A+ A A-

talgatzhan 47 Бүгін, 16:40 0

Катонқарағайлық Ластай Жамауұлы соғыс жылдары Сталинге ақша жіберген

Бүгін / Катонқарағай / ШҚО / Басты

Алапат майдан бейбіт жатқан жұрттың уығын шайқап, шаңырағын ортасына түсірген шақта «бұл нәубет қашан аяқталады енді?» дескендер екінің бірі болған. Басқыншылар баса көктеп кіргенде қару ұстауға қауқары жоқ, яки әралуан себеппен соғысқа алынбағандар жеңісті жақындатудың түрлі жолын іздеді. Тылдағы тынымсыз жұмыс, әлдебір қару, құрылғы, көлік түрін ойлап табу секілді кесек-кесек қадамдар жасалды. Жуықта Катонқарағайдың тумасы қан майдан жылдары Сталинге ақша аударып жіберген деген мәліметті естідік. Ластай Жамауұлы 1943 жылдың наурызында КСРО көсеміне Қабырға ауылынан хат жолдап, көп ұзамай жауап келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Архивтен табылған ақпарат 

Тілші қауымы әдетте ел-жұрттан естіген ерекше оқиғасын, әлдебір ұшырасқан мәліметін бара-бара толықтырып, біртұтас дүние шығаруға тырысады. Бірақ кейде тақырып журналисті іздейтін кездер болады. Орайы оңынан келіп Әмір Ластаевпен жолықтық. Сталинмен хат алмасқан қазақтың немересі қолындағы құнды құжатты көрсетіп, бойдағы азды-кем толқынысын жасырмады. Тақырып мұнымен ғана шектелген жоқ. Кездесу барысында «Алтайдың кербұғысы» атанған Оралхан Бөкей туралы қызық оқиғалар айтып, Қабырға мен Шыңғыстайдағы шым-шытырық жайттармен бөлісті. Әңгіме әлқисасы атасынан басталып, соғыс жылдарына ойыстық алдымен.
– Ол кісі қаражат жинап, «жеңіске қосқан үлесіміз болсын» деп Сталинге жібереді. Кейінірек одан жауап келіп, ол разылығын білдіретінін жазыпты. Бірақ бұл талай жылдан бері архивте жатқан еді. Жақында ғана шықты. Ғаламтордан іздеп, хатты тауып, қатты қуанғаным бар. Атамның сегіз баласы болды: төрт ұл, төрт қыз. Тұңғышы – Зияфат. Ылғи әкемнің жанында жүріп, 14 жасында Құранды жатқа біліп, кейін молда атанды. Етік те тікті, шана да жасады. Екінші ұлы соғысқа кетіп, Берлинге дейін жетті. Майдан шебінен 1946 жылы оралып, Шыңғыстай орта мектебінде жұмыс істеді. Директор да болды. Ал менің әкем Сейітзада Ластаев 4 сыныпты тәмамдағанда соғыс басталған, – деді Әмір Ластаев.

 Әмір Ластаев

Бізге көз жүгірткенше көлемі белгісіз болған хаттың мазмұны қызық еді. Архив деректеріндегі әріптер кейде бұлыңғыр, суреттері буалдыр тартатын. Бірақ жерлесіміз жіберген ақпарат тайға таңба басқандай анық көрінді.
– Біз, Катонқарағай ауданына қарасты Қабырға ауылының мұсылмандары, жауыз фашистерге күйрете соққы беретін Қызыл әскерімізге қолұшын беруге ниеттіміз. Өз қалтамыздан 2040 рубль жинап, танк колоннасы құрылысына деп мемлекеттік банк қорына салдық. Азын-аулақ жарнамыз неміс фашистерін Отанымыздың шекарасынан түре қуып тастауға қосқан үлесіміз болсын, – делінген Кабырға ауылы халқының атынан жазған Ластай Жамауұлының хатында.
Әуелде ұсынылған ақпарат осы. Анығы сол, жас күнінде революциялық бағыттағы кітаптарды көп оқыған Сталин соғыс жоспарын бекіте жүріп, ауылдан ақша жіберген мұсылмандарға ұзатпай жауап берді.
– Танк колоннасына қаражат жинаған мұсылмандарға ыстық сәлемімді және Қызыл Әскерге алғыс білдіремін. И.Сталин, – делінген жауапта.

Сталиннің жауабы

Архивте осындай дерек сақталған. Соған көз жүгіртсек, КСРО көсемі өзіне 1943 жылдың 11-наурызында жеткен хатқа, сол наурыз айында үн қатты. Бірақ нақты күні көрсетілмеген.

Шашты түсірген шарт

 Әмір Ластаев осыған бір тоқталды да, енді әңгіме ауанын біртіндеп әкесіне қарай бұрды. Соғыс жылдары ол қатарлы колхозда жұмыс істеп, қысы-жазы шөп шапты. Ол кезде 11 жастағы жеткіншек. Катонқарағайда шабындық кезінде азаматтардың біркісідей тер төгетіні анық. Өр, таулы жерге техниканың жетуі екіталай, қайралған қол орақты оңды-солды сілтеп, қара жұмысқа әбден төселеді.
– Соғыс біткен соң әкем бесінші сыныпқа баруы керек болатын. Ол бармаймын деді. Өзім қатарлас оқушылармен бірге білім аламын деп бірден 8-сыныпқа қабылданды. Бірақ мұғалімдер оған бір шарт қойды: 5-7 сынып аралығындағы оқу бағдарламасын бір жылда қуып жетуі керек. Сонда әкем бір тәулікте қанша білім алып, тырыссам да уақыт жетпейтін деп айтатын. Түнде ұйықтауды ұмытты. Себебі, дизель арқылы тұтанатын жарық сағат 22:00-де сөніп қалады. Амалсыз түннің бір уағында пештің есігін ашып, соның жарығымен кітаптарды оқыды. Зорығып кеткен болуы керек, шашы түгелдей түсіп қалды, – деді жерлесіміз.
Сөйтіп жұрттың баласы сегіз сыныпты тәмамдап жатқанда, Сейітзада Ластаев бір жыл ішінде үш сыныптың бағдарламасын санасына сіңірді. Көз майын тауысып, қажыр-қайратын төккен жасөспірімге ұстаздар тиісті бағасын қойып, қатарластарына ілесіп, оқу бағдарламасына үлгерді деп сенім білдірді. Аттестаты сақтаулы. Ол 10-сыныпты бітіргенде 4-тен төртеу, қалғаны тегіс бес болды. Айтпақшы, оқушы кезінде мектепте шығып тұратын қабырға кезіне редактор болғанын айта кеткен орынды. Кеткен жылдар есесін қайтарамын деп денсаулығына көп жүктеме түсірген Сейітзада Ластаев ақыры Алматыға кетті. Алып шаһарда журналистика мамандығына түсуді ойлайды.

– КазГУ деп аталатын. Емтиханды ойдағыдай тапсырып, жоғары ұпай жинады. Обалы кәнеки, әкем оқуға түсе алмай қалды. Орын болмаған. Неге десеңіздер, соғыстан оралғандар мен мектепті «Алтын медальмен» аяқтағандарға көңіл бөлінді. Жабырқап, сағы сынғандай болды. Сонда жанындағы досы «сен мынадай бағамен ауылға қайтайын жүрсің бе?» деп, ақыры әкем қазақ тілі мен әдебиет мамандығына түсті, – деді Әмір Ластаев.
Оқуын үздік аяқтап шыққан соң сол институтта мұғалім болып қалуға ұсыныс түскен екен. Өзі есейген шағына дейін ата мен әженің тәрбиесін көрді. Әжесі «ауылға қайт» деген соң Катонқарағайға оралып, «Арай-Луч» аталатын аудандық газетке жұмысқа орналасты. 1957 жылы редакторы болып тағайындалған. Бұл басылым әлі шығып тұрады. Заман талабына сәйкес қамтитын тақырыбы өзгергенмен, мазмұнының мұрты бұзылмаған.
Арада уақыт өтіп, 1961 жылы аудан жабылды. Соған байланысты Зайсан ауданындағы «Достық» газетіне ауысты.

 
– Бір жыл сонда тұрдық. Сосын Большенарым ауданына оралып, бас редактордың орынбасары болып жұмысын жалғастырды. Ал 1971 жылы әкемнің туған ағасы Сейтқамза Ластаев Мәскеуге барып, КСРО министрлер кеңесінің бұрынғы төрағасы Алексей Косыгинмен кездесіп, аудан мәселесін көтерді. Осы жылы Катонқарағай қайта аудан болды. Ашылған кезде әкем «заворготдел» болып жұмысқа кірісті. Әр салаға мән беріп, шама-шарқынша еңбек етті. Бірақ сол жұмыста жүріп, журналистік жолын сағынды. Шағын мақала болсын газетке жазып жүрді. 1980 жылдары нақты шешімге келіп, газетке түпкілікті оралды. Зейнетке шыққанша, қолынан қаламын тастаған жоқ, – деді Әмір Сейітзадаұлы.

«Мұзтаудың мұзбалағымен» жүздесу

Мақала басында Сталинмен хат-хабар алмасқан Ластай Жамауұлынан кейіпкеріміздің әкесіне ойыстық. Осы аралықта қамтылған бірнеше факті бар. Бұған әлі тоқталамыз. Мәскеуге барып, аудан ахуалын көтерген Сейтқамза Ластаев туралы да ден қояр дерек көп. Шығармалары шет тілдеріне аударылып, есім-сойы республикадан асқан қаламгер Оралхан Бөкей туралы естеліктері де елең еткізбей қоймады.
– Әкем Большенарымда (қазір Үлкен Нарын) істеп жүргенде Оралхан Бөкей «Алтай» совхозында тракторист болатын. Бірде іссапармен Катонқарағай ауылына барғанда болашақ қаламгермен кездесіп, «Осылай трактор тізгіндеп жүре бермексің бе? Большенарымға кел, менің қолымда тұр» деп қолқа салады. Редакцияда хат жеткізуші болып істейсің деп жұмыс орнын да ойластырып қойған. Оралхан аға келіп, үш жыл біздің үйде тұрды. Біраз істеген соң мәтін теріп, жазуға ден қоя бастаған. Өзінің бір естелігінде әкемнің қып-қызыл шимай етіп түзегенін айтып, «менен түк шықпайды» дегені бар, – деді Әмір Ластаев.
Прозаға жасаған қадамы алғашында сәтсіз болғанымен, Сейітзада Ластаев өзінен 13 жас кіші өжет жігіттің жігерін жаныған көрінеді. «Еңсеңді түсірме» деп арқадан қағып, көп ұзамай аудандық газетте журналист болып еңбектенді.
Бұл шамамен 1966-шы жылдар. Әмір Ластаев ол кезде 5-6 жастағы бала. Фархад есімді ағасының Оралхан Бөкейдің алдында отырып түскен суреті бар екенін айтты.
– Ол кісі Большенарым ауданында Айман апаймен (жары) танысты. Тойы сонда өткен. Кейін Өскеменге көшіп келіп, облыстық «Коммунизм туы» газетіне жұмысқа тұрды. Өткір-өткір мақалалар жазып, қалам қуатын сезінген соң Алматыны бетке алды. Сонда оқуын аяқтап, әдебиет тереңіне бойлады.

Оралхан Бөкей Фархад Ластаевты алдына алып түскен сурет

Зайра есімді әпкем де 10 сыныпты аяқтаған соң сондағы мединститутқа түсті. Ол жатақханада тұрып жатқанда Оралхан ағам барып, әпкемді тауып алған. Сонда «мен сендердің үйлеріңде үш жыл тұрдым, сен неге жатақханада жүруің керек?» деп қоярда-қоймай өз үйіне әкеліп, тұрғызыпты, – деді кейіпкеріміз.
Тарих пен әдебиеттегі әңгімелерін рет-ретімен тізбелеп отырған жерлесіміз аздан соң «Мұзтаудың мұзбалағына» баланған жазушымен қарым-қатынасы, сыйластығы жөнінде асықпай айтып берді...

Әділхан ЕСІМХАНОВ
Жалғасы бар
Фотосуреттер: Әмір Ластаевтың жеке мұрағатынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив