Аталған фильм қаһарманы театр және кино майталмандарымен бірге ШҚО драма және оперетта театрына келіп, естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Нұрлан Санжар Өскеменге келгенде кей тұрғындар оны бір көргеннен тани алған жоқ. «Жүзі таныс» деп екіұшты жауап бергендерімен, дөп басып айта алмады. Бірақ «Менің атым Қожа» фильмін айтқанда бірден естеріне түсірді.
– «Аға, бізбен бірге делегация құрамында Өскеменге жол тартасыз» дегенде әуелде абдырап қалдым. Өзімнің театр саласына қатысым жоқ екенін айтып бақтым. Бірақ тек театр емес, кино жанры да сөз етіліп, Бердібек Соқпақбаевтің 100 жылдығына орай деген соң көппен бірге келдім. Өскеменде осындай әдемі театр салынғанына қуанып отырмын. Жалпы, Бердібек Соқпақбаев туралы сөз етпес бұрын бір нәрсені ашып айта кетейік. 1958 жылы «Менің атым Қожа» повесті жазылған соң оны Қазақстанда басып шығаруға рұқсат бермеді. Содан оны сөзбе-сөз аудартып, Мәскеуге әкетті. Орысшалап шығартып, жас гвардияға табыстауды жөн көрді. Бірақ ол жақтағы редакторлар Бердібек Соқпақбаевты француздың коммунист жазушысы Луи Арагонмен таныстырды. Луи Арагон қазақстандық жазушы апарған шығарманы оқып отырып, басты кейіпкердің өз туындысындағы бұзық баламен ұқсас екенін бірден байқаған. Сосын ол өз қаржысына француз тілінде басып шығартты. Кейінірек орыс тілінде, арада біраз уақыт өткен соң Қазақстанда қазақ тілінде кітап болып басылды, – деді актер.
Нұрлан Санжар жас күнінде Катонқарағай ауданында да жұмыс істеген. Сөз арасында ауылда қанша еңбектенсе де, әлденеден жалығып, шаршау деген болмағанын айтты. Бірақ заман талабы оқығандарға жол ашатынын ескеріп, Катонқарағайда жұмыс істеген соң Мәскеуге жол тартқан. Өзі Алматыда өмірге келсе де, ата-анасы Ақтөбе облысының тумалары.
Айта кетейік, 1-5 қазан аралығында облыстық драма және оперетта театрында еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі, облыс әкімдігі, облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен Қазақстан драма театрларының 30-шы республикалық фестивалі өтеді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер