Бүгін Самар ауылында Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектебінің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Самар ауылында 40 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет 150 орындық жаңа мектеп ғимараты бой көтерді. Білім беру нысаны облыстық бюджет қаражаты есебінен салынды. Жалпы аумағы шамамен 3,8 мың шаршы метрді құрайтын заманауи екі қабатты ғимарат балалардың жайлы білім алуына арналған.
Мектеп заманауи оқу кабинеттерімен, спорт залымен, кітапханамен және асханамен жабдықталған. Сонымен қатар логопед кабинеті, балаларға арналған шағын орталық және шағын футбол алаңы қарастырылған.
Жаңа оқу жылында Самар ауданында 172 бала бірінші сыныпқа қабылданды. Оның ішінде 14 оқушы Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектепте білім алады.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев, Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов, аудандық білім бөлімінің басшысы Руслана Закирьянова, педагогтер, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Балаларға арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, 4 сынып оқушылары бірінші сыныпқа келгендерге сыйлықтар табыстады. Кейін оқушылар алғашқы сабаққа қатысты. Сабақтың тақырыбы – «Қазақстан Республикасының Конституциясы: адал азаматты, зияткер ұлтты және жауапты қоғамды қалыптастырудың негізі».
Осылайша, жаңа ғимарат балалардың білім алып, жан-жақты дамуына және алғашқы жетістіктеріне қол жеткізуіне мүмкіндік беретін заманауи әрі жайлы білім беру кеңістігіне айналады.
Пікірлер