
Жастар туралы айтқанда Ұлы Абайдың «... жас адамды ақыл-парасат, ғылым мен пайдалы еңбекке баулу керек» деген нақыл сөзі еске түседі. Бұл ретте, жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруде кітапхананың алатын орны ерекше. Қазіргі кітапхана жастарға қосымша білім беру, мәдени және интеллектуалды деңгейін көтеру, бос уақытын тиімді өткізу орталығы. Десек те, жастарды кітапханаға тарту бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселеге айналды.
Ашығын айтсақ, біз 21 ғасырда, ашық әлемде өмір сүріп жатқан Z-ұрпақ пен альфа ұрпақты 20 ғасырдағы ескі жұмыс түрлерімен қызықтыра алмаймыз. Өйткені, қазіргі жас жеткіншектер виртуалды әлемнің тұрғындары, олардың айналаны қоршаған ортаға деген өзіндік ұстанымдары мен пікірлері қалыптасқан. Жас жеткіншектер үнемі қозғалыста, шығармашылық ізденісте болады. Олар жаңалықты тез қабылдап, жаңа дүние жаратуға бейім тұрады. Сондықтан, қазіргі жастарды тек жаңа технология арқылы кітапханаға тарта аламыз.
Осыны негізгі бағдар етіп алған жазушы Оралхан Бөкей атындағы кітапхана жас жеткіншектердің ұлттық санасын жаңа технология жетістіктерін пайдаланып серпілтуді көздейді. Кітапханада жас өрендер қазақ мәдениетінің таңғажайып әлеміне жетелейтін VR-қосымшасы арқылы киіз үй құрастыру, Dicital fashion арқылы цифрлық ұлттық киімдерді үлгілеу, «VR-асық» ойынын үйренуде.
Сонымен бірге Жасанды Интеллект (ЖИ) көмегімен ескірген суреттерді қалпына келтіруді қызыға игеріп жатыр. Кітапхананың жас программист мамандары жастарды осындай жаңашыл, креативті үйірмелер мен курстар арқылы кітапханаға тартуда.
Жуықта біздің кітапхана Қарағанды облыстық кітапханасы жариялаған «Жастарды кітапханаға тарту» атты ашық байқауға қатысып, жаңа технологияға негізделген жобаларын ұсынды. Олар - қандас отбасылардың балаларына арналған «Жас IT-жеткіншек» - цифрлық сауаттылық орталығы; 3D модельдеу, 3D басып шығару; Жасанды интеллект (ЖИ), "Jasyl Ui" (Жасыл үй) экологиялық мәдениет орталығы;IT мектеп - жас қыздарға арналған бағдарламалау және модельдеу үйірмесі; "VR-киіз үй" - виртуалды шынайылық студиясы; робототехника, 3D-мен сурет салуға үйрету; комикс пен манга жанкүйерлеріне арналған «COMICS-CLUB».
«COMICS-CLUB» орталығы интерактивті панель, плакаттармен және сүйікті кейіпкерлердің 3D үлгілерімен жабдықталған жаңа алаң. Жастар аниме және манга кейіпкерлерінің суретін салуды үйреніп, шеберліктерін шыңдап, әркім өзінің графикалық оқиғасының кейіпкеріне айналып комикс әлеміне кіре алады. Комикс алаңында жеткіншектер қызықты кітаптар оқып, ақпараттармен танысады.
Бұл жобалардың мақсаты - өскелең ұрпақтың дамуы үшін цифрлық кеңістік құру және оларға ІТ-технологиялар арқылы білім беру, кітапханаға тарту. Сонымен бірге кітапхана имиджінің өсуіне, қаржыландырудың барынша артуына ықпалын тигізеді.
Байқау нәтижесінде кітапханашы Руслан Бабировтың «Жаңа технология – жас жеткіншектерді кітапханаға тартудың тиімді құралы» атты жобасы үздікатанып, байқаудың Гран-При, яғни, Бас жүлдесінжеңіп алды. Бұл біздің кітапханамыздың зор жетістігінің бірі!
Жобалардың сәтімен жүзеге асуы нәтижесінде кітапханаға жастардың келуі жалпы келушілер санының 73%-ын құрады. Өйткені Оралхан Бөкей атындағы кітапханада келушілерге, әсіресе жастардың жаңа технологияны үйреніп, цифрлық дамуына барлық жағдай жасалған.
Бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатқан заманда қазақ жастарының білімді, мәдениетті болуы аса қажеттілік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «....жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел» деп атап өтті. Өйткені, өркениет жолындағы әрбір мемлекеттің іргетасы білімді де сауатты жастардан қаланатыны белгілі.
Шекер Нұрғалымқызы,
Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қызметкері
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер