Жалпы, лагерь басталғалы аталған жұмысқа 1 230 тәрбиеші мен тәлімгер, 1 224 қосымша білім беру педагогі және 250 медицина қызметкері, сондай-ақ колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатарынан құрылған педагогикалық жасақтар қатысады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жуықта Өңірлік коммуникациялар алаңында брифинг өтіп, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбекқызы оқушылардың жазғы каникулы туралы ақпаратпен бөлісті. Мәлім болғандай, оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру және демалысын өткізу жұмыстарына 2454 педагог қызметкер тартылады.
– Оның ішінде 1 230 тәрбиеші мен тәлімгер, 1 224 қосымша білім беру педагогі және 250 медицина қызметкері, сондай-ақ колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатарынан құрылған педагогикалық жасақтар қатысады. Сауықтырумен, демалыспен және жұмыспен қамтумен мектеп оқушыларының 99,9%-ын (93 754) қамту жоспарлануда, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың 100%-ы (8 525) қамтылады, – деді Алима Ақылбекқызы.
1 маусым Балалар күніне орай да бірқатар іс-шара жоспарланған. Мәселен, өңірден 5 оқушы Ақордаға барады. Ал “Бала үні” блогы аясында 1 маусым күні облыс әкімінің халықаралық және республикалық олимпиадалардың, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстардың жеңімпазы атанған дарынды оқушылармен кездесуі өтеді.
– Іс-шараға 150 оқушы қатысады. Сонымен қатар халықаралық және республикалық байқаулар жеңімпаздарының жетістіктері мен шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, облыстың барлық қала және аудандарында дарынды оқушылардың депутаттармен және қоғам қайраткерлерімен кездесулері өтеді. “Бақытты балалық үшін” блогы аясында 1 маусым күні облыс орталығында «Ертіс концерт» концерт залында «SHYGYS BALAFEST» облыстық балалар шығармашылығы фестивалінің гала-концерті өтеді, – деді басқарма өкілі.
Сөзінше, фестивальдің негізгі мақсаты – балалар шығармашылығын қолдап, дамыту, сондай-ақ өнер саласындағы талантты балаларды анықтау. Фестивальге 8 бен 16 жас аралығындағы 400-ге жуық бала қатысады.
Шұғыла ЗАУЫРБЕКОВА
Фото: kp.kz
Пікірлер