Дропперлік үшін қылмыстық жауаптылық енгізілген уақыттан бастап Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша 700-ден астам қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Дропперлер интернет-алаяқтықтың негізгі буыны, өйткені олар ұрланған қаражатты шығару мен заңдастыруға жағдай жасайды: соңғы бес айдың өзінде олардың көмегімен алаяқтар азаматтардан жымқырылған шамамен 400 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған.
Дропперлік үшін қылмыстық жауаптылық енгізілген уақыттан бастап (16.09.2025 ж. бастап) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы бойынша 700-ден астам қылмыстық іс тіркелді.
- Аталған бап бойынша банк шоттарын заңсыз бергені немесе басқа тұлғалардың мүддесі үшін ақша аударымдарын жасағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Осы уақыт ішінде 216 дроппер жауаптылыққа тартылып, оның 202-сі сот үкімімен сотталды. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында сот 19 жастағы 7 колледж студентін 3 жылға бас бостандығынан шектеді. Олар банк шоттарын ашып, қолжетімділікті алаяқтарға берген, - делінген хабарламада.
Осы шоттар арқылы азаматтардан, оның ішінде зейнеткерлерден де жымқырылған 4 миллион теңгеден астам ақша өткен.
Енді олар сот белгілеген шектеулерді сақтауға, мәжбүрлі еңбекке тартылуға және пробация қызметінің есебінде тұруға міндетті.
Егер бұл талаптар орындалмаса, жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылып, олар түзеу мекемесіне жіберіледі.
Қылмыстық жауаптылықтан бөлек, дропперлерге банк тарапынан шектеулер қою, шоттарды бұғаттау және өзге де қаржылық ықпалету шаралары қолданылады.
Осындай тәуекелдер «Астана» халықаралық қаржы орталығында лицензиясы жоқ криптобиржаларда цифрлық активтермен сауда жасау кезінде де туындайды.
Негізінде, осындай алаңдар арқылы алаяқтар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырады.
Пікірлер