Бүгін 1 маусым Халықаралық балалар күніне орай Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында аймақ намысын қорғап, республикалық және халықаралық сайыстарда жүлделі орын алған оқушылармен кездесу өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов оларды құттықтап, үнемі қатарының алды болуға тілек білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жастарды қолдауды мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі ретінде қарастырады. Сондықтан біздің ортақ мақсатымыз – әр балаға жан-жақты дамуға, сапалы білім алуға және өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік жасау, – деді ол.
Марапаттаудан кейін мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Гала-концертте облыс аудандары мен қалаларынан келген талантты би ұжымдары мен вокалдық ансамбльдер өнер көрсетті. Аймақ әкімі оқушыларға оқу, ғылым, спорт және шығармашылықтағы жетістіктері үшін алғыс білдірді.
– Биыл облыс оқушылары жеңіп алған 171 медаль – үлкен мақтаныш. Бірақ одан да маңыздысы – ел болашағын қалыптастыратын бастамашыл, талантты әрі мақсатшыл жас буынның өсіп келе жатқаны, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, биыл жас шығысқазақстандықтар республикалық және халықаралық олимпиадалар мен байқауларда 171 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 37 алтын, 46 күміс және 88 қола медаль бар. Оқушыларға қаржылай сертификаттар мен “Дарын” лагеріне жолдама табысталды.
Пікірлер