Бүгін Есенберлин даңғылындағы жаңадан салынған көпқабатты үй ауласында әр санаттағы тұрғындарға жаңа пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Салтанатты іс-шараға өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов, шаһар басшысы Алмат Ақышов пен «Отбасы банк» өкілдері қатысты. Аймақ басшысының айтуынша, қазір өңірде 119 көпқабатты үй салынып жатыр.
– «Өз үйім – өлең төсегім» деп қазақ халқы текке айтпаған. Өйткені, шын мәнінде өзіңнің жеке баспанаң болмаса өміріңнің жақсы болуы екіталай. Көңілің де жайланбай, балаларымның болашағы қалай болар екен деп уайымдайсың. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың әл-ауқатын көтерудің басты мәселесі – тұрғындарды баспанамен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін көрсетіп берді. Қазір ол тапсырмалар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның аясында облыста 119 көпқабатты үй салынуда, яғни жыл сайын 3000-нан астам пәтер берілетін болады. Оның ішінде кредиттік үйлер, мемлекеттік қолдауды қажет ететін жанұяларға пәтерлер беріліп отырады, – деді облыс әкімі.
Тұрғын үймен қамтамасыз етуде «Отбасы банктің» де үлесі зор. Бүгін тұрғындарды құттықтап, жылы лебізін білдіруге аталған банк төрағасының орынбасары Нұрлан Ақжанов та келді.
– Құрметті, шығысқазақстандықтар! Көптен күткен қоныс тойларыңыз құтты болсын. Осы үйдегі жеңістеріңіз Мұзтаудай биік, бақытыңыз Катонқарағайдың балындай тәтті болсын. Кезекте жылдап тұрып, үй алып жатқан отбасыларды көріп қуанып жатырмын. Республика бойынша Өскемен жақсы көрсеткіштер көрсетуде. Бұл тек бастамасы деп ойлаймын. Дами беріңіздер, – деді ол.
Баспанаға қол жеткізіп, бөркін аспанға атып жатқандардың қуанышында шек жоқ.
– Қызым 2012 жылдан бері кезекте тұрған. Биыл 14 жыл болды. Мен оның анасы әрі қамқоршысымын. Міне, баспана алып, басымыз бүтінделіп, қуанып жатырмыз. 3 бөлмелі пәтерге ие болдық, толық жөндеу жүргізілген. Енді тек заттарымызды алып кіру ғана қалды. Баспаналы болу бәрінің арманы деп ойлаймын. Ал ерекше жандар үшін бұл – тұрақтылық, болашаққа деген сенім, қауіпсіздік. Облыс, қала басшылығына және «Отбасы банк» қызметкерлеріне алғысым шексіз, – деді қала тұрғыны Алмагүл Теміржанова.
Облыс әкімі Нұрымбет Аманұлының сөзінше, жыл біткенше ата-ана қаморлығынсыз қалған жастарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 152 пәтер беріледі.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер