен маршруттық шектеулер туралы мәселе көтерді. Сол кезде автоеріктілер жобасын құру туралы ой пайда болды, - дейді ол.
Еріктілер түрлі әлеуметтік топтардан шыққан жандарды қоғамдық орындарға, аурухана мен дәріханаға жеткізеді. Оларға жүгінетіндердің қарасы қалың.
- Әдетте бізге тағдырдың тауқыметіне тап болған, әлеуметтік осал топқа жататын мүмкіндігі шектеулі жандар, қарттар мен жалғызбасты, көпбалалы аналар жүгінеді. Күнделікті әртүрлі тапсырыс түседі. Кейде күніне он шақты тапсырыс түссе, кейде одан көп не аз адам жүгінеді. Азаматтар біздің және әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасынан көріп, хабарласады.Түрлі БАҚ-қа да сұхбат беріп келеміз, - дейді Татьяна Дементьева.
Автоеріктілердің қатарында түрлі сала мамандары бар екен.
- Еріктілердің барлығы - қала тұрғындары. Әр түрлі сала мамандары бар. Араларында мемлекеттік қызметкерлер, жұмысшы мамандық иелері де кездеседі. Мәселен, қалалық мәслихат депутаты ,мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мұғалімдер жиі көмектеседі. Бастысы, олардың баршасының жүрегі кең, пейілі таза, ниеті түзу. Ал қатарымызға қосылғысы келетіндерге әркез ашықпыз. Кез келген жан қосыла алады, - дейді "Асар-Өскемен" автоеріктілер ұйымының жетекшісі.
Ұйымға кірушілер тек межелі жерге жеткізумен қатар, еріктіге жүгінген жанмен сырласып, әңгіме-дүкен құрады. Ал өз көлігі жоқтарға да автоерікті болуға мүмкіндік бар.
- Еріктілер жолаушыны межелі жерге жеткізіп, жол бойы сырласады. Тіршіліктің көлеңкелі тұсын көрсетпей, бір сәт болсын көңілдерін көтеру үшін әуезді ән қосады. Межелі жерге жеткізіп, көліктен түсіріп, ауыр заттарын көтеріп кіргізеді. Кей жандарды үйлерінен шығаруға, көлікке отырғызуға көмектеседі. Ал өз көлігі жоқтар да бізге ерікті болуға ниетті. Әдетте біз жолаушыны қоғамдық такси қызметіне отырғызып, жолаушы жеткен соң төлеу қажет қаражатты ниетті болған еріктіге жібереміз. Өз кезегінде ерікті жолаушының такси қызметіне төлеу қажет жолақыны төлейді. Бұл да үлкен игі іс. Ондай еріктілеріміз де көп.Әйтсе де осы мүмкіндіктің арқасында еріктілердің қатары көбейді, - дейді Татьяна Дементьева.
Сауапты іспен айналысуды жаны қалаған бұл жандар жобаның ары қарай қарқын алғанын қалайды.
- Жобамыздың ары қарай жалғасып, одан сайын алға басқанын қалаймыз. Автоеріктілердің де қатары көбейсе нұр үстіне нұр болар еді. Әйтсе де қаламызда бұл жобаның әлі алар асуы, бағындырар белесі көп. Сондықтан қаламызда одан сайын қарқын алғаннан кейін ғана, облыс көлемінде, бәлкім еліміздің өзге де аймақтарында жобаны жалғастырармыз, - дейді автоеріктілер ұйымының жетекшісі.
Әмина БАҚЫТБЕКОВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер