Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде FOUNDATION дайындық бөлімі тыңдаушыларын қарсы алу кеші салтанатты түрде өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«FOUNDATION ЕКТУ сахнасында!» атты шара жаңа бастамаларға жол ашып, тыңдаушыларды университет ұжымының толыққанды мүшесі ретінде қабылдауға арналды. Іс шара барысында студенттер арасында топ құрылып бір-бірімен сайысты.
Сайысқа қатысқан студенттер – Қытай, Моңғолия, Өзбекстан елдерінен атамекенге білім іздеп келген жастар. Бұл шара олардың студенттік өміріне алғашқы қадам басуы ретінде өткізілді. Тыңдаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылған кештің шымылдығын Басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Асия Хасенова Машекенова ашты.
– Біз сіздердің ШҚТУ-ға келгендеріңізге өте қуаныштымыз. Сіздерге сапалы білім беріп, жарқын болашаққа жол ашатынымызға сенімдіміз, – деді ол.
Кештің құрметті қонағы – ұлттық мәдениетті насихаттаушы, қоғамдық іс-шаралардың белсенді қатысушысы, Ұлан аудандық мәслихат депутаты, мәдениет қызметкері Нұртай Тілеужан. Ол FOUNDATION бөлімінің ашылуына да елеулі үлес қосқан азамат ретінде жастардың ыстық ықыласына бөленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мәдениет саласындағы еңбегі үшін марапатталған тұлға университет тарапынан да арнайы құрметке ие болды.
Өзінің өмірлік тәжірибесімен бөліскен Нұртай Тілеужан білім бар жерде – мүмкіндік бар екенін баса айтты.
Кеш одан әрі қызықты өнер сайысымен жалғасты. «Достық үні», «Шаңырақ», «Бірлік» командалары көркем сөз, сахналық көрініс, ән және би бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Әр команда «Университет өмірі кадрда» атты шағын бейнеролик ұсынып, ШҚТУ-дағы қызықты сәттерді шығармашылықпен бейнеледі.
Шара соңында қазылар үздік шыққан командаларды марапаттап, қатысушылардың өнері мен белсенділігіне жоғары баға берді. Жылы атмосферада өткен бұл кеш тыңдаушылардың есінде жарқын әсер қалдырып, университеттегі жаңа өмірге деген ынтасын арттырды.
Пікірлер