
Риддерде «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай салтанатты кеш өтті
Сәрсенбінің кешінде қала жұрты бір серпілді. Мәдениет үйінің театр залы лық толып, жергілікті өнерпаздар дайындаған ән тыңдап, билеріне қол соқты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өткен жыл шаһар жұрты үшін тым-тырыс, тып-тыныш өткен жоқ. Жұрт жадында сақталған жарқын естеліктер жетерлік. Мәдениет, өнер саласындағы жетістіктер мен спорттағы жеңістердің өлкенің абыройын асырғаны сөзсіз. Оған қоса, былтыр Риддер «Туған жер – алтын бесігім» жобасының жеңімпазы атанды. Мұны қала әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеухан да атап өтті.
– Президент бастамасымен осы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, Риддерде ашылуын өткіздік. Өз саласында озық шыққан жеті мекеме жұмысшысы, одан бөлек, тағы сегіз адамды марапаттадық. Жұмысшылардың еңбегін дәріптеп, жан-жақты насихатталуын басшылыққа қойып жатырмыз. Жалпы, елімізге техникалық мамандардың жетіспеушілігі бүгінгі өзекті тақырып. Телефон, гаджеттер арқылы ғана емес, маңдай тер, қол күші арқылы тәмам болатын жұмыстар маңызға ие екенін де жеткізуіміз керек, – деді ол.
Әрі қарай кезек марапаттау рәсіміне келіп, еңбек адамдары рет-ретімен сахнаға беттеді. Ең азы бес жыл, арысы он жылдан астам уақыт өз саласында біліктілігімен, іскерлігімен көзге түскендер.
– «Казцинк» зауытына қарасты Риддер-Сокольный кенішіндегі жобалық-құрастыру қызметінің басшысымын. 11 жылдың жылдан бері жұмыс істеп келемін. Таудағы жұмысшы болып бастағам, кейін жұмыста өрлей түстік. Жұмыс жеңіл деуге келмейді. Қолдау білдірген баршаға алғысымды айтамын. Менің ойымша, «Жұмысшы мамандықтар жылының» ашылуы тау-кен саласына баруды ойлап жүрген жастарға нақты жауап берді. Ешнәрседен қорықпау қажет. Адам алдына тау мақсат қойса ғана, асуларды бағындырады, – деді Галина Манвалия.
Құтқарушылар да әркез қоғам назарында. Тілсіз жау қыспаққа алғанда, тұрғындар алдымен солардың көмегіне жүгінеді.
– Осы Риддердің тумасымын. Жүргізуші болып жүргеніме биыл бес жыл. Бөлімге шақырту түссе, құтқарушылар дереу оқиға орнына барады. Жүргізуші ретінде жеделдік керек. Өрт болған жерге жеткен бойда құтқарушылар бірден өз міндеттеріне кіріседі, – деді Риддер қалалық өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Алмас Сейітқали.
Өндіріс пен тау-кен саласы жетекші рөлге ие екені белгілі бұл жақта. Ал оның өткені мен бүгінін мәдениет ошағынан бағамдауға болады.
– «Адал азамат» түсінігі – әр қоғамның негізі. Тарихи-өлкетану музейінде еңбек адамдарының мәртебесі, олардың өмірдегі орнын айқындайтын жәдігерлер аз емес. Олардың ішінде: геолог, шахтер, металлург, құрылысшылар бар. Бүгінгі концерт аясында ұйымдастырған көрмеде тау-кен өндірісінен сыр шертетін жәдігерлер әкелдік, – деді Риддер тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Эльмира Маратқызы.
Меймандармен аз-кем тілдескен білген соң, сахна жаққа қайта беттедік. Онда таланты мен қабілеті қатар шапқан ұл-қыздар жанды дауыста ән шырқап, бұрымдылар биімен жұрт қошеметіне бөленді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер