Дүниежүзілік көлдер күні қарсаңында Асу-Бұлақ орман шаруашылығының қызметкерлері Шыбындыкөл көлінің жағалауында экологиялық сенбілік ұйымдастырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тазалық жұмыстарына орман шаруашылығының 20 қызметкері қатысты. Арнайы техниканың көмегімен жағалау аумағы тұрмыстық және өзге де қоқыстан тазартылды.
- Шыбындыкөл көлінің ұзындығы шамамен бір шақырым, ені 400-ден 600 метрге дейін, ал тереңдігі 7 метрге жетеді. Көл қылқан жапырақты ормандармен қоршалған. Мұнда балықтың сан алуан түрлері, су құстары және жануарлар дүниесінің өзге де өкілдері мекендейді. Шыбындыкөл аумағында экологиялық сенбіліктерді тұрақты түрде өткізу – Асу-Бұлақ орман шаруашылығының табиғатты қорғау жұмыстарының маңызды бөлігі, - деді ШҚО Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Данияр Қанатбаев.
Өңірде экологиялық акциялар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жалғасып жатыр. Олардың мақсаты - табиғи аумақтардың тазалығын қамтамасыз ету ғана емес, Шығыс Қазақстанның басты табиғи байлықтарының бірі саналатын су ресурстарына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Жалпы, облыста Қазақстанда барлығы 2 565 өзен, көл, канал және бұлақ бар. Оның ішінде 16-сы - ірі көл. Олардың қатарында Марқакөл, Зайсан және Сібе көлдері бар.
Пікірлер