A+ A A-

admin 48 19-11-2024, 10:00 0

Біздің Бейсен

Өзге

Өзі өмірден өтсе де, көңілден кетпейтін, көпшілік ойынан шықпайтын, жұртшылық жүрегінен ойып тұрып орын алатын аяулы азаматтар болады. Соның бірі - Бейсен Құранбек. Бұл есім иісі қазақтың көкейінде жатталып, көңілін толғайды. Қалың қазаққа «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы кең танылған журналист.

Бейсен Құранбек 1971 жылы желтоқсан айының 9-шы жұлдызында Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Ол қоғам қайраткері, журналист, тележүргізуші. «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы көпшіліктің көзайымына айналған «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізушісі. Алматы облысы Жетісу телеарнасының директоры. ҚР Мәдениет қайраткері. Қазақстан журналистер одағы сыйлығының иегері. Талдықорғанның құрметті азаматы. Қаңлы тайпасының Қара қаңлы руынан шыққан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмәмдаған. 
Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметтерінен бастаған. Ал қалған жылдарын қазақ телевидениесімен байланыстырып, «Рахат», «31-арна», «Хабар», Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған. 2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болып тағайындалған. 
2013-17 жылдары «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап «Қарекет» бағдарламасын жүргізген. Оның бағдарламаларында көпті толғандырған әлеуметтік мәселелер көтерілді. Осылайша Бейсен Абайұлы танымал тележүргізушіге айналды. 
Журналистика саласында өзіндік орны бар дара тұлғаның өмірден өткеніне алдағы наурыз айында үш жыл толады. Ағамыздың өнегелі, тәлім тәрбиеге толы сөздері халық жадынан әлі күнге дейін шыққан емес. Жалпы, Бейсен ағамыз ерекше бір үлгі алатын, рухани құндылықтарға өте бай тұлғалардың бірі болды. Балалық шағымның кумирі болды десем артық айтқаным емес. Балалық шағым «Айтуға оңай» бағдарламасын көрумен өткен еді. Басқа балалар ойын ойнап, мультфильм тамашаласа, мен теледидардың алдына жайғасып, Бейсен аға қашан шығады екен деп күтіп отыратын едім. 
Халықтың жағдайына алаңдап, жұрттың мұң-мұқтажын көгілдір экран арқылы жоғары жаққа жеткізе білді. Бейсен аға тек тележүргізуші емес, әрбір көмек сұрап келген жанға психолог бола білді. Нұрлы жүзі, күлімдеген көздері оның бойындағы мейірімділікті көрсеткендей. 
Бейсен Құранбек десе бірден «Айтуға оңай» ток-шоуы есімізге түседі. Бейсен аға өмірден озғанға дейінгі соңғы үш жылдың ішінде осы бағдарламаның 750-ге жуық шығарылымы эфирге жол тартты. Сол уақыттың ішінде дара тұлға, жаны жайсаң Бейсен ағамыз қаншама тағдырға араласты. Қаншама ізгі қадамдарға жол ашты. Мыңдаған адамдардың жүрегінде шындыққа, әділдікке деген сенімді ұялата білді. Тележурналист 35 жасында Қазақстан Президент сыйлығының иегері атанған. 
Бейсен ағаның бойындағы қарапайымдылық, қайырымдылық сынды қасиеттерін экранның арғы жағынан-ақ байқайтынмын. Ол әр адамды өзіндей көрді. Әрбір адамды түсінуге, шамасы келсе әркімге көмектесуге, қол ұшын созуға дайын тұрды. Ол өзімен қысқа уақытқа болса да кездескен, тілдескен жандардың іші бауырына кіріп, етене жақынындай сыр тартып, бұрыннан келе жатқан достарындай санап, жақсылық жасауға ұмтылып тұратын. Адамның жанына мейірім шапағатын сеуіп тұратын көркем мінезін халық ұмытпады. 
Бейсен ағаның мына фәни дүниеден озғанын естігенде қатты есеңгіреп қалдым. Шыны керек, жүрегім ауырды. Сене алмадым. Қалың қазақтың қабырғасы қайысты. Небәрі 49 жасында о дүниеге аттанды. Жаны жайсаң, жылы жүзді жанның енді мына өмірде жоқтығы адам сенгісіз дүние болды. 
БАҚ, әлеуметтік желілерде болсын, Бейсен ағаны қимаған жолдастары, әріптестерінен естеліктер толассыз ағылып жатты. Әділетсіз келген ажалға жұртшылықтың барлығы дерлік сенбей, есеңгіреп қалды. Сондықтан да бұл кісі жайлы жазу, әрі оңай, әрі өте қиын болды. 
Осынша азғантай ғана ғұмырында Бейсен аға өз өмірінің өнегелі беттерін сауапты, ғибратты жолдармен жазуға тырысты. Ұлы сөздің нарқы мен парқын білетін ерекше ақыл иесі еді. 
Нар тұлғалы ағамыз туралы тереңірек білу үшін жақын достарының берген сұхбаттарын оқып шыққан болатынмын. Барлығы дерлік тек жақсы естеліктермен бөлісуде. 
Бозбала Бейсен үздіксіз ізденетін, кез келген мәдениетті зерттеуге ұмтылатын ізденімпаз болған екен. Қай сала болса да өз-өзін шыңдап, одан сайын білімге ұмтылып, тереңдей беретін. Бейсеке университетке оқуға түскенде ақ оз ортасына сыйлы еді. Жасы үлкендігінен, «Спорт» газетінде тілші болып қызмет атқарғандығын білгеннен кейін группаластары оны староста етіп тағайындады. Группаластарының әрқайсысымен сөйлесе келе, кімнің неге әуестенетінін біліп алғаннан кейін әр группаласына жеке дара құрметін көрсетіп, сәті түскен кезде қолпаштай сөйлейтін әдеті болған екен. Осы ақпаратты білгеннен кейін мен не ойладым? Не түйдім? 
Бейсекең әр қазаққа қанат бітіріп, көтермелеп сөйлеуді сол кездің өзінде ақ өмірлік миссиясына айналдырғанын ұғынуға болады. 
2021 жылы Бейсен ағамыздың рухын дәріптеу мақсатында «Парасат биігі» атты кітап жарық көрді. Ол кітапта Бейсекеңнің ой-толғамдары, спорт саласында жазған мақалалары, сұқбаттары жинақталған. Кітаптың шығуына Алматы облысының әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы қаржылай қолдау білдірді. Есболат Айдабосын бастаған шығармашылық топ қажетті ақпараттарды жинақтап, топтастырды, Бейсен ағамыздың шәкірті Ақжелең Рахатдин және рухани қарындасы Жансая Шыңғысхан басылымдарды сүзгіден өткізіп, материалдарды баспаға дайындады. ҚР Ұлттық кітап палатасы директорының орынбасары Толқын Сәлменбаева архивтен бұрынғы жазбаларды тауып беріп, қажетті басылымдармен қамтамасыз етті. Осы кітаптың шығуына атсалысқан жандар өте көп. Барлығының мақсаты Бейсен ағамыздың өмір жолын, телевидениедегі жолын жұртшылыққа көрсету, тележүргізуші есімін халық жадында сақтау. 
Бейсен ағамыз жайлы айта берсек таусылмайды. Менің жадымда сақталғаны оның қарапайым мінезі. Көкірек көтеру, танымалдылығын өз пайдасына асыру деген бұл кісіде болмайтын. Бағдарламада көтерілген тақырыптарды шеберлікпен, асқан біліктілікпен аша білді. Көрерменнің назарын аударта алды. Түсірілім кезінде орын алған түрлі қиын сәттерден тапқырлықпен шыға білетін. 
Эфирде өзіндік аурасымен, көркем бейнесімен, жағымды даусымен, жылы жүзімен өз көрерменінің жүрегін баурап алды. 
Шыны керек, мен болашақ мамандығымды таңдағанда ең алдымен Бейсен Құранбекті еске алдым. Дәл сол кісідей қаламы ұшталған, тіл майталманы болуды алдыға мақсат еттім. Бейсен ағаның журналистика саласын таңдаған жас талапкерлерге айтқан ақылы әлі күнге дейін зор мағынаға ие. Олардың ішіндегі мен үшін ойымда жатталып қалған бір сөзі, ақылы бар еді. Ол – «Журналист үшін ең басты шың – халықтың ықылас ниеті, жұрттың саған айтқан рақметі! Сен жасаған сюжет, сен жасаған хабар сол кісілердің өміріне азық берсе, түйінді мәселесін шешсе журналистің ең үлкен наградасы – сол.»
Ерекше бір әсер қалдырды дәл осы сөзі. Бұдан менің ұққаным, журналист болу ол – тек өз пайдаңды ойлау емес, ең алдымен халықпен бірге болу, халықтың ішкі үніне құлақ асу. Ағамыздың осы сөзін жадымда мәңгі сақтадым. 
Бұл жазғаным жұлдыздай жарқыраған нар тұлғамыз Бейсен Құранбек туралы мақаланың басы да, соңы да емес. Бұл жолдар – талантты журналистің тағдырын, өмір жолын түгел қамти алмағаны анық. Бейсекеңнің сөз сипатын, бар болмысын бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес те еді. Ең бастысы бұл кісіні жадымызда мәңгі сақтау болашақ жас журналист ретіндегі борышым. 
Шырағыңыз сөнбесін, Бейсен аға!

Балауса Оразалықызы 



Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив