Бұл туралы аудан тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның сөзінше, ауданның 2029 жылға дейінгі даму жоспары бойынша 127,3 млрд теңге жеке инвестициялар тарту жоспарланған.
- Жеке инвестициялар есебінен өткен жылы Рулиха ауылында 480 бас ірі қараға арналған сүт-тауарлы ферма кеңейтілді. Сондай-ақ 154 орындық «Балу» балалар ойын-сауық орталығы салынды және шұжық цехі ашылды. Ал биыл аудан орталығында «Сивер плюс» кәсіпорны 380 млн теңгеге сүт өңдеу өндірісін іске қосса, ұн тарту-құрама жем комбинаты өндірісті ұлғайтты, - деді аймақ басшысы.
Ауданда мал шаруашылығы да дамып келеді. Бүгінде 20 мың бас ірі қара, 12 мың бас қой мен ешкі, 3 мың жылқы бар.
- Осы жылдың 10 айында шаруашылықтар 3 мың тонна ет өндірді. Жалпы аудан аумағында 10 сүт-тауарлы ферма және 1,9 мың басқа арналған 2 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі аудан басшысына Ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жаңа жобалары бойынша, оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Пікірлер