Облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықовтың ақпаратынша, бұл ауру жануарлар үшін де, адамдар үшін де қауіпті инфекция саналатындықтан сібір жарасының алдын алуға ерекше назар аударылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, сібір жарасының қоздырғышы сыртқы ортада ұзақ сақталады. Оның споралары топырақта 70 жылдан астам уақыт сақталып, әсіресе мал ластанған жем-шөпті жегенде үшін жұқтырады.
– Сібір жарасын малды сою кезінде зертханалық зерттеулерсіз анықтау мүмкін емес. Алайда малдың қаны ұйымай, қара түсті болса, өлексе тез ісініп, мал өлексесі тез шіри бастауғанына қарап жобалауға болады, – делінген Рамиль Сағандықов ұсынған ақпаратта.
Мамандар сөзінше, сібір жарасына күдік болған жағдайда өлексені ашуға қатаң тыйым салынады. Бұл қоздырғыш спораларының қоршаған ортаға таралуына және адамдардың жұқтыруына әкеп соғуы мүмкін.
Ресми мәліметке сәйкес облыс аумағында 2000 жылдан бері сібір жарасының бірен-саран оқиғасы тіркелген. Айталық, 2008 жылы Ұлан ауданындағы Жаңа Қанай ауылында және 2018 жылы Үлкен Нарын ауданына қарасты Алтынбел ауылында болды. Біздегі сұрақ: оқиға болған соң ол жерде қандай шара қолданылды?
– Алтынбел ауылын мысалға алсақ, мал өлген жерді, өлексені түгелдей өртеп, кейін сол аумақты қоршадық. Санитарлық талапқа сәйкес қоршау биіктігі 1,5 метр. Содан бері жылына екі мәрте аталған ауылға барып, топырақ сынамасын аламыз. Облыстық зертханаға апарып, сібір жарасының спорасын іздейді. Спора дегеніміз сол, организмнің көбеюіне әсер ететін жасуша. Жоғарыда айтылғандай, ол топырақта 70 жыл сақталады. Бактерия тез өлсе, спораның өміршеңдігі әлдеқайда ұзақ. Бұл біздің тараптан жасалатын шаралар. Ал ауылдық округ басшылығы барлық малға вакцина салынуын қадағалайды, – деді Рамиль Сағандықов.
Пікірлер