
ШҚО-дағы А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада биыл бірқатар іс-шара өтті
Кітапхана – адамзаттың сан ғасырлық мұрасын сақтап, жүрекке жол табатын рухани шамшырақ. Кітапхана тек мәдени-танымдық орын ретінде ғана емес, ұлттық руханиятқа үлес қосатын, қоғамдағы білім мен мәдениеттің деңгейін арттыратын киелі мекен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жыл басынан бері ұйымдастырылатын «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» экспозициясы оқырманға ел мен өңірге еңбегі сінген көрнекті тұлғалардың өмір жолы мен шығармашылығын таныстыруға арналған. Көрме жыл сайын жаңарып, толықтырылып, жаңа көзқарас пен тың деректермен байытылып отырады.
«Ес-аға» фототілшілер клубының ашылуы өңірдің мәдени өміріне ерекше серпін берді. Белгілі фотограф Есімхан Орынбаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған бұл клуб арқылы фотосурет өнері арқылы өңір тарихын насихаттау, талантты тұлғалардың жарқын бейнесін көрсету мақсаты жүзеге асты. Клубтың жұмысы шығармашылық қабілеті бар адамдарға өз талантын дамытуға жағдай жасады. Фотоға түсіріп үйренгісі келетін әрбір қала тұрғыны осы клубқа жазылып, қатысуға болады. Клубтың жетекшісі - Қазақстан Журналистер одағының ШҚО филиалының төрағасы, «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Мерей Қайнарұлы.
Кітапханадағы байқаулар – жас таланттарды анықтап қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдайтын, рухани әлемін байытатын маңызды мәдени алаң.
«Абайдың Тоғжаны» облыстық байқауы ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, жоғары сынып оқушылары мен студенттер шығармашылық қабілеттерін, интеллектуалдық ойларын көпшілікке көрсетті. Бұл байқау жас ұрпаққа Абайдың терең ой-пікірін ұғынуға, әдеби талғамын дамытуға ерекше мүмкіндік берді. Сол рухани ізденіс «Абай мұрасы – ұрпаққа аманат» облыстық байқауымен жалғасын тауып, қатысушылардың ұлттық әдеби мұраға деген құрметін арттырып, ел тарихымен тығыз байланыста болуға шақырды.
Кітапханада өтетін байқаулар тек әдебиетпен шектелмей, патриоттық тәрбиеге де жол ашады. Мысалы, «Қаһарман қыз Сәбира» байқауы желтоқсан көтерілісінің батыр қызы Сәбира Мұхамеджановаға арналған. Ал Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстаз Құмаш Нұрғалиевтің 100 жылдығына арналған «Ұлағатты ұстаз – Құмаш Нұрғалиев» облыстық байқауы педагогикалық мұра мен адамгершілік құндылықтарын дәріптеп, жас буынның тәрбиесіне зор үлес қосты.
Өнер мен шығармашылықты дамыту бағытында «Қыран елім – Қазақстан» жас суретшілер байқауы бой көрсетіп, жас суретшілердің қиялын еркін ұшырды. Олар өз туындылары арқылы ел тарихын, табиғатын және болашаққа деген армандарын бейнелеп, патриоттық сезімдерін күшейтті. Сол сияқты сөз өнерін сүйетін жастарға арналған «Жырың болып төгілемін» оқушылар айтысы өз сөз шеберлігін шыңдауға, тапқырлық пен шығармашылық ойды дамытуға мүмкіндік берді.
Әдебиет сүйер қауымды біріктіретін «Қалихан Ысқақ оқулары» да ерекше орын алды. 90 жылдық мерейтойына арналған бұл шара арқылы қатысушылар жазушының шығармаларымен сусындап, олардың көркемдік және рухани мәнін терең түсінді.
Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдық мерейтойына орай «Шарықта, Шәмші әндері!» атты ән байқауы ұйымдастырылды. Байқауға қатысушылар Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындап, оның музыкалық мұрасын жаңғыртты. Аталмыш байқау кітапхана жанынан құрылған «Төр Алтайдың әдеби әлемі» атты клуб аясында өтті.
Кітапханада әр айда әдебиетсүйер қауым мен шығармашылыққа құмар оқырманға арналған іс-шаралар үздіксіз ұйымдастырылады. «Ауғанның отты жалыны...» атты кездесуде интернационалист жауынгер Баелов Айдос Әбенұлының өмір жолы мен естеліктері тыңдалды.
Наурыз айында ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұраға ерекше көңіл бөлінді. Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне арналған жәрмеңке арқылы халық ұлттық тағамдармен, қолөнер бұйымдарымен танысып, салт-дәстүрлерді дәріптеудің маңыздылығын сезінді. «Ұлттық киім күні» аясында кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысқан сән көрсетілімі ұйымдастырылып, ұлттық киім үлгілері арқылы тарих пен мәдениетке деген құрметті арттырды. «Төр Алтайдың әдеби әлемі» клубы тыңдарманға әдеби-музыкалық бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Кітапхананың белсенді жұмысы сәуір айында да жалғасты. «Есірткісіз болашақ» психологиялық тренингі жастардың санасын тазалап, денсаулыққа және өмірге жауапкершілікпен қарауға бағытталды. Ұлттық мәдениетті дәріптеуге арналған шараларда, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған республикалық онлайн форум өткізіліп, көрермендер композитордың шығармашылығын кеңінен таныды.
Сонымен қатар «Мемлекеттік тіл мәртебесі және жастар» атты дөңгелек үстел жастардың тілге деген құрметін арттыруға, ой-санасын кеңейтуге бағытталды. Фарида Сарышевамен кездесу кеші ұстаздық пен жазушылық тәжірибенің құндылығын жеткізсе, «Есенгелді би тарихы мен шежіресі» кітабының тұсаукесері оқырмандарды тарихи танымға баулыды. «Еңбек адамы – ел мақтанышы» атты іс-шара арқылы жас ұрпаққа еңбекке деген құрмет пен қоғамдағы еңбектің рөлі түсіндірілді.
Әдеби кештер мен ғылыми бағыттағы кездесулер де назардан тыс қалмады. «Ұлттық кітап күні» аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы, әдебиеттанушы Нұрдәулет Ақышпен әдеби кездесу қала тұрғындары үшін тосын сый болды. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ұстаз, өлкетанушы, ұстаз Алпамыс Тоқсанбайдың автобус жүргізушілеріне арналған кітабының таныстырылымы өтті. Сондай-ақ Евней Бөкетовтің 100 жылдығына арналған онлайн кездесу оқырманға Бөкетовті жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.
Кітапхананың ұйымдастыруымен өткізілген «Ерлікке тағзым» патриоттық ерлік сабағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жас ұрпақ арасындағы ұлттық сананы тереңдетуге, батырлық пен ерліктің маңызын насихаттауға бағытталды.
Қазақ әдебиетін оқытудағы дара педагог Қанипа Бітібаеваның еске алу кеші Хан апаның ерен еңбегін, өнегелі өмірін арқау етті. Өзбек ақыны Чори Авазға арналған әдеби-танымдық кеш арқылы шет тілдегі әдебиетке қызығушылықты арттыруға мүмкіндік берілді. Ақын, журналист, айтыс сахнасының шебері Хасен Закариямен шығармашылық кездесу және жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидахмет Әшімханұлын еске алуға арналған «Әкем айтқан бір сөз» кеші ұрпаққа өткен мен қазіргі арасындағы сабақтастықты сезінуге мүмкіндік берді. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Раисова Бақытжанның «Бақыт әкелетін ертегілер» кітабы таныстырылымы ақын апайымзды жаңа қырынан танытты.
Абайтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Асан Қайырбекұлымен онлайн кездесу, Алаш зиялысы, ақын, прозашы, аудармашы, ұлт перзенті Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы аясындағы әдеби пікірталас алаңы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайып Оразбаевпен өткен кездесу кітапхананың ұлттық әдеби мұраға деген құрметін көрсетті. Жазушы, мемлекет қайраткері Сәдібек Түгелмен кездесу, карикатурашы, ҚР Мәдениет қайраткері Нұразхан Ыбрайымұлының «Қаһарман Қасым» кітабының тұсаукесері, ақын Сағдолдин Сайлауханның «Жыр дауылпазы» өлеңдер жинағы таныстырылымы, ақын Әрімбек Мәселұлының «Тарбағатай – Барқытбел, тұғыры биік – туған ел» атты кітабының тұсаукесері» кітапхананың мәдениет пен әдебиет саласындағы құндылықтарды дәріптеу миссиясын айқындады.
Конституция күніне арналған «Конституция – әділет пен парасат жолы» дөңгелек үстелі, «Еңбек адамы- ел мақтанышы» виртуалды фотокөрмесі және «Тіл – татулық белгісі» дөңгелек үстелі оқырманға ұлттық бірлік пен тілдің маңызын сезіндіруге бағытталды. Шоқан Уәлихановтың құрметіне арналған «Шоқан мұрасы – дәуір шежіресі» онлайн сұхбаты, ғалым Жылқыбаева Мағрипа Шөжеғұлқызының «Алтын адам аманатын арқалаған ғалым» дөңгелек үстелі ұлттық мәдениет пен білімнің сабақтастығын, ұрпаққа аманат ретінде жеткізудің маңызын көрсетті.
Осылайша, А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана ұрпаққа білім мен рухани азық беретін, мәдениет пен әдебиет арқылы қоғамға үлес қосатын, болашаққа жол ашатын шынайы киелі орын ретінде өзінің миссиясын адал атқарып келеді.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер