Қар барыстары өте сақ әрі жасырын тіршілік ететін жануар болғандықтан, табиғи ортада бір ұрғашы барысты үш бөлтірігімен ұзақ уақыт бойы бақылау – мамандар үшін ерекше құнды дерек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде фототұзаққа қар барыстарының сирек кездесетін көрінісі түсіп қалды. Камера бірнеше айдан бері бақылап жүрген аналық барыс пен оның үш бөлтірігін қайта түсірген. Бөлтіріктердің едәуір өсіп, жас барыстарға айналғаны байқалады.
Бұған дейін фототұзақтардың біріне ересек қар барысы түскен. Ол камераға жақындап, құрылғыны иіскеп көргеннен кейін оны басқа жаққа бұрып кеткен. Алайда маңайда орнатылған тағы бір камера барыстардың отбасын түсіріп үлгерген.
Бейнежазбада барыстың үш бөлтірігімен бірге таулы жерде жүргені көрінеді. Жас барыстар анасынан алысқа ұзамаған.
Бұл отбасы Катонқарағайдағы фототұзақтарға алғаш рет түсіп отырған жоқ. Шамамен тоғыз апта бұрын ұлттық парк осы барыстардың басқа бейнежазбасын жариялаған. Камераны тауда орманшы Жомарт Аманбаев қар барыстарын бақылау үшін орнатқан.
Ұлттық парк мамандарының айтуынша, фототұзақ ұрғашы барысты үш бөлтірігімен алғаш рет бірнеше ай бұрын тіркеген. Кейінгі кадрларда бөлтіріктердің айтарлықтай өсіп, анасынан еркін қозғала бастағаны байқалған.
Жаңа кадрлар үш бөлтіріктің одан әрі өскенін көрсетеді. Олар бұрынғыдан да ірі болғанымен, әлі де анасымен бірге жүр.
Қар барыстары өте сақ әрі жасырын тіршілік ететін жануар болғандықтан, табиғи ортада бір ұрғашы барысты үш бөлтірігімен ұзақ уақыт бойы бақылау – мамандар үшін ерекше құнды дерек.
Пікірлер