Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазір облыстың бірнеше ауданында су тасқынына дайындық және алдын алу шаралары жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Табиғи апатты болдырмаудың амалы - ертерек қамдану. Өңірде келер жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында 13 ауданда түрлі деңгейдегі 55 іс-шара жоспарланған.
- Бүгінгі таңда төрт алдын алу шарасы толық аяқталды. Атап айтқанда, Зайсан ауданының Шалқар ауылындағы 1200 метр қорғаныс бөгетін қалпына келтіріп, Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Сәтпай ауылындағы су тасқынына қарсы бөгетте жөндеу жұмыстары аяқталды, - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Сондай ақ Катонқарағай ауданына қарасты Берел ауылындағы Бұқтырма өзенінің арнасын тереңдетіп, жағалауды тазарту жұмыстары аяқталған. Соловьев ауылдық округіне қарасты Маяк ауылындағы су ағатын арық тазартылды.
- Глубокое ауданы Жаңа Үлбі ауылының маңындағы өзенде арналарды реттеу жұмыстары жүргізілуде. Өзен арнасы тазартылып, аспалы көпір аумағы тереңдетілді. Тарханка ауылының Мехнин көшесі арқылы өтетін судың жағалаулары күшейтілді, - дейді мамандар.
Департамент мәліметінше, Алтай ауданында да өзен арналарын тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Богатырево ауылындағы бөгет жөндеуден өтіп, Березовка өзенінің арнасы тазартылған, Соловьево ауылының маңында бөгет салу жұмыстары аяқталды.
Пікірлер