Кеше Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Ұлан ауданынан келген өнерпаздардың концерті ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Концертке дейін филармония фойесінде ауқымды көрме ашылып, Ұлан ауданының қолөнершілері дайындаған ұлттық нақыштағы туындылар көпшілікке ұсынылды. Экспозицияда ауданның өнімдері, шеберлер жұмыстары, «5 жыл — бір мақсат: Шығыс салбурыны» атты фотокөрме және “Багратион” бренді өндірген өнімдер қойылды. Сонымен қатар қымыз, киізден жасалған картиналар, ұлттық киімдер, әшекей бұйымдар мен сырмақтар да көрермен назарына ұсынылды. Саратовка ауылындағы көпсалалы колледж туралы ақпараттық карта да қойылған.
Ұлан аудандық шығармашылық үйінің ұстазы Бисалан Мұхаммед ұлттық дәстүрді ұлықтап жүргенін атап өтті.
– Мен негізінен көркем еңбек пәнінің мұғалімімін. Тоғыз жыл еңбек еттім. Қазақтың көнеден келе жатқан құндылықтарын — ою-өрнек салу, жүн сабау, киіз басу, алаша тоқу өнерін жаңғыртып келемін. Оны өзім де жасаймын, оқушыларға да үйретемін, – деді ол.
Ал концерт шымылдығы “Рух қанаты” атты композициялық бимен ашылды. Сахнаға ауданның бүркітшілері құстарымен бірге шығып, көрерменге ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар Абайдың 180 жылдығына арналған “Абай тағылымы” театрландырылған көрінісі ұсынылды.
Кеш қонақтары — ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Естай Мұқашев, белгілі әншілер Руфат Маратұлы мен Нұргүл Мыңғатова көрерменге өз өнерлерін паш етті.
– Ұландықтарды мәдени күндермен шын жүректен құттықтаймын! Шығыстың қызы ретінде әрдайым қолдауға дайынмын. Бұл іс-шара жас өнерпаздарға шабыт береді. Жұлдыздарыңыз жарқырай берсін, жеңістеріңіз көп болсын, – деді Нұргүл Мыңғатова.
Пікірлер