Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне бөлінетін мемлекеттік қаржы соңғы үш жылда 34,1%-ға өсті. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған жүйелі шешімдері саланы жетілдіруге мүмкіндік беріп отыр.
2025-2026 оқу жылында ТжКБ жүйесін мемлекеттік қаржыландыру көлемі 424,9 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 11%-ға артқан. Ал соңғы үш жылдағы өсім 108,2 млрд теңгені немесе 34,1%-ды құрады.
Сонымен қатар студенттер контингенті 542,7 мың адамнан 556,2 мың адамға дейін өсіп, 13,5 мың білім алушыға артқан.
- Мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі де ұлғайып келеді. 2023-2024 оқу жылында 344,9 мың орын болса, 2024-2025 оқу жылында 374,3 мың орынға, ал 2025-2026 оқу жылында 393,3 мың орынға жеткен. Үш жылдағы өсім 48,4 мың орынды немесе 14%-ды құрады, - деді еліміздің бас ұстазы Үкімет отырысында.
Түлектер саны да артқан. 2023-2024 оқу жылында 141,3 мың адам білімін аяқтаса, 2025-2026 оқу жылында бұл көрсеткіш 169,2 мың адамға дейін жетіп, 19,8%-ға өсті.
Атап айтқанда, жұмысшы біліктіліктері бойынша түлектер саны 47,5 мыңнан 60,1 мың адамға дейін, орта буын мамандары 88,2 мыңнан 103,2 мың адамға дейін артқан.
Сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіштері де жақсарған. Мамандығы бойынша жұмысқа орналасқандар саны 72 мыңнан 90,6 мың адамға дейін, ал жұмысқа орналасқан түлектердің жалпы саны 92,8 мыңнан 112,7 мың адамға дейін ұлғайған.
- Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді еңбек нарығының нақты сұранысына жауап беретін нәтижеге айналдыру. Осы мақсатта 2025-2027 жылдарға арналған ТжКБ жүйесін трансформациялау жол картасы іске асырылуда, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, жол картасының негізгі бағыттары – кадр даярлауды экономика сұранысына бейімдеу, бизнестің қатысуын кеңейту, білім беру мазмұнын жаңарту және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру.
Пікірлер