A+ A A-

talgatzhan 2 20-01-2025, 15:45 0

Ұлы да, әкесі де жүлдегер. Спидвейдің үздіктері Риддерде бас қосты

Риддер / Спорт / Бүгін

Өткен сенбіде аталған спорт түрінен ең таңдаулы қатысушылар төпелеген қарға қарамай, бар мүмкіндіктерін паш етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Спидвейді мотожарыс деп те атайды. Егер қыста өткізілсе, жастар мұз үстімен жоғары жылдамдықта жүйткиді. 
Не дегенмен бұл Қазақстан чемпионатының бірінші кезеңі. Риддер, Өскемен, Рудный, Қостанай қаларынан бөлек, Алтай ауданынан келген. Көбі бірін-бірі таниды, әдіс-тәсілдерін бағамдап үлгерген. Бірақ одан бөлек, қалың қардан көз байланып, спортшылар тағы бір кедергіге қатар төтеп беруге мәжбүр болды. Рас, соңғы 4-5 күнде қар көп аудан-қалада тоқтаусыз жауды. Риддерде де таңнан кешке дейін қапалақтады. Шыны керек, көп адам үшін бұл әжептәуір спорт мейрамы. Риддерліктер осы бәсеке болады дегенді естігенде, бәрін тастап алаңнан табылады. Көптің көзінше егде жастағы бірнеше адамға «Спорт шебері» атағы табысталды. Олардың ішінде, осы спидвейде талай жыл атой салған Василий Дальчанин де болды. Ол облыстан асып, республикада олжа салған. Арысы КСРО көлемінде жоғары нәтижелер көрсетті. Жаттықтырушы ретінде де айтары мол. Мәселен, ол даярлаған Алексей Балашов спидвейден 11 дүркін Әлем чемпионы атанған! 
Жер тайғақ, ауа райы қолайсыз болғандықтан жарыс жолында құлап, сәтсіздікке ұшырағандар кездесті. Жыл сайын Риддер қаласы әкімдігінің және «АтланТ» МСТК қолдауымен спидвейге мұз төсемін құю бойынша үлкен жұмыс жүргізілетіндігін айта кеткен орынды.
Сайыстың өзі бірнеше сағатқа созылды. Қар тоқтаусыз жауып, шара шырқын бұза түссе де, тарқасып кеткен жұрт байқалмады. Тартысты бәсеке төрешілер тарапынан лайықты бағаланып, түбі жеңімпаз анықталды. Осы жолы риддерлік Сергей Бирюковтың бабы келісті. Өскеменнен келген Андрей Ляпин екінші орын алса, оның әкесі Валерий Ляпин мәре сызығын үшінші болып кесті. Ұйымдастырушылар сөзінше, әкесі мен ұлы сайыстардан медальсыз қайтпайды. Тек араларын жүлделі орындар бөліп тұрады. 
Енді екінші кезең ақпан айының басында Алтай ауданындағы мұз сарайында ұйымдастырылмақ. Ал Риддердегі «Сокол» стадионында қаңтардың 26-сы күні кезекті ауқымды бәсеке алауын жағады. 
– Қысқы картингтен республикалық жарыс өткіземіз. Негізі бұл жазғы спорт түрі болып саналады. Бірақ осы жолы қатысушылар үшін жаңашылдықтар енгізуді жөн көрдік, – деді жарыстың бас төрешісі Ольга Стребкова.

Асыл АЙТБАЕВ (Фотосурет Риддер әкімдігінен)

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив