A+ A A-

talgatzhan 34 Бүгін, 19:00 0

“Ауылдағы оқиғаның” куәсі болған өскемендіктер күлкіге қарқ болды

ШҚО / Бүгін

Бүгін облыстық Драма және оперетта театрында қала жұрты мен қонақтары “Ауылдағы оқиға” тұсаукесерінің куәсі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әдетте екінші қабаттағы үлкен залда бас қосатын жұрт бұл жолы төртінші қабатына көтерілді. Сондағы кіші зал премьера өтетін орын деп таңдалып, билеті барлар бірінен соң бірі кіріп жатты. Басталатын уақыты 15:00-ге деп бекітілген еді, бес минутты қоспағанда, көп күттірмей бөгеуін ағытты. Әуелгі диалогтардан-ақ қойылым көпшілікті күрделі философияға негізделген астармен емес, әзілге қарқ қылары белгілі болды. Ауылдағы қарбалас шақ. Қарапайым отбасының күнделікті күйбең тірлігі. Айта кетейік, бүгін қойылған спектакль орыс драматургі Степан Лобозеровтің “Семейный ужин с посторонним” атты пьесасы негізінде қойылды. Режиссер Абай Дәулетұлы бастаған ұжым осыны қазақы болмысқа икемдеп, тарбағатайлық Әлімбек Оразбеков мәтінді қазақ тіліне аударды.

Шығарма желісінде ауыл атмосферасы қаз-қалпы беріледі. Сахна декорациясы да көп нәрсені аңғартты. Адамдардың риясыз қарым-қатынасы, ауыл жұртының аңқылдақ көңілі мен жоқ жерден шығатын даурықпа әңгімелер әр көрерменге соншалық түсінікті, соншалық қызық болғаны байқалды. Комедия көтерген тақырып - туыстық байланыс, адамгершілік һәм отбасы құндылығы.

- Мұның астарында ешқандай терең ой, қандай да бір философия жоқ. Көрермен емін-еркін тамашалап, демалып қайтсын дедік. Дайындыққа шамамен бір ай кетті. Бас-аяғы алты кейіпкер ойнап шықты. Әу баста осы құрамды бекіттік, тек болмашы өзгеріс болды. Спектакльдегі әзілдерді, диалогты ауылдағы ата-әжелерімізге жақын, өтімді болсын деп өзгерттік. Негізі премьера актерлік шеберліктен құралды, мен тек бағыттап отырдым, - деді Абай Дәулетұлы.

Қысқасы, Жастар театры желтоқсан басында жерлестерін бір серпілтті. Көпшілік те тоқтаусыз езу тартып, соңында ду қол шапалақ ұрды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив