
Өскемен гарнизонындағы 27943 әскери бөлімі 1993 жылы құрылды. Ал 2019 жылы бөлімге Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің есімі берілген. Бүгінгі күні онда күзгі шақырылымның алғашқы сарбаздары келіп жатыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жастар Отан алдындағы борышын өтеуді басты парызы санайды. Жалпы бұл бөлім күзгі маусымда 400-ге жуық бозбаланы әскер қатарына алуды жоспарлап отыр. Сарбаздардың саптағы міндеті мен казармадағы өмірімен жақын танысу үшін гарнизонда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнайы пресс-тур ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бөлім бірнеше ғимаратқа бөлінген
Әскери бөлім бірнеше ғимаратқа бөлінген. Мұнда темірдей тәртіп пен қатаң бақылау - басты назарда. Барлығы бекітілген күн тәртібі бойынша өтеді. Взвод аға сержанты Ернар Ерікұлының айтуынша, әскер сапындағы әр сарбаздың алғашқы міндетінің бірі - қолға қару алып үйрену. Оны шашып-жинау да санаулы секунд ішінде жүзеге асырылады.
- Әр жас жауынгерді қарумен жұмыс істеуге үйретіп, спортқа баулимыз. Батальонда портативті зениттік зымыран жүйесі, автомат және Калашников пулеметі сынды қару түрлері бар. Сарбаздар жарты жыл ішінде қарумен атуды толық үйреніп шыға алады, барлығы өз талпынысы мен қабілетіне байланысты, - дейді ол.
Осылайша Отан алдында борышын өтеушілер күн сайын теориялық білім алып, практика жүзінде атудың қыр-сырын меңгереді.
Әскери бөлім аумағында жеке құрамалардың тұруына, оқып-жаттығуына және қызмет етуіне арналған арнайы казармалар бар. Әскерге енді келген бозбалалар да ант қабылдаған уақытқа дейін осында тұрады. Мұнда олар әскери тәртіпке үйреніп, ережелермен танысады. Әр өңірден келген жастар бір-бірімен танысып, ұқыпты түрде жаға тігу мен төсек жинауға дағдыланады. Бір сөзбен айтқанда, базалық әскери білім алады. Сарбаздардың арасында бір апта бұрын, тіпті күні кеше ғана қатарға қосылғандары да кездесті.
- Әскерге бір апта бұрын келдім. Қазір ант қабылдауға дайындалып жатырмыз. Күнделікті таңертең 06:00-да тұрып, 22:00-ге ұйықтаймыз. Азаматтық өмірде де осы уақытта жұмысқа тұратынмын, сондықтан еш қиындығы сезіліп жатқан жоқ, - деді Шымкент қаласынан келген Диас Кемаль.
Ал өскемендік 22 жастағы Ерназ Жанабаев бұған дейін турменеджер болып жұмыс істеген. Айтуынша, әскерге келгелі өмір салты күрт өзгерді.
- Сержанттардың көмегімен барлығына үйренісу үстіндеміз. Мұндағы өмір мүлде бөлек. Бұрын аса мән бермейтін заттарды қазір көріп, түсініп жатырмын. Мысалы, қарапайым жаға тігуге әскерге келгенде машықтандым. Автомат шашып-жинауды да меңгердік. Әскери борышты әр ер азамат өтеуі тиіс деп санаймын, - дейді ол.
Сарбаздардың әр секунды есептеулі. Себебі күн тәртібі тығыз әрі түрлі тапсырмаларға толы. Ал жақындарына көңіл бөліп, қоңырау шалуға мүмкіндік демалыс күндері беріледі екен. Әрбіреуінің ұялы телефоны рота командирінің сейфінде сақталады. Егер сарбаздың жақындарының туған күні немесе мереке болса, бекітілген кестеден тыс хабарласуға болады. Кейде хат жазатын жағдайлар да кездеседі екен. Ал әскери ант қабылдағанша жас курсанттар туғандарымен күн сайын хабарда болады. Мысалы, Алматы облысынан келген Нұршат Асқарбай өз туған күнінде ата-анасымен видеобайланысқа шығып, қал-жағдай сұрасты.
- Әскерге келгеніме 1 апта болды. Кешкі уақытта 10-15 минут туғандарымызға телефон шала аламыз. Ал бүгін 19 жасқа толып жатырмын. Осыған орай үйдегі жақындарыммен сөйлесуге мүмкіндік туды, - деді жас сарбаз.
Әр сарбазбен әңгімелеседі
Шекара сапында Отан алдындағы борышты өтеу - абыройлы міндет. Ол үшін тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да төзімді болу маңызды. Осы мақсатта әскери бөлімде психолог мамандар мен қызметкерлер жан-жақты жұмыс істейді. Әр сарбазбен екі күнде бір мәрте әңгіме жүргізіледі. Басты мақсат - қатардағы жауынгердің моральдық-психологиялық жағдайымен танысу, арыз-шағымы болған жағдайда тексеріс жүргізу, денсаулығы туралы білу. Барлық дерек арнайы журналға тіркеледі. 1-ші жас сарбаздар ротасының офицер психологы Нұрдәулет Оралбектің сөзінше, бозбалалар көбіне отбасы мен жеке мәселелері туралы бөліседі.
- Әр сарбаздан тұрақты түрде психологиялық тест алынып, эмоционалдық жағдайы туралы нәтиже шығарылады. Төмен көрсеткіш анықталса, шұғыл түрде әңгіме жүргізіп, кеңес береміз. Қатарға алғаш келген курсантпен бірден танысу іс-шаралары ұйымдастырылады. Ол үшін психологиялық зерделеу, бақылау әдістерін қолданамыз, - деп түсіндірді ол.
Бір жылға созылған әскери өмірде сарбаздар тек берілген нормативтерді орындап қана қоймай, бос уақытында өзінің жеке қызығушылығымен де айналысады. Мәселен, әскерде қызмет етіп жүргеніне алты ай толған Мадияр Жұмағалиев бұрын мобилограф болып жұмыс істеген. Айтуынша, сарбаздардың өмірін таспалау оның тағы бір хоббиіне айналды.
- Әкем - әскери адам. Сол кісіден үлгі алып, Отан қорғауға өз еркіммен келдім. Осында жүріп, көп дүниені үйрендік. Жаңа достар тауып, физикалық тұрғыдан барынша шындалдық. Әскерде өзіңді жан-жақты дамытуға болады. Азаматтық өмірде мен мобилографиямен айналысқанмын. Мұнда да түрлі іс-шараларды түсіріп, контент жасаймыз. Әлеуметтік желі арқылы ата-аналар өз балаларын көріп, қуанып жатады, - дейді ол.
Бүгінде әскер қатарында алыс-жақын аймақтардан келген түрлі ұлт өкілдері Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Ал Абдулла Салих Сами Эль-Том Мухаммад ибн Ахмад Юсуфтің әкесі - араб, анасы - қазақ. Дегенмен, қазақ тілінде еркін сөйлеп, барлығымен тез тіл табысып кеткен.
- Өзім Алматы қаласының тумасымын. Кейін отбасымызбен Сауд Арабиясына көштік. Онда араб, ағылшын тілдерінде оқыдым. 2 сыныпты бітірген соң қайтадан Қазақстанға оралдық. Қазақ тілін кішкентайымнан үйреніп бастадым. Ал әскерге келгеніме 7 ай болды. Әскери борышымды Өскеменде өтеп жатқаныма өкінбеймін. Бұл қала өзіме ұнайды, мамандығым суретші болғаннан кейін бе, оның архитектурасы ерекше көрінеді, - деді сарбаз.
Үш мезгіл тамақтанады
Сарбаздардың денсаулығы мен тамақтану рационына келсек, мұнда үш мезгіл тамақ беріледі. Таңғы асқа жарма немесе ботқа ұсынылады. Түскі асқа көкөністен жасалған салат, бірінші мен екінші тағам, алма, апельсин, банан сынды жеміс түрлері бар. Кешкі асқа да тойымды әрі нәрлі тамақ беріледі. Күнделікті ас мәзірі ағзаға қажет ақуыздар, майлар, көмірсулар мен дәрумендердің нақты мөлшерін қамтиды. Барлығы нормаға сай. Сарбаздар аспаздардың дайындаған тағамдары үйдегідей дейді. Тіпті алма, томат шырыны да бар.
Жас әскерилердің тыныс-тіршілігімен танысқан соң тілшілер қауымы оқу-жаттығу алаңын да өз көздерімен көрді. Мұнда бірнеше кедергіден өту арқылы өзіңді сынап көруге болады. Алдымен АК-74 қаруын шашып-жинау керек. Кейін 75 метр қашықтықта жүгіріп, салмағы 16 келі болатын оқ-дәрі жәшігін 20 рет көтереді. Тағы 10 метрден соң екі жаралы адамға тасымалдау тәсілімен көмек көрсетеді. Окоптан, дөңгелекті кедергілер мен инелі қоршаудан өту қажет. Соңында 16 келі тартатын қару-жарақты көтеріп, мәре сызығына жетеді. Мұның барлығын сарбаздар белгіленген уақыт ішінде жасауы керек. Неғұрлым шымыр әрі шапшаң болсаң, соғұрлым жақсы көрсеткішке жетуге болады. Сондай-ақ әскери полигонда ату алаңы мен барлау ротасының қысқы және жазғы жатағы ұйымдастырылған. Ол жерде де сарбаздар тактикалық әдістерді игеріп, дәлдеп оқу атуды үйренеді.
Бір сөзбен айтқанда, әскери өмір талапқа толы болса да, шыдамдылық пен шымырлықты арттырады. Патриоттық рух пен отансүйгіштік сезім де дәл осы жерде артады. Пресс-турдың соңында 27943 әскери бөлімінің командирі, полковник Азамат Абикенов бүгінгі қазақстандық әскер жаңалықтарға толы дейді.
- Қазір жаңа қару жарақ түрлері алынуда. Оның ішінде ұшқышсыз басқарылатын дрон бар. Онымен жұмыс істеу үшін сарбаздардың арасынан операторларды оқытып жатырмыз. Әр бөлімшеде дрон бағдарламасын басқаратын 2 оператор болады. Айта кетейік, биыл күзгі шақырылым 17 қарашада аяқталады. Ал 30 қараша күні курсанттар әскери ант қабылдайды, - деп қорытындылады ол.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер