
Өткен жылдың басында ел халқының саны 20 миллионға жетті. Ашаршылықта қырылып, сұрапыл соғысты бастан өткерген, 70 жыл бойы отарлықты көрген ел тарихына көз жүгіртсек, бұл көрсеткіш көңіл қуантады. Ұлттық статистика бюросының қаңтар айындағы мәліметіне сәйкес, Қазақстан халқының саны 20 286 084 адамды құрайды. Оның 7 525 922-сі ауыл халқы болса, 12 507 920-сы қала тұрғындары.
Бұл халықтың ішінде кеңестік кезеңде туған Света, Гуля, Совет, Макс, Мельс сынды есімдермен қатар, қазір Раяна, София, Айлин сияқты шетелдік аттар иеленген қазақ балалары да тәрбиеленіп келеді. Әйткенмен, ежелден баласына обал мен ұятты, сауап пен сананы үйреткен қазақ тәрбиесіне Батыс пен Шығыстың ағымы, құндылықтары мен есім қою үрдісі де қарқынды енгені жасырын емес.
Мұхаммед пен Мединалар көбейген
Ұлттық статистика бюросының 2024 жылдың желтоқсан айындағы мәліметінше, Мұхаммед, Айсұлтан, Мұхаммад есімді ұлдар, Айлин, Медина, Асылым сияқты қыздар жиі кездесетін есімдердің қатарына енген. Бұған дейін ең жиі қойылатын есімдер тізімінде көш бастап тұрған Әмина, Аружан, Әлихан, Азамат сынды есімдерді діни және заманауи реңктегі жаңа есімдер ығыстырып шығаруда.
Есімнің де әсері бар
Батыс пен Шығысқа тән есімдер қою сәнге айналғанымен, қазіргі ата-аналар көбіне есімнің мағынасына емес, оның әдемі, тартымды естілуіне мән береді.
– «Тұңғышымның атын енем қойды. Ал екінші ұлымның атын өзім Амир деп қойдым. Өте жақсы естіледі. Әрі вип қазақтың аты сияқты», – дейді Айғаным Нығметаева.
Шынында да, қазір жастар арасында «вип қазақ», «вип казашка» деген тіркестер кең таралған. Бұл заманауи есімі бар, көлігі, сәнді киімі, бағалы тағамы бар, бір сөзбен айтқанда «стильді» адамдарға қатысты айтылады.
– «Шөберемнің есімін өзіме қойыңыз деді. Атасының арманы ғой деп, бұған дейін бір немеремді Дина деп атап, екіншісін атасы айтқандай Жалғас деп қойдым. Жалғас дегенім — ұрпағым жалғассын, артында ізі қалсын деген мағына ғой», – дейді Гүлсара Шәкенова.
Айтуынша, әулетіне он сегіз жылдан кейін келген немересінің артынан ұрпақ көбейіп, өрісі кеңейген.
– «Жалғастың артынан Тамырлан шөберем келді. Өрісім кеңейді. Жалғастың артынан жалғасып, басқа да бауырлары өмірге келді», – дейді Гүлсара апа.
Ауыр есімдер тағдырға әсер етеді
Қазақ қай заманда да баласына ат қоюда оның ерекше естілуінен бұрын, мағынасына мән берген. Жол үстінде туған баланы — Жолдыбай, боран кезінде дүниеге келген баланы — Боранбай деп атау — сол дәстүрдің көрінісі.
Сондай-ақ балаға Алланың 99 көркем есімінің бірін немесе тағдыры ауыр тарихи тұлғалардың есімін беру қазақы салтта құпталмайды. Өйткені, мұндай есімдер адамның тағдырына әсер етеді деген наным бар.
Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің шын есімі — Сәдуақас. Бұл есім Сағд ибн Әбу Уаққас атты сахабаның атына ұқсастырып қойылған. Ахмет Байтұрсынұлының толық есімі — Мұхаммед. Шоқан Уәлихановтың есімі — Мұхаммедханафия болған. Бұл тарихи тұлғалардың тағдыры қандай болғаны бәрімізге мәлім.
Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова өз жазбаларында бұл жөнінде былай дейді:
«Талғамға талас жоқ» дей тұрғанмен, Диана, Тансу, Даяна, Айлин, Дамир, Сандия сынды қазаққа тән емес, жеңіл-желпі атауларға әуестенбеу керек, – деп жазады ол «Күретамыр» кітабында.
Ат қоюда салғырттыққа салынбау керек
Нәрестеге ат қоюда немқұрайлылық танытпау керектігін жазушы, журналист Айтмұхамбет Қасымов өзінің «Шілдехана» атты шығармасында жақсы көрсетеді. Шығарма кейіпкерлері – Бірмойын мен бәйбішесі Айша. Төрт қыздан кейін дүниеге келген қамшыұстардың (ер баланың) шілдеханасында, Бірмойын масайып, жұрт алдында масқара болады. Жұрт осы оқиғаға байланысты сәбиге «Кемпірбай» деген есім береді.
Шығарма соңында автор былай дейді:
«Әттең, Бірекем-ай, жас сәбидің обалына қалдың-ау! Кемпіріңнің мінезін біле тұра, әнде нең бар еді?..»
Осылайша, жазушы ат қоюда салғырттық танытпауға шақырады.
Қоғамдағы өзекті тақырыптарға орай қойылған есімдер
2020–2021 жылдары бүкіл әлемді жайлаған COVID-19 індеті кезінде елдегі туу көрсеткіші артты. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2019 жылы 402 мың, 2020 жылы – 426,8 мың, 2021 жылы – 446,5 мың сәби дүниеге келген.
Осы жылдары сәбилерге Ковидбек, Коронавирус сынды есімдер қойылды деген қауесет те тараған. Алайда бюро мәліметінше, мұндай есімдер ешқайда тіркелмеген.
Бұған қоса, елде Атом есімді бес адам бар екен. Ең үлкені – 66 жаста, ал ең кішісі – 3 жаста. Олардың есімдері: Атомжан, Атомбек, Атомбай және Атомтай.
Ерге де, әйелге де ортақ есімдер
2021 жылғы ұлттық санаққа сәйкес, елімізде Азамат есімді 63 мың ер адам, Аружан есімді 73 мың әйел бар екені анықталған. Қызығы сол – Қазақстанда ерлер мен әйелдерге ортақ 585 мың есім тіркелген. Оларға мысал ретінде: Бақыт, Сәулет, Жанат, Камал, Ардақ, Асыл сияқты есімдерді келтіруге болады.
Қорытынды
Қазіргі таңда желдей ескен шетелдік есімдер мен сән қуалаған ат қою үрдісі ұлт болашағына алаңдауға негіз береді. Қазақ баласына ат қою – тек дәстүр емес, үлкен жауапкершілік. Ұлттық құндылықтарымызды сақтау жолында әр ата-ана баласына ат таңдауда тек тартымды естілуіне ғана емес, оның мағынасы мен ықтимал әсеріне де мән бергені жөн.
Әмина Бақытбекова
Дереккөздер:
1)https://stat.gov.kz/news/aza-standa-atom-esimdi-5-adam-bar/?sphrase_id=181750 (атом)
2)https://stat.gov.kz/news/azamat-pen-aruzhan-aza-standa-y-e-tanymal-aza-esimderi-/?sphrase_id=181750
3) https://stat.gov.kz/instuments/name/index.php?sphrase_id=181750
4)https://stat.gov.kz/news/byuro-tanymal-esimder-yzmetini-m-mkindikterin-ke-eytti/?sphrase_id=232273
5)https://ortalyq.kz/adamny-esimi-ta-dyryna-ser-ete-me/
6) А.Қасымов «Туған жер әуендері»// Фолонт баспасы,--2019,238.б
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер