A+ A A-

talgatzhan 43 11-10-2024, 14:30 0

Жүк вагондарының тапшылығы отандық өндіріс есебінен шешіле ме

Республика

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстанда жүк вагондарының тапшылығы мәселесі қалай шешілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап.

«ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 1116 Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, Қазақстанда вагон паркінің ескіруінің жоғары деңгейі байқалады. Яғни жүк паркі бөлігінде 2030 жылға дейін 14,3 мың вагон істен шығуы мүмкін. Сонымен қатар, индустрияландыру бағдарламасы іске қосылғаннан бері теміржол саласында машина жасаудағы өндіріс көлемі тепловоздар, электровоздар, жолаушылар вагондары, теміржол осьтері, дөңгелектер және басқа да ел үшін жаңа жоғары технологиялық өнімді оқшаулау есебінен 20 есеге өсті. Машина жасаудың жалпы көлеміндегі сектордың үлесі 2023 жылдың қорытындысы бойынша 12% құрады», — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында. 
Ведомство ақпаратына қарағанда, теміржол машина жасау секторында 7 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Қазақстанда «ЗИКСТО» АҚ (СҚО, Петропавл) және «Қазақстан вагон құрастыру компаниясы» ЖШС (Павлодар облысы, Екібастұз) сияқты жүк вагондарын өндірушілер бар. «ЗИКСТО» АҚ платформалар өндірісіне бағытталған. Зауыттың қуаты — 1 500 вагон платформа. «ҚВҚК» ЖШС алаңында жартылай вагондар өндіріледі. Зауыттың қуаты жылына — 3000 вагон. 

«Сонымен қатар, жүк вагондарын өндіру бойынша жаңа жобаларды іске қосу жұмыстары атқарылып жатыр. Биыл сұйытылған көмірсутек газдарын, мұнайды, газ конденсатын және жеңіл мұнай өнімдерін, теміржол цистерналарын тасымалдауға арналған платформалар, жартылай вагондар, жабық вагондар өндіру бойынша „Атырау вагон жасау компаниясы“ жобасын іске асыру басталды. Зауыттың жобалық қуаты жылына 6 мың жүк вагонын құрайды. Сондай-ақ, „Семей машина жасау зауыты“ АҚ вагон өнімдерін өндіруге арналған өндірістік алаңдарды трансформациялау бойынша жұмысты атқарып жатыр. Тиісті рұқсат құжаттарын алғаннан кейін, жылына 600-ге дейін жартылай вагон өндірісін жолға қою жоспарланған», — деп нақтылады министрлік. 
Жалпы, бұл секторда өніміне сұраныс жыл сайын артып келеді. Осы ретте саладағы мәселені шешу мақсатында ҚР Үкіметі отандық өндірушілердің жүктемесін қамтамасыз ету үшін биыл «Қазақстан Темір Жолы» компаниясына отандық тауар өндірушілерден 2 000 платформа мен 3 000 жартылай вагон сатып алуға қаржы бөлді. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша теміржол машина жасау секторында өндіріс көлемінің айтарлықтай өсті.

Биыл тамыз айында ҚР Көлік министрлігі осы жылы күзде егін орағы кезіңінде астық тасымалдайтын вагондармен қамтамасыз ету мәселесіне түсінік берген еді. 

Айта кетейік, осы жылы Атырау облысында ашылған жаңа зауытта жүк вагондары құрастырыла бастады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив