A+ A A-

talgatzhan 69 8-06-2025, 10:00 0

Әлемнің үздік физиктері Amanzholov University-де қандай тақырыптар көтерді?

ШҚО / Өскемен

Жуықта Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында Қазақстандық физикалық қоғамының IV жыл сайынғы конференциясы өтті. Әлемнің үздік ғалымдары бас қосқан жиын тек университет тарихындағы емес, мұқым елдің ғылыми әлеуетін танытатын маңызды оқиға болғаны рас, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.


Соңғы жылдары білім желкенін биік көтерген оқыған-тоқыған азаматтар Өскеменге жиі атбасын бұрып жүр. Конференция барысында бүгінгі іргелі және қолданбалы физиканың күн тәртібін айқындайтын әлемге танымал ғалымдар баяндама жасап, өзекті мәселелерді көтерді.
IV жыл сайынғы конференция Қазақстан мен шетелдің жетекші физиктерін, зерттеушілерін және ғылыми мектептер өкілдерін бір шаңырақ астына жинады. Үш күн бойы бұл шара ұлттық шеңберден шығып, физика ғылымының болашағы мен үздік ғылыми жобалар жайлы халықаралық диалог алаңына айналды. Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ баспасөз қызметі мәліметінше, Ұлыбритания, Польша, Түркия, Малайзия секілді елдерден келген жетекші ғалымдар мен сарапшылар, сонымен қатар, отандық жас ғалымдар мен студенттер де конференцияға қатысты. Кембридж университетінің (Ұлыбритания) профессоры Сиддхарт С.Саксена - кванттық материя мен спиндік күйлерді зерттеу саласының көшбасшыларының бірі өз баяндамасымен ерекше назар аудартты. Ал Польшаның Вроцлав политехникалық университетінің профессоры Войцех Вилеба жоғары энергиялар физикасы мен ядролық қондырғылар саласындағы зерттеу нәтижелерімен бөліссе, Станислав Сташица атындағы Тау-металлургия академиясының профессоры Марцин Кот нанофизика және конденсацияланған орта физикасы бойынша соңғы әзірлемелерді ұсынды.
– Бұған дейін де Өскеменде зерттеу жұмыстарын жүргізген болатынмын, сол себепті бұл қалаға тағы да оралу мен үшін үлкен қуаныш. Шығыс Қазақстан өңірі табиғи ресурстарға өте бай, бұл өз кезегінде материалдарды зерттеу ісіне деген ынта мен қызығушылықты арттырады. Осы конференция – алдағы кең көлемді ғылыми ынтымақтастық пен зерттеулердің бастамасы деп білемін. Болашақта металлургия, титан және сирек кездесетін металдар саласында бірлескен жобаларға ерекше көңіл бөлінеді, – деді профессор Сиддхарт С.Саксена. 
Конференцияда STEM-білім беру және физика пәнін оқыту әдістемесі саласының маманы Малайзияның Султан Идрис педагогикалық білім беру университетінің өкілі доктор Мұхаммед Нуразлан бин Абд Азиз, сондай-ақ Сакарья университетінің (Түркия) профессоры Али Чорух плазмалық физика мен материалтану бағытындағы жұмыстарын талқыға салды. Сондай-ақ, Назарбаев университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚазҰТЗУ, Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты және еліміздің басқа да жетекші ғылыми ұйымдарының ғалымдары өз жобаларымен танысты.
– Бұл конференция Қазақстанның жетекші физиктері мен жас зерттеушілерін, оқытушылар мен білім алушыларды біріктіретін маңызды дәстүр. Қазіргі таңдағы кез келген технологиялық прогрестің негізінде – ғылым, соның ішінде ең алдымен физика тұр. Сондықтан Қазақстандық физикалық қоғамының жыл сайынғы конференциясының маңызы өте жоғары. Әсіресе, жаңа ғылыми-технологиялық революция белең алып жатқан қазіргі кезеңде мұндай ғылыми алаңдардың болашаққа берері көп, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Конференция аясында БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Тұрақты энергетика жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Чокан Лаумулин келешекте энергия шығынын үнемдеуге бағытталған жобаларын назарға ұсынды. 
– Бүгінгі таңда адамзат өндірілген энергияның едәуір бөлігін тасымалдау кезінде жоғалтады. Егер біз асқын өткізгіш материалдарды жасап, оларды кең көлемде қолдана алсақ, энергияны шығынсыз тасымалдауға қол жеткіземіз. Бұл, әрине, оңай шаруа емес, көп ғылыми зерттеу мен уақыт қажет, – деді Чокан Лаумулин.
Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми қызметкері Лаифа Буфенди қатерлі ісікке қарсы жаңа технологияны таныстырып, отандық ғылымның медицинамен байланысы жайлы баяндамасын талқыға салды.
– Қазіргі таңда біз өз зерттеуімізде нанотехнология мен микротехнология бағыттарына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Негізгі мақсатымыз – қатерлі ісіктің нақты орнын анықтап, ағзаға кері әсерін тигізбестен, емдеуді дәл сол жерге бағыттау, яғни ісікті локализациялау. Бұл бағытта біз магниттік гипертермия әдісін қолдана отырып, ісікке дейін жетуді көздейміз. Осы тәсіл арқылы қатерлі ісікті дәл табу мен оны тиімді емдеу мүмкіндігі артады, – деді ғалым.
Халықаралық ғылыми диалог аясында Amanzholov University-дің жас ғылыми қызметкерлері авторлық баяндамалар жасады. Олардың қатарында Ақатан Қыдырмолла, Меруерт Мәулет, Еділжан Қамбаров, Тілеубек Далабаев, Айым Набиолдина, Диас Ерболат, Мақпал Нуризинова, Мөлдир Баяндинова, Назым Сағиева, Тілек Қуанышбеков, Дана Болатқан және Әмина Ноканова бар.

– Мен Ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертхана мен ҚР ҰЯО арасындағы бірлескен зерттеу нәтижелерін ұсындым. Бұл зерттеулер сутегі энергетикасы тақырыбына арналды. Себебі сутегі – болашақтың энергия көзі ретінде қарастырылып отыр. Ұсынылған мәліметтер конференция қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Бүгінгі пікірталас нәтижелі ғылыми ынтымақтастық пен жаңа жетістіктерге жол ашады деп сенемін, – деді ШҚУ аға ғылыми қызметкері Ақатан Қыдырмолла. 
Альма-матер ғалымдары қазіргі физиканың басым бағыттарын кеңінен қамтыды. Олар баяндамаларында іргелі және қолданбалы ғылым салаларын қамтитын тың зерттеу нәтижелерін ұсынды. Зерттеушілер ғылыми-техникалық және әдістемелік тұрғыда маңызды мәселелерді көтеріп, оларды кәсіби қауымдастықпен бірге талқылау қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстандық физикалық қоғамының IV жыл сайынғы жиналысы – отандық және шетелдік ғалымдар арасындағы тәжірибе алмасуға әрі тиімді ғылыми үйлесімділікке арналған бірегей алаң. Жиын барысында заманауи физиканың өзекті мәселелері талқыланып, жаңа зерттеу бағыттары ұсынылды.
Фотосурет ШҚУ баспасөз қызметінен

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив