Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіндегі Педагогика жоғары мектебінің, Бизнес және құқық жоғары мектебінің, Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің және IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің түлектері үлкен өмірге жолдама алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл бакалавриат бағдарламасы бойынша 2143 студент оқуын сәтті аяқтап, жоғары білім туралы дипломға ие болды. Оның 166-сы оқуын үздік тәмамдап, үздік диплом иегері атанды.
Білім ордасының ректоры Мұхтар Төлегеннің сөзінше, бұл - университет үшін үлкен мақтаныш.
- Біздің түлектердің қатарында өз саласының майталманы болуға ұмтылған, ғылым мен өндірістің дамуына үлес қосар жастар аз емес. Әсіресе бүгінгі таңда аса қажетті орман шаруашылығы, ара шаруашылығы және жаратылыстану бағытындағы мамандарымыздың жарқын белестерді бағындыратынына сенімім мол. «Көп оқыған – көп біледі, көп білген – көп түйеді» деп дана халқымыз айтқандай, студенттік жылдарда түйген білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз алдағы уақытта кәсіби биіктерді бағындыруға баспалдақ болсын. Технология мен ғылымды, ұлттық болмыс пен заманауи серпінді ұштастыра білу - бүгінгі заманның талабы әрі сіздердің басты міндеттеріңіз, - деді Мұхтар Әділбекұлы.
Бүгінде С.Аманжолов атындағы ШҚУ – өңірдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет білім беру, ғылым және инновацияны үйлестіре отырып, еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда. Заманауи оқу инфрақұрылымы, ғылыми зертханалар, халықаралық серіктестік және тәжірибеге бағытталған білім беру жүйесі студенттердің кәсіби әлеуетін жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, университет сұранысқа ие 112 білім беру бағдаламасы бойынша мамандар даярлайды.
Пікірлер