A+ A A-

talgatzhan 53 21-02-2025, 10:00 0

«Сақтандырылғанды» сақтайды: Өскемен тұрғыны Сол жағалау емханасының қызмет сапасын сынға алды

ШҚО / Бүгін / Өзекті мәселе / Басты

Елдегі сын ең көп тағылатын жүйенің бірі - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Оның іске қосылғанына 5 жылдан асса да емделушілер МӘМС мәртебесі мәселесімен алысып әлек. Жүйедегі олқылықтар көпке аян, тіпті Денсаулық сақтау министрлігі де оны жасырмайды. Қалтасынан шыққан ақшаны емханалардағы қызмет сапасы ақтамайтынын айтып, айып тағатындар аз емес. Газет редакциясына өз шағымын айтқан Нұржанат Ихсанова есімді оқырманымыз да МӘМС жүйесіндегі мәселемен бетпе-бет келген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұрын тегін, қазір ақылы

Қазір жұмыс істеп тұрған жүйе азаматтарды екі топқа жіктеген: сақтандырылғандар һәм сақтандырылмағандар. МӘМС-ке ақы төлемесеңіз сіздің мәртебеңіз – сақтандырылмаған. Бұндай мәртебелі жандарға жергілікті емханалардың есігі жабылып, тіпті дәрі-дәрмек алуға шектеу бар. Сақтандырылған азаматтың өзі кез келген емханаға жүгініп, қалаған медициналық көмекті ала алмайтындығын айта кеткен жөн. Өйткені, біріншіден, көрсетілетін қызметтер мен берілетін дәрілердің тізбесі шектеулі. Төлемді бір ай кешіктірсең медициналық қызмет көрсетілмейтіні тағы бар.

Оқырманымыз Нұржанат Ихсанова бұрын медициналық сақтандыру мәртебесіне қарамай тегін емделіп, дәрігердің нұсқауымен тегін дәрі алып келген. «МӘМС-тегі өзгерістерден кейін, тегін мүмкіндіктен қағылдым» дейді оқырманымыз. Арнайы есепте тұрса да тегін дәріні ала-алмай жүрген өскемендік «Жеңілдік санатына» жатпайтын болып шықты.

- Мен «гипернотия» ауруы бойынша есепте тұрмын. Бұған дейін дәрігер тағайындайтын дәрілерді дәріханалардан тегін алып келгенмін. Яғни «Д» есепте тұратын науқастарға дәрі-дәрмек тегін беріледі. Соңғы рет өзім тіркелген Сол жағалау емханасына барғанда медбикелер гипертония бойынша есепте тұрған азаматтарға тегін берілмейтіндігін айтты. Себеп сол, енді тек МӘМС-тегі мәртебеге қарап ем-дом да, дәрі де тағайындалады екен. Бұған дейін ондай болмаған. Жалпы МӘМС-ке қандай өзгерістер енгенінен бейхабармын, - деді Нұржанат Ихсанова.

Мәселенің мәнісіне үңілу мақсатында оқырманымыз тіркелген Сол жағалау емханасына табан тіредік. Бас дәрігерден мекемедегі МӘМС мәселесіне қатысты пікірін білдік.

- «Диспансерлік» есепке алынған науқастар жыл басында толық дәрігерлердің тексеруінен өтеді. Азамат артериялық гипертония ауруымен есепте тұрса бірінші кардиолог дәрігерге қаралуы міндетті. 75-ші бұйрыққа сай кардиолог маманның рұқсатымен ғана дәрі тағайындалады. Дәрігердің дәріқағазы бір жылға жарамды. Аталған дәрілер 75-ші бұйрықтағы тізімде бар болса, онда науқасқа тегін беріледі. Кей науқастар «дәрі жақпайды» деп тегін көмектен бас тартып жатады. Емхана басшылығы бұйрықта көрсетілген дәрілердің тізімін ауыстыруға қауқарсыз, - деді Сол жағалау емханасының бас дәрігері Қанат Шапатов.

Егер оқырманымыз бұған дейін тағайындалған дәрілерді тегін алып келсе, биыл неге бұндай мүмкіндік жоқ? Осы сауалды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мамандарына қойдық.

- 2023 жылдың 31 қазанында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің №159 бұйрығы қабылданды, осы бұйрыққа сәйкес 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап нозология артериялық гипертензия (I10-I15) және аритмия (I47, I48) аурулары «Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен (ТМКК)» алынып тасталды. Жоғарыда айтылғандардың негізінде «сақтандырылмаған» мәртебесі бар, аритмия және артериялық гипертензия бойынша диспансерлік есепте тұрған пациенттер «сақтандыру» мәртебесін алуы қажет. 159 бұйрық нормаларын түсіндіру жұмыстарын жүргізу және осы аурушаңдықтар бойынша «Д» есепте тұрған адамдарды дәрілік заттармен уақтылы қамтамасыз ету үшін облыстағы БМСК емханаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылған, - деп жауап берді басқармадан.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – сақтандыруға салық төлемесеңіз аурудың ауыр-жеңіліне қарамай тегін ем алуды ұмытасыз.

Базада былық бар ма?

МӘМС мәселесін сөз еткен оқырманымыз Нұржанат Ихсанова өзі тіркелген Сол жағалау емханасындағы қызмет көрсету сапасына шағым түсірді. Оның айтуынша, емханада үнемі не компьютер, не база жұмыс істемей қалады. Соның салдарынан аурухана дәлізінде ұзын-сонар кезек. Тіпті бір науқас өз кезегін 8 сағат күткенін жеткізді. Кезектің мұнша ұзаққа созылуын жоққа шығарған мекеменің басшысы мәселені базадағы жаңартулармен байланыстырды.

- Кейбір науқастар қарапайым мәселені ушықтырып, «түймедейді түйедей етіп жатады». Емханадағы компьютерлер еш ақаусыз жұмыс істеп тұр. Бір аурухана бір емес, бірнеше базамен жұмыс істейді. Науқастарды қабылдайтын, оларды тіркейтін, дәрі тағайындайтын әртүрлі база бар. Кейбір базалар жаңарып тұрады, сәйкесінше оған кіру уақытша мүмкін болмайды. Бұл жұмыстарды республикалық Денсаулық сақтауды дамыту орталығы жүргізеді. Емханада кейде базалардың жұмыс істемей қалатынын жоққа шығармаймыз. Көп жағдайда науқастарға дәрі тағайындайтын базада ақау шығады. Базадағы жаңартулар мен ақаулар емхананың құзіретіндегі іс емес, - деді Қанат Шапатов.

МӘМС арқылы тегін ем аламын деп барғанда базада жаңартулар жүріп жатса – бұл уақыттың зая кеткені. Тегін емделу үшін талон қажет. Талонның уақыты сол күнге жазылса жақсы әрине. Бірақ бұндай бақ көбіне бұйыра бермейді. Бірнеше күн күткен кезегіңе жеткенде базаның бейнеті пайда болса, бұл жолы ұзын-сонар кезекті емес, техниканы күтуге мәжбүр боласың. Сол себептен кей науқастар ақылы емнің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Ақылы емнің құны да аспандап тұр. Оның үстіне дәрігердің нұсқаулығымен жазылған дәрі-дәрмектің құнын көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Азаматтардың МӘМС-ке салған қаржысын емханалардағы қызмет көрсету ақтамайтындығы жайлы айтқан назы осының көрінісі болар.

Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ

Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив