«СОЦИС-А» Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты 11-12 қыркүйек аралығында халық арасында ұялы телефон арқылы сауалнама жүргізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оған 17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 1000 азамат сауалнамаға қатысты. Сұхбат барысында тұрғындарға келесі сұрақтар қойылды:
Сіз АЭС салу бойынша референдумға қатысасыз ба;
Қазақстанда АЭС салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады;
Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?
- Сауалнама қорытындысы бойынша референдумға 35,6% адам «міндетті қатысамын» десе, 20,2% адам «баруға тырысамын» деп жауап берген. Осылайша, сауалнамаға қатысқан әрбір екінші адам референдумға баруға дайын екендігін көрсетті. Сауалға қатысқандардың оннан бір бөлігінен астамы, яғни 12,2%-ы «референдумға қатыспаймын» деген. Алдын ала болжанғандай, референдумға қатысу я қатыспау туралы «әлі бір шешімге келмеген» ел азматтарының үлесі жоғары болды - 16,6%. Сауалнамаға қатысқандардың 13,6%-ы атом электр станциясын салуы мүмкін деген жаңалықты «бірінші рет естіп отыр». Респонденттердің аз бөлігі, нақтырақ айтқанда 1,8%-ы бұл сұраққа «жауап беруге қиналамын» деп көрсеткен, - дейді «СОЦИС-А» Кешенді әлеуметтік зерттеулер институтының мамандары.
Жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың жалпы қорытындысы бойынша қатысушылардың 55,8%-ы өз азаматтық ұстанымын көрсетуге және АЭС салу мәселесіне қатысты дауыс беруге ниет танытқан. Ал 60,4%-ы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Сауалнамаға қатысушылар халық денсаулық қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ құрылыстың техникалық жағы және атом станциясының болашақ жұмысшыларының кадрлық құрамының кәсібилік деңгейі туралы алаңдайды.
Пікірлер