A+ A A-

talgatzhan 31 11-06-2025, 17:23 0

Алты ұлт өкілі тату тұрып жатқан шаңырақта қазақ тілі байланыс құралына айналған

ШҚО

Осыған дейін өңір көлемінде екі, үш ұлт өкілі ұйыса ғұмыр кешіп жатқан отбасылар туралы бірқатар мақала жазылған болатын. Сәл ресмилеп айтсақ, интернационалды жанұялар. Сұрастырып, байқаған адам Риддерде ондай кейіпкермен жиі ұшырасуы мүмкін. Бірақ біз әңгімелескен тұрғынның тағдыр талайы оған да, оқырманға да тамаша тарту жасапты. Бір шаңырақ астында қазақ, орыс, молдованнан бастап, армянға дейін тұрып жатыр. Катонқарағай ауданының тумасы Алима Эсенова 70-тің жуан ортасын аралаған шағында кеншілер шаһарындағы шым-шытырық өмірі туралы айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Таңдау неге медучилищеге түсті?
Әдетте әңгіме тиегі әр адамның кіндік қаны тамған жерінен ағытылып, әрі қарай өрілген өмірімен сабақтасады. Алима Қабашқызы тұрғындар «малға қасқыр шапты» деп жиі қоңырау шалатын Жаңа Үлгі ауылында дүниеге келген. Елдімекен іргесінде тағының тайраңдауын құп көрмейтін қазақ жазушыларының бірі әңгімесінде «анау сылдыраманың ары жағында маңыраманы ұлыма қырып жатыр» деп астарлап жеткізген еді. Бірақ Жаңа Үлгі жұрты аң-құспен ғана емес, небір тынығушы немкетті қарай алмайтын көркем табиғатымен де мақтана алады. Дегенмен дәл қазір ауқымды ақпаратқа арқау болар ауыл емес, көпұлтты отбасының тіршілігі мен тіл жағдайы қызықтырып тұр бізді. 
– 1957-ші жылдары ауылымызда 4-ақ сынып болды. Біртіндеп бала саны көбейіп, 8 жылдыққа ауысты. Жалпы, оқушы кезімде негізгі білімді Рыков атындағы мектепте алдым. Осы білім ошағын 1967-ші жылы тәмамдадым. Мектеп түлектері – шетінен мықты азаматтар мен азаматшалар. Олармен әлі күнге шейін WhatsApp-тағы тобымызда амандық сұрасып тұрамыз. Екі сыныптың оқушыларын қосқанда мектепті 57 бала бітірді. Бүгінде қатарымыз сиреп қалды. Пенде атаулының өмірі өлшеулі ғой, – деді Алима Эсенова.
Қазір қалғаны – 30-ға тарта сыныптас. 75-тен асса да өзара қауқылдасып, отырыс көркін қыздырады. Қозғайтын тақырып ауаны әралуан. Немерелі, шөберелі жандардың әзіл-қалжыңы әлі жарасады. Ал оған дейін жүріп өткен жолдары әрбірінде түрліше.
–  Бала күнімде дәрігер болуды армандадым. Сосын ұстаздық жолға да қызықтым. Өзім үлкен жанұяның тұңғышымын. Көпбалалы отбасынан шыққам, он бала едік. Бәріне екінші анасындай болып кеткем. Ауылда оқуымды тәмамдап, Өскеменге орнықтық. Арада біраз уақыт өткенде, 1970-ші жылдардың басында Риддерге келдім. Ол кезде 20 жастамын. Содан тұрмысқа шығып, кішкентайлы болдым. Бала болған соң ауырмай тұрмайды. Риддерде медучилище барын естіп, оқуға түскім келді. Бар ойым, оқу орнын аяқтап, кейін сырқаттанған балаларымды өзім емдеп алу еді, – деді кейіпкеріміз. 
Алима Қабашызы 1976-ші оқу орнын бітіріп шыққанда, үш баланың анасы атанып үлгерген-ді. Ол уақытта қазақ қыздарының қарасы қалың еді училищеде. Қабілетті, оқуға құштар. Көбі ауылдан келген. Бірақ қазақ тіліне шорқақ. Ал медицинада термин сөздер дегенің жетіп артылады. Жаттап келгендерімен, көңілге тоқып айту қиын. Қазақ және орыс тілінде еркін сөйлейтін Катонқарағайдың тумасы айналасындағы студенттерге соны түсіндіреді. Оны оқытушылар да байқаған. Алима Қабашқызы білгенімен бөлісіп, кейін қыздар сабақ кезінде тілді төртке күрмейтін терминдерді дұрыс айтып қана қоймай, мағынасын түсіне бастады. 
 – Пайызбен алсақ, 1970-ші жылдары қаладағы қазақтардың үлесі бар-жоғы 3% ғана. Сондықтан болар, шет жақтардан келген қазақ бойжеткендеріне қиын болды. Медучилищені таңдау себебім сол, жоғарыда айтқандай, балаларым науқастанып қалса, дұрыс дәрісін беріп, екпесін салу. Мен түскен фельдершлік бөлім жан-жақтылыққа үйретті. Іс-тәжірибеден өткенде қиын тапсырмалар да берілетін. Бірақ медицинада дәрігер ретінде көп бөгелген жоқпын. «Сестринское дело» деген басты пән бар еді медучилищеде. Соған шақырды. 1985-1999 жылға дейін сол жерде сабақ бердім, – деді жерлесіміз.
Айтпақшы, 1986-ның ызғарлы желтоқсанында Брежнев алаңындағы бұлқыныс буы бұ жаққа да жетпей қоймады. Жастар жанталасты әсіресе. Медициналық училищеде сабақ беріп жүрген Алима Эсенова және басқа оқытушылар жатақханалар ауызында күзетте тұрып, тәртіпке де жауапты болды. Тау-кен техникумда оқитын рухы биік бірнеше жігітті оқудан шығарып жібергенін де көрді. Ол кезде халық саны қазіргіден мол ол. Кейіпкеріміздің айтуынша, 1970-ші жылдары Риддерде 78 мыңға тарта адам тұрған. Үйлер салынды, көпшілік тау-кен өндірісінде еңбектеніп, көшіп келушілер саны артты.
 – Қазір ғой, тұрғындар саны 52 мыңға азайды. Жалпы, қаладағы тіршілік жүйесі өзгере қоймаған. Бұрынырақта бюджеттік ұйымдар көп болса, қазір олардың қатарын жекеменшік мекемелер толықтыруда, – деді Жаңа Үлгінің тумасы.

Түркімен жігітімен танысқан сәт
Тұрақсыздық таразысы теңселіп тұрған 90-шы жылдары жерлесіміз қоғамдық жұмыстарға араласа бастады. Әуелде кеншілер, металлургтер, дәрігерлер, мұғалімдер қауымындағы азаматтар мен нәзік жандылармен кеңесе келе, «Қазақ тілі мен мәдениеті» ұйымы ашылды. Екі тілді жетік білуінің бір пайдасы сол, жергілікті «Мақсат» радиосына шақырып, өзін диктор ретінде сынап көрді. Қазақ тіліндегі хабарлар біртіндеп осылай таралды. Алима Қабашқызының сөзінше, 1990-шы жылдардың аяғында қызметі Риддермен қабысқан Шәкәрім Бұқтұғұтов көп жағдайда мемлекеттік тілдің құлаш сермеуіне мұрындық болды. Мемлекет меншігіндегі радионы жекеменшікке ауыстыруға да үлесін қосқан. Соған орай кейіпкеріміз «Мақсат» радиосының қазақ және орыс редакциясына директор болып тағайындалды. Бас редакторы да – Алима Эсенова.
Қоғамдық жұмыс қызып жатқанда ұлттық мәдени орталықтар ашылды біртіндеп. Алдымен оған алты этнос кірді: қазақ, орыс, неміс, татар-башқұрт, әзірбайжан және шешендер. Кейін саны 9-ға жетті. «Темірді қызған кезде соқ» демекші, сұңғақ һәм қой көзді жерлесіміз Шәкәрім Сабырұлына қолқа салып, көп ұзамай Риддерде «Достық үйі» ашылды. Көптің дауысы Алима Қабашықызын директорлыққа лайық көрді. Айта кетейік, Өскемендегі «Достық үйі» облысты қойып, республикада тұңғыш ашылған болатын. Ал Шығыс Қазақстанда ұлттар ұйысқан екінші нысан осы Риддерде жұмысын бастады. 
 – Кей адам ойлайтын болуы керек: Достық үйінде тек ән айтып, би билеп қайтады деп. Олай емес. Ұлттық саясаттың бәрі осында жүргізіледі. Түрлі халық болғасын, түрлі мінез бар. Қызу қанды шешен, әзірбайжан ұлты бір сөзді қате естісе, со жерде асаулық танытады. Солардың бәріне басу болып, сәті түссе дұрыс жаққа бағыттап жіберу керек, – деді Алима Эсенова.
Риддердегі «Достық үйінің» ашылуына негіз болған катонқарағайлық нәзік жанды 2008 жылы осы жерден зейнетке шықты. Бірақ ол жақтың жұмысынан түбегейлі алшақтап кете алмады. 
Енді біртіндеп көпұлтты отбасы тіршілігіне ойысайық. Жаңа Үлгінің жайдары қызы құрбы-құрдастарымен өткен басқосулардың бірінде өңі қазақтан аумайтын жігітке ұнаған болуы керек. 
– Ол кезде жасырақ кезіміз. Әдемілеу болған шығармыз (жымия тіл қатты). Көңіліміз жарасып, отау құрдық. Аты-жөні – Оразкули Эсенов. Байрамали қаласының тумасы. Содан жақындарымыздың басын қостық. Ұлан-асыр той жасадық демеймін. Байрамалиден жұбайымның ағасы, туысқандары келді. Жалпы, ол жақты курорттық қала дейді. Бірақ жазда күн ыстық, бізге жайсыздау. Шүкір деймін, үш ұл, бір қызды өсіріп-жеткіздік, – деді Катонқарағайдың тумасы.
Түркімендер салтына адал, дінге берік келеді дейді. Байрамалиге құдалыққа барған қазақтар мұны өз көздерімен көріп қайтқан. Отбасының тұңғышы – Алида. Сосын егіздер – Арман мен Фархад. Арман үлкені. Арада 20 минут өткенде Фархад дүние есігін ашқан. Жалпы, егіздер туралы қисынды-қисынсыз әңгімелер көп. Мәселен, біреуі сырқаттанып қалса, екіншісі мұны бірден сезеді десетін. Алима Қабашқызының сөзінше, ондайды байқамады. Екеуі де өздерін бір уақытта жайсыз сезініп, бір уақытта оңалып кетті. Арман жас күнінде молдован қызына үйленсе, Фархад қазақ бұрымдысын жар қылды. Егіздер бірнәрсе айтса «мен» демейді, «біз» деп сөйлейді. Қызы Алида өзбек жігітіне тұрмысқа шықса, кенже ұлдары Дархан Татьяна есімді орыс қызын ұнатты. 
– Астанадағы туған сіңілімнің үлкен қызын армян жігіті алып отыр. Наурыз, Жеңіс күні, Жаңа жыл, Пасха сияқты мейрам күндері әр ұлт тағамдары молынан қойылады. Орыс, молдован келіндерім бешбармақ пен қуырдақты дәмді етіп әзірлейді. Палау мен борщ те бар. Жұбайым 15 жыл бұрын өмірден өткен. Негізгі мамандығы – техник-құрылысшы. Сырт көзге сұсты көрінгенімен, мінезі байсалды, жайлы кісі еді. Өзімді кереметтей сыйлап, жақсы көретін. Қазақ тілін де едәуір түсінді. Мені «шахиня» дей-тұғын (жымиып жіберді). Ханша, ханшайым деген мағына береді екен түркімендерде. Сол шахинясын алақанына салып аялап өтті, – деді өткенге ой жүгірткен жерлесіміз.

«Достық үйіндегі» думанды өмір
Алима Қабашқызы әңгіме барысында балаларын мақтанышпен айтып отырды. Хакім Абай айтқандай, әрбірі кірпіш дүниенің кетігін тауып, қаланған. 
 – Үш ұлым да Риддердегі «Казцинк» зауытында істейді. Өз ортасына сыйлы азаматтар. Қызым Алида – педагогикалық және медициналық білімге ие. Төрт баламнан үш немере, бір жиен, бір жиеншар, бір шөбере сүйіп отырмын. Құдайға шүкір, келіндерім жайлы. Өзімнің мінезім жұмсақ. Бірақ келіндерім, әсіресе өзге ұлт қыздары босағадан аттағанда «Біздің өз салтымыз, жанұямыздың қалыптасқан өз тәртібі бар. Ұнаса, қабылдаңыздар, ұнамаса, есік әне» деп баса айттым. Бірге тұратын адамдар болғандықтан басын ашып алуымыз керек еді, – деді кейіпкіріміз.
Өзбек күйеубаласын да ерекше атап өтті. Сыпайы, тілі майда, енесі үйге кірсе, орнынан атып тұрып сыйластығын танытатын көрінеді. Ресмилеп жазсақ, әулетте қазақ тілі әбден бекіген қарым-қатынас құралы. Бір емес, бірнеше ұлт өкілі болғандықтан ой бөлісу, көкейдегісін жеткізу кезінде кідірістер байқалатыны белгілі. Ондайда орыс тілі көмекке келеді. Биыл қаңтарда 75 жас мерейтойын атап өткен Алима Қабашқызы мына бір естелігін мысал етті.
 – Барлық мерекені осы «Достық үйінде» атап өтетінбіз кезінде. Сол Наурыз көжені, бауырсақты қалаға таныстырған біздің «Қазақ тілі қоғамы» еді. Наурыз мейрамын тойлатып, үйге қайтып келе жатсақ, екі орыс әйелі сөйлесіп келе жатты. Сөйтсе, «дастарханда шабдалыға ұқсас, бірақ ұннан жасалған тағам түрін жедік» деп бауырсақты сипаттап айтып келеді екен. Жалпы, Риддер халқы 90-шы жылдардың басында Наурыз көжені алғаш рет ішті. Ұлттық әндерді айтып, домбыра тартып жүрген қазақтар да атсалысты бұған, – деді Алима Эсенова.
Сонда ұжымдағылар: «Алима Қабашқызы, сіз қаладағы «Достық үйінен» бөлек, үйіңіздегі «Достық үйінде де» жұмыс істейсіз» деп қалжыңдаған екен. «Бақыттысыз ба?» деп сұраған едік, ойланбастан «Иә» деді. Мұның себебін тереңге бармай, өмірде де, қызметте де орнын тапқан балаларына қарап бағамдауға болады. Шөбере қызығын көрген Жаңа Үлгінің тумасы Катонқарағай ауданында тұрып жатқан сіңлісі туралы сөз арасында айтып қалды. Күлшекер Қабашқызы «X фактор» жобасының 10-шы маусымында топ жарған Мирас Ерболовтың анасы. Қысқасы, әулетте әр саланың тізгінін берік ұстаған талант иелері аз емес. Жерлесіміздің өмір мектебі «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген тәмсілді санасына сіңірген. «Білімің емес, білгенің көп болсын» деп те айтты. 
Ұлттар ұйысқан шаңырақтың түтіні түзу ұшып, желкені биік болсын дейміз. 
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосурет автордікі)

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив